Фильмнің продюссері әрі басты рольде ойнаған Азамат Сатыбалды бастаманың қалай туғанын, сценариінің қалай жазылғанын, түсіру мерзімі, актерлермен жұмысы туралы әңгімелеп берді.
«Жаңа фильмді Қостанайға әкелген себебіміз, мен өнер жолындағы алғашқы қадамымды осындағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында бастаған болатынмын. Маған Қостанай жері ыстық. Сондықтан фильмді де қостанайлықтардың көруі үшін, өзіміз көрермендермен кездесу үшін осында келдік», – деді Азамат Сатыбалды.
Фильмде Оразхан Кенебаев секілді белгілі актермен қатар, Қостанай қазақ драма театрының актері Әлімхан Мырзахан да ойнады. Актерлер мен режиссер 90 минуттық фильмнің көтерген жүгі жеңіл емес екенін айтты. Фильм отбасылық драманы өзек ете отырып, жұбайлар арасындағы адамгершілік, махаббат, адалдық мәселесін көтереді.
Фильм «Cinema-28» студиясынан шығарылды. Азамат Сатыбалдының айтуынша, таяу уақытта осындай атаумен театр ашылмақ.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ