Білім • 28 Сәуір, 2017

Алматылық оқушылар әлемдік жобада бақ сынады

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

​Алматыдағы физика-математика бағыты бойынша тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, Кентуки штатының Луисвилл қаласында (АҚШ) өткен «робототехника» «VEX WORLD Robotics Competition» әлемдік жобасына қатысып келді.

Алматылық оқушылар әлемдік жобада бақ сынады

Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Абаков Арман, Теміров Бахтияр, Жармағамбетов Темірлан, Кабдыкайыров Ержан, Сиранов Жәңгір есімді жас зияткерлерден құралған команда жалпы әлемдік рейтінгте 38 орынға ие болды. Жыл сайын ұйымдастырылатын топтық сайысқа әлемнің әр түкпірінен келген 80 команда, 20 мың студент пен оқушы қатысты. Жас өнертапқыштардың қолынан шыққан 1400 жоба ұсынылды. 

Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Канада сынды әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен келген командалар жарыста топ бастады. Көршілес Ресейден келген команда 71 орынға табан тіреді.

Назарбаев мектебінің жас зияткерлері осыған дейін Мәскеу қаласында өткен «Робофест – 2017» жобасында бірінші және екінші орындарды еншілеп, әлемдік деңгейдегі осы жобаға жолдама ұтып алған болатын.

«Оқушыларымыз «VEX ROBOTICS» жобасына қатысу арқылы өздерінің білім деңгейлерін әлемге таныта алды. Осы жоба арқылы басқа үздік командалар мен бәсекеге түсіп, өз тәжірибелерін дамыту үстінде. Оқушыларымыздың деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Айтулы жобаға оқушыларды Нұрдәулет Досмағамбетов, Мистер Том Лум мен Дастан Құмар сынды ұстаздары бастап барды. Алдағы уақытта шәкірттерімізді ең үздік командалар қатарынан көреміз деген сеніміміз мол», – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Олег Пак.

Талаптың оты арындап тұрған шағында, жастарымыздың ғылым мен техниканы қатар игеріп, әлемдік инновациялық жобаларда ел намысын асқақтатқаны үлкен мақтаныш. Ендеше, болашақ ғалымдарымызды, бүгінгі жас дарындарымызды бізде құттықтап, сәттілік тілейміз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ