Қазақстан • 28 Сәуір, 2017

Жас ақындар жарқылы

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүріп жатқан «Астана көктемі» атты мерекелік онкүндігінің аясында республикалық студент ақындардың айтысы өтті. Оған еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын ең таңдаулы жас айтыскерлер қатысты.

Жас ақындар жарқылы

Сөз сайысына «Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілер одағының» басқарма төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай, белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәп­ұлы, ақын Қалқаман Сарин, кәсіп­кер Оралбек Ботбай қазылық жасады. Айтысты ұйымдастырып, жүр­гізген – айтыскер ақын, ЕҰУ қа­зақ әдебиеті кафедрасының до­центі Серікзат Дүйсенғазы. Ұй­ым­­­­дастыру жұмыстарын үйлес­­тірген университеттің Әлеу­ме­т­тік және азаматтық даму де­пар­та­менті екенін де айта кетсек дейміз.

Төрт сағатқа созылған жыр жарысындағы жүйріктердің аяқ алысы да әртүрлі болды. Кө­сіліп шапқандары да, тосылып жатқандары да кездесті. Дегенмен, елге енді көрініп келе жатқан жастардың қарым-қабілеті алысқа жетеріне осы айтыстың көшін отыз жылға жуық сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерман сенім білдірді.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық санамызды ояту мәселесі көтерілсе, соның бір жарқын мысалын біздің қанымызға сіңген айтысымыздан айқын аңғаруға болады. Айтысқа құмартатын, қазақ тілінің дәмін талғайтын балалардың қаулап өсіп келе жатқаны қуантады», деді ол.

Аламан айтыстың қоры­тындысы бойынша бас бәй­гені Қ.Жұбанов атындағы Ақтө­бе өңірлік мемлекеттік универ­си­тетінің студенті Әлихан Жақ­сы­лық жеңіп алды. Бірінші орын ЕҰУ-дің студенті Нұрғанат Қайратқа бұйырса, екінші орынды Қызылордадағы «Болашақ» университетінің студенті Бегжан Ержігіт пен Қазақ гуманитарлық заң университетінің магистранты Данияр Алдаберген өзара бөлісті. Ал жүлделі үшінші орынға Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аруна Керімбек пен Тәт­тімбет атындағы Өнер колледжінің студенті Нұрмұxамед Байсүгіров лайық деп танылды.

Бәйгеге қатысқан ақындардың бар­лы­ғына да Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20