Ол алғаш рет 1992 жылы Науырзым ауданында басталған болатын. Айтыс десе, делебесі қозатын көрермендер ақындарды баласынған жоқ, аудандық мәдениет үйінің аузы-мұрнынан шығып отырған еді. Бір қызығы, алғашқы айтыста қазылар алқасына төрағалық еткен белгілі сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин 25 жыл бойы осы міндетті сүйіспеншілікпен атқарып келеді. Ол Меңдіғарада өткен 25-ші айтыстың да қазылар алқасын басқарды.
− Алғашқы айтыста бас жүлдені алған Салтанат Өтелбаева 7-сыныпта оқитын, ол қазір облыстық, республикалық айтыстарға қатысып жүрген танымал ақын, мәдениет саласындағы білдей маман. Үшінші орынды 5-сыныпта оқитын Қыдырбек Қиысқан деген шынашақтай қара балаға беріп, қолына велосипед ұстатып едім. Енді сол Қыдырбек өзіммен бірге қазылар алқасында отыр, тамаша термеші, әнші, республикаға белгілі журналист. Онан да қызығын айтайын, «Жас тұлпар» айтысының бірінде үшінші орынды тілі мірдің оғындай қалақтай ғана қара балаға берген едік, енді сол Ерлан Қалмақов өткен жылдан бастап, облыстық мәдениет басқармасының тізгінін қолына алды. Өзі жақсы жазба ақын. 25-ші айтысқа Ерланның өзі келіп, мектеп оқушыларының айтысын дамытуға үлес қосқанымды айтып, облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Дауымова мен мәдениет басқармасының басшысы ретінде өзі қол қойған Алғыс хатты тапсырды. Айтыста қанатын ұштаған балалардың осылай өскеніне еңбегім далаға кетпеген екен деп, төбем көкке жеткендей болды, − деп ағынан жарылды Ғұмар Ғарифұлы.
− Айтысқа жатпай-тұрмай дайындалатынбыз, өзімізді кәдімгі ақын сезінетін едік. Мен сол айтыста Сәния деген қызға: «Ержетіп, аттың жалын тартқан кезде, Ауылыңа әдейі іздеп барып қайтам» дегенім есімде. Зал қол шапалақтап, дуылдап кетті, – деп есіне алады Қыдырбек Қиысқан.
Меңдіғарада өткен 25-ші айтысқа облыстың әр шалғайынан 16 оқушы қатысты. Тәуелсіздік алардан бұрын қазақтың саны 2 пайыз ғана деп есептелетін Рудный қаласында қазір бірнеше қазақ мектебі бар. Айтысқа жыл сайын ақынын шығаратын да Рудный қаласы. Баяғыда қазақ тілінің иісі шықпай, тым-тырыс жататын Денисов, Қарасу, Сарыкөл аудандары да биыл бір-бір ақынын үкілеп жіберіпті. Күні бойы көрерменін балапан жырмен желпінткен айтыста қазылар алқасы бас жүлдеге меңдіғаралық оқушы Дінмұхамед Құсайыновты лайық көрді. Одан кейінгі жүлделерді қанжылаған оқушылар мен талай шәкіртті өнерге баулыған белгілі айтыскер ақын Бүркіт Бекетов үздік тәлімгер ретінде марапатталды.
Тілі орысшаға бұра тарта беретін Қостанайдың қазақылануына киелі өнердің де үлесі жоқ деп кім айтар енді?
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Меңдіғара ауданы