Жыл сайын байқауға белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, өзге де елдерден келген белгілі өнер адамдары төрелік етеді. Қазылар алқасының қатысушыларға талабы да жоғары. Олар өнерге талпынған балалардың вокалдық қабілетін, сахнада өзін ұстауын, репертуар байлығын – бәрін-бәрін сүзгіден өткізеді. Үш күн бойы әншілерді тыңдаған қазылар алқасы жиырмаға жуық дарынды іріктеді.
«Осы байқаудың Қазақстанның келешегіне жасап жатқан еңбегі өте зор деп білемін. Біз таланттарды бала кезінде тауып, оның өнердің өріне шығуына себепші боламыз», – деді қазылар алқасының төрағасы Кеңес Дүйсекеев.
Бұл жолы байқаудың бас жүлдесі Қостанай облысының өзінде қалды. Қазылар алқасының қатаң сынынан өткен Бекболат Жазықбаев бас жүлдеге лайық деп табылды. Ол байқауға Әулиекөл ауданының Құсұрын ауылындағы мектептен келіп қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов оған байаудың Гран-При жүлдесі – 300 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
«Алтын микрофон» байқауы таланттардың ұстаханасы іспетті. Жас таланттардың осы беделді байқауға қатысқанының өзі олар үшін бойдағы дарынды ұштау деген сөз. Осы байқаудың бұрынғы жүлдегерлері арасында қазір танымал өнер иелері аз емес. Олардың қатарында қостанайлық таланттар да бар екенін мақтан тұтамыз», – деді аймақ басшысы.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ