Жеңіл атлетика • 29 Сәуір, 2017

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Қытайдың Тиян Жин қаласында бүкіл мемлекеттік марафон болып өтті. Биыл 13-ші рет өткізіліп отырған айтулы марафонды қытайдың «CCTV» телеарнасы тікелей таратты.

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

Аталған шара кезінде қытайдағы қандастарымыздың «Уичат» әлеуметтік желісі сүйіншілі хабарға толды. 42 шақырымдық ұзақ марафонда Қасымхан атты қазақтың желаяғы қола жүлдеге қол жеткізіпті!

«Kazakh» уичат текшесі жазған мәліметке сүйенсек, бұл –ұзаққа жүгіру спорт түрі бойынша (қытай, ұйғыр, қазағы... бар) бүкіл Шыңжаң спортшылары қол жеткезген ең жоғары нәтиже болып тіркелген екен. Сөйтіп, қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады.

Шыңжаңдағы Шонжы ауданының тумасы, 28 жастағы Қасымхан 42 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 20 минуд, 22 секундта жүгіріп өткен.

«Қасымхан бұған дейін, 2015 жылы Қытайдың Чұң Чиің қаласында өткен марафонда үздік нәтижеге қол жеткізсе, 2016 жылы Хиюанда өткен халықаралық марафонда кениялық жүйрікті басып озып, бірінші болып мәре сызығын өзі кескен екен», деп жазды «Kazakh» уичат текшесі. 

Қандасымыз Қасымханның бұл жетістігіне қуана құтты болсын айта отырып, оның бұдан да биік белестерді бағындыра беруін тілейміз!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»