Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтайды!
Достық пен өзара түсіністіктің нышанына айналған бұл мереке Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың біріне айналды. Ол – әркімге де қымбат және миллиондаған азаматтардың жүрегіне жылы сезім ұялататын мереке.
Қазақстан – мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел.
Биылғы жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ел дамуының жаңа парағын ашатын жан-жақты жаңғыру бойынша ауқымды міндеттерді іске асыру басталды.
Олардың сәтті іске асырылуы қуатты да бәсекеге қабілетті мемлекет құрудың басты шарты – қазақстандықтардың бірлігі мен жұмылғандығын сақтауға тікелей байланысты.
Қымбатты достар!
Бізде халық бірлігі күні шын мәнінде де қазақстандық патриотизмнің, өз еліне деген сүйіспеншілік пен оған адал берілгендіктің мерекесіне айналды.
Осы жарқын мереке күні Қазақстан халқы Ассамблеясы барша қазақстандықтарға мықты денсаулық, бақыт пен береке тілейді! Ол сіздердің үйлеріңізге көптеген қуаныш пен шаттық, ал Отанымызға татулық пен өркендеу әкелсін!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі
АСТАНАдан – Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
Қалың елді береке-бірлікке бастайтын бұл күні елордадағы бұқаралық ойын-сауық орталықтары мен қалалық алаңдарда және концерт залдарында бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Оларға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, мерекелік көңіл күйді сезініп, көпшілік қуанышқа кенеліп жатты.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты тиісті ведомстволар мен елордалық түрлі этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қолға алуымен қалың көпшілік жиналатын орындар мен алаңқайларда концерттік шаралар өтті. Осының ішіндегі ең ауқымдысы – «Қазақ Елі» алаңы мен қалалық әкімдік алдындағы қалалық алаң болатын. Бұл жерде отандық эстрада өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұқаралық серуенге негізделіп, таңнан кешке дейін жалғасқан шара аясында қаладағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің әзірлеуімен театрландырылған түрлі қойылымдар жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін ту еткен салтанатты шаралардың барлығы да қалың көрерменді ырыс-ынтымақ пен береке-бірлікке үндеп, өнерпаздар зор қошеметке бөленді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы екі жылдан бері республика бойынша түрлі бұқаралық іс-шаралардың бірі ретінде қайырымдылық акциясының ұйытқысы болып келе жатқаны белгілі. Бүгінде дәстүрге айналып үлгерген айтулы акцияның мақсаты – ауыр дертке шалдыққан жандарға қолұшын созу, қаржылай көмек көрсету. Азаматтарды бауырмалдыққа баулитын қамқорлық акциясы аясында бұл жолы ұзындығы елу метрге жететін мол дастарқан жайылды. Ал дастарқаннан сан алуан ұлттың түрлі тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік болды. Халтымыш, чапильгиш, бирx, дук сияқты чешен-ингуш тағамдары мен корей салаттарының түр-түрі, әзербайжандар ұсынған xамплов, долма, кебаб, люля-кебаб, лаваш, гутаб, немістің штруделі мен кребелі, өзбек пен қарақалпақтың палауы, поляк xалқының бигусы, армяндар пісіріп алып келген xачапури, долма, лаваш, украинның варениктері, татардың бәліші, қыстыбый, татарша азу, учпучмак пен орама, дүнгендер жасаған лағман, ганфан, манты, орыстардың бәліштері мен құймақтары, түріктердің пиде, лаxмандун, сигара борек, япраксарма, аданакебаб пен донер, дағыстан xалқының xинкалы, самсасы мен чудусы, түрікмендер алып келген кутаб, чектерме сынды тағамдар бар.
Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік жиыннан жиналған қаражаттың барлығы да елордалық бүлдіршін Айымжан Досжанның ем-домына жұмсалатын болады.
Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосқан мерекелік жиында әрбір ұлттың ұлттық қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттар көрмесі де ұйымдастырылған еді. Өздеріне ғана тән ерекше өнерлері мен өнегелі салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуды көздейтін мұндай жиынға Астана қаласы Өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Шерзод Пулатовтың ұжымы да белсенді қатысты.
Түс ауа мерекелік шаралар легі ұлттық спорт түрлерінен сайыстармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, арқан тарту мен асық ату, қазақ күресі мен кір тасын көтеру сынды күш сынасудан жеңген де, жеңілгендер сыйлық пен марапатқа ие болып жатты.
«Арманым – азаматтық алу. Жақын күндері оған да қол жеткіземін. Содан соң сөз байласқан арумен бас қосып, еліміздегі ынтымағы жарасқан отбасылардың қатарын көбейтсем деймін. Алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсіріп, қоғамдағы татулықтың үлгісін көрсетуді қалаймыз. Әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерінен құралған Отан-Анамызда бұл ойымызды іске асыруға толық мүмкіндіктер бар», – дейді азамат.
АЛМАТЫдан – Талғат СҮЙІНБАЙ
Мереке қарсаңында үш күн, үш түн үздіксіз жауған жаңбыр халықты мезі етіп, тіпті, таулы аймақ тұрғындарын үрейлендіргені де рас. Көңілі күпті алматылықтар 1 Мамыр таңының алтын күн нұрымен арайланып атқанына қуанып, бірден шат-шадымен күйге енді.
Әдеттегідей Абай алаңынан ақтарыла төгілген әуезді музыка халықтың көңіл қошын одан бетер көтеріп жіберді. Достық пен Абай даңғылдарының бұрышындағы Республика сарайының алды – халық бірлігінің мерекесін атап өту үшін тектен-тек таңдалмаса керек. Алматыдағы барлық этномәдени бірлестік бүгін осында бас қосып, арнайы отау тікті. Ұлық мереке дәл осы жерден бастау алды. Алып Абай ескерткішінің түбінде бізге берген сұхбатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазақбай Қасимов аға былай деді:
«Байқайсыз ба, биылғы халық бірлігінің мерекесі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен тұспа-тұс келді. Мақалада алдағы уақытта да қазақстандық құндылықтарды нығайту мен ұлттық идеологияны жетілдіре беруге, жалпы ұлттық бірлікті нығайтатын қазақстандық патриотизмге айрықша мән берілді. Жылдар жылжыған сайын түрлене түсіп, жаңа нышанда өтетін мынау – бір тудың астындағы ұлттар достығының мерекесі, міне, сол талаптарға нағыз жауап қой деп білемін.
Алматының барлық сегіз ауданында бір мезетте басталған халықтар бірлігінің мерекесі алып шаһардың бар бұрышын думандатып жіберді. Домбыраның үніне ұйғыр дойрасының, корей дауылпазының, әзербайжан сыбызғысының үндері қосылып, көк күмбезге ерекше саз әуеледі. Қазақстанның аса танымал өнер шеберлері мен эстрада өнерпаздары сахна сәнін келтірді.
«Шаңырақтағы» мерекелік кросс, «Fаmіlу» саябағындағы ұлт тағамдарының байқауы, балалар үйінде тәрбиеленушілердің концерті, «Мега Парктегі» әр ұлт өнерпазының сайысы халық бірлігі мерекесіне ерекше шырай берді. Жұлдыздар жамырағанда Алматының үстіне әр тұстан отшашу төгілді...
Ақтаудан – Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ
Бұл күнгі шара Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алау» мен «Астана» алаңы арасында мерекелік шерумен басталды. Шеруге қаладағы барлық кәсіпорындар мен мекемелердің, әлеуметтік салалардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастардан, студенттерден құралған 43 топ, яғни 8 мыңға жуық адам қатысты.
«Қазақстан халқының бірлігі – біздің ынтымағымыздың, дамуымыздың кепілі. Тәуелсіздік алған күннен бері қарай Мемлекет басшысының сарабдал саясаты арқасында Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері ел ертеңі, ұрпақ несібсі үшін бірлесе еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Біздің болашағымыз, беріктігіміз осы бірлікке тығыз байланысты», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өз құттықтауында.
Мерекемен тұрғындарды Маңғыстау облысы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Е.Күмісқали, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Мартын және «Қазақстан корейлері» қауымдастығы Ақтау қалалық филиалының төрайымы Р.Мәденова-Хван құттықтап, өзара ынтымағы жарасқан халқымызға бірлік, тыныштық пен өркендеу тіледі.
Шеру соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты, концертпен бір мезгілде ұйымдастырылған жәрмеңкелер мен түрлі спорттық сайыстар мереке көрігін қыздырды. Ақтаудағы «Жастар» кинотеатрында «Достығымыз жарасқан» фильмі қазақ және орыс тілдерінде көрсетілсе, теңіз жағалауында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан облыстық турнир өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, армрестлинг, асық ату, стрит-воркаут ойындарынан сайысқа түсіп, отбасылық жарыстарға қатысты.
Ақтөбеден – Темір ҚҰСАЙЫН
Ақтөбе аймағында биылғы жылы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған іс-шаралар бір апта бұрын басталып кетті. Мұндағы түр мен мазмұнның жарасымдылығына, өткізілген шаралардың саналуандығына ешқандай баға жетпейді.
Кеше 1 Мамыр күні Ақтөбе қаласындағы «Бірлік пен келісім» гүлзарында «Бір шаңырақ астында» деген тақырыппен кең ауқымды мерекелік бағдарлама мәреге жетті. Шат-шадыман шеруге еңбек ұжымдары мен тоқсаннан астам этностың өкілдері, жалпы саны бес мыңнан астам адам қатысты. Өңірдің барлық жұртшылығын Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, барлық табыстар мен жетістіктердің басты кепілі – тек тұрақтылық, бірлік пен келісім екеніне екпін түсірді. Содан соң өңір басшысы бүгінгі мереке Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жүректерге жылылық дарытып отырғанын айта келіп, аймақтағы этномәдени бірлестіктерге өз грантын тапсырды.
Осы сәтте облыстағы «Оксана» украин ұлттық мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Вероника Кабачек газет тілшісіне өз тілегін былайша жеткізді:
«Бүгінгі күні Ассамблея қызметі жаңаша мазмұнға ие болып, барша қазақстандықтардың тату-тәтті тіршілігін ту етіп көтере бастады. Бүгінгі бірлік мерекесі күні де бәріміз Ассамблея аясында бас қосып, қуаныш құшағында тұрмыз. Дүниеде бәрі де өткінші. Тек достық пен бірліктің ғана ғұмыры ұзақ. Осынау теңдесі жоқ рухани құндылық өміріміздің өзегіне, мәні мен сәніне айнала алғаны үшін де өзімізді бақытты сезінеміз.
1 Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған бағдарламалар облыс орталығындағы алты алаң мен гүлзарларларда және барлық аудандарда өткізілді. Газет тілшісіне шалғайдан хабарласқан Байғанин ауданындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Ибрагим Ермекбаев мерекенің мамыражай кейпі мен мамыр шуағы көңілдерді көкке көтергенін жеткізді.
Қысқасы, Ақтөбе аймағында өткізілген бірлік мерекесі достық пен туысқандықты тағы бір мәрте паш етті.
Атыраудан – Бақытгүл БАБАШ
Исатай-Махамбет алаңында «Мәңгілік Ел – Қазақстан» тақырыбындағы театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Мұнайлы аймақ тұрғындары мен қонақтарын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның бүгінге дейін қол жеткізген табыстары мен жетістіктерінде еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің үлесі бар екенін атап өтті.
«Бірлік бар бар жерде, тірлік бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы ел бірлігі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, жасампаздықтың негізі екенін мәлімдей отырып, алдағы уақытта да рухани жаңғыруда әрбір қазақстандықтың ел дамуына өз үлесін қосарына сенім білдірген еді. Қазір Атырау облысының өзінде 80-нен астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді», – деген аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан жақсы істер жайында айтты.
Мерекелік шеруде әр ұлт өкілдері өнерлерін көрсету арқылы ынтымақ пен ырыстың үлгісін паш етті. Ал халық әртісі Роза Рымбаеваның мерекелік концерті салтанатты шараның сәнін келтірді. Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымы концерт қойды. «Алмалы.kz» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі де осы күнге орайластырылды.
Атырау өңіріндегі тұрғындар санының 92 пайызы қазақ ұлтының үлесінде. Бұрын 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейтін, енді олардың қатарына жаңадан «Курдый» атты күрдтердің бірлестігі қосылды.
«Алдағы уақытта қазақтардың этномәдени бірлестігі құрылады. Осы ұйымдар арқылы әрбір ұлттың өз салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, насихаттауына мүмкіндік жасалып отыр. Тағы бір жаңалық – облыс орталығында этномәдени бірлестіктер бас қосатын «Келісім сарайы» салынады», – дейді Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова.
Көкшетаудан – Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ
Кеше Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ерекше аталды. Мерекелік шара әдеттегідей Абылай хан алаңында өтті.
Жалпы, бүгінгі таңда Ақмола облысында 53 этномәдени бірлестік (аудандар мен Көкшетау және Степногор қалаларында) жұмыс істеп келеді. Жыл басынан бері Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктермен бірлесе этносаралық және дінаралық келісімді нығайту және ұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығы мен аудан-аймақтарда 360 тақырыптық шаралар өткізгендігін айта кету керек.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин сахна төрінен жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Артынан мереке үш театрландырылған блоктан тұратын шараларға ұласты. Атап айтқанда, «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан!» хореографиялық композициясын «Көкшетау», «Он алты қыз», «Шалқыма», «Сувенир», «Тұмар» атты халық биі ансамбльдері орындады. Бұдан кейін «Мы – будущее Казахстана» театрландырылған блок бойынша «Көкшетау» МС 200-ге тарта баладан тұратын шығармашылық ұжымы «Бейбітшілік шуағы, бақыт шуағы» музыкалық-хореографиялық картинасымен көрермендер жүрегіне жол таба білді.
Елбасының бірлік пен татулық орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойған ұстанымын паш еткен «Достық – біздің тірегіміз» атты соңғы театрландырылған блокта мерекенің көркін қыздырған әр халықтың биі биленді. Соңынан солист Серәлі Байдалиевтің орындауында және барлық қатысушылардың қосылуымен «Қазақстаным» әні шырқалды. Әннің соңғы нотасында көкке мыңдаған шар ұшырылып, бейбітшілік пен береке жайлаған ел екендігіміз паш етілді.
Қарағандыдан – Мирас АСАН
Қарағанды 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше жағдайда атап өтті. Әдеттегідей, мерекені мейлінше қыздырған мекен – қаладағы орталық саябақ болды. Онда этномәдени бірлестіктердің «Бірлік шаңырағы» атты ХХІІ облыстық фестивалі өтті. Аталған шарада бір шаңырақ астындағы бір атаның баласындай әртүрлі ұлттар мен ұлыстар көрермендер алдында өз өнерлерін көрсетіп, еліміздегі татулық пен тұрақтылықты дәріптеді. Әр аудан, қалалардан шараларға 28 этномәдени бірлестіктің 500-ге тарта өнерпазы қатысты.
Айтулы мерекеге арнайы ат шалдырған аймақ басшысы Ерлан Қошанов жиылған жұртты мерекемен құттықтады.
«Еліміз жүйелі жаңғыру, қоғамдық жаңару жолына түсті. Кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ассамблея сессия өтті. Мемлекет басшысы сол сессияда бірлік – байлығымыз, тұрақтылық – тұғырымыз, жаңғыру жарқын жолымыз екенін атап өтті. Мықты, табысты, рухани бай мемлекетті тек бейбітшілік пен келісімде ғана құруға болады», – деді облыс әкімі.
Жалпы, бұл күні шаңырақтағы шаттық шартарапқа жайылып, шараны өткізушілер қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі ойын-сауық ұйымдастырды.
Сондай-ақ, бұған дейін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында этномәдени бірлестіктердің басшыларымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездескен болатын. Достық үйінде елімізді рухани жаңғырту, бірлік пен ұлтаралық келісім туралы сөз қозғалды. Шара барысында облыс әкімі аймақтағы 24 этномәдени бірлестікке 700 мың теңге мөлшерінде сыйақы табыстады.
Өз кезегінде іс-шараға ұйытқы болған Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев та ұлттық тіл мен дәстүрді дәріптеп, жоғарыдағы фестивальдің биік деңгейде өтуіне атсалысқан қатысушыларды дипломдармен және сертификаттармен марапаттады.
Суретті түсірген Ерлан Омаров, "Егемен Қазақстан"
Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
Қазақстандағы бірлік кеңқолтық қазақ халқының бауырмалдығынан, меймандос адамгершілік құндылықтарды ту етіп ұстайтын тектілігінен тарап жатқанын заманның дауылы мен жауынын көрген аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Қостанай қаласының тұрғыны Валентина Михалцованың ата-анасы соғыс жылдары Украинадан Қазақстанға келген еді. Қазақтар олармен бір тілім нанын бөліп жеді, кеудесінен кері итермей, бауырына тартты.
«Соғыстан кейін атамекенімізге барайық деп, Украинаға кетіп, жағдайымыз болмаған соң, қайтып келген отбасымыз. Адамгершілік пен қайырымдылықты қазақтардан үйрену керек. Қазақстанға бар жақсылықты тілеп отырамын», – дейді мерекеге шыққан Валентина Михалцова апай.
Мерекеге жиналғандар алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қостанайлықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
«Қазақстан Тәуелсіздігін алған соң, 1 мамыр мерекесі терең мазмұнға ие болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің бірлігін, халықтың достығын өзінің саясатының негізі деп біледі. Ширек ғасырда Қазақстан әлемдік аренада өзінің лайықты орнын ала білді. Экономикамыз қарқынды дамып келеді. Бейбітшілікті басты бағыт еткен саясатымызды дүние жүзі біледі. Біздің еліміздегі баға жетпес байлығымыз – бірлік, достық, татулық. Былтыр барлық этномәдени бірлестіктер бірігіп, түрлі ұлттың 8 баласын бауырына басқан Төлегеновтер отбасына үй тұрғызып берді, үйі өртенген оралман жас отбасына Аналар кеңесі бастама көтеріп, үй сатып әперді. Бірлік бар жерде береке бар, ал береке ылғи да мерекенің бастауы екеніне біздің елдің өмірі, Елбасының саясаты куә», – деді Архимед Бегежанұлы.
1 мамыр мерекесіне орай орталық алаңда концерт, ойын-сауық қызды, түрлі ұлыстар дастарқанын жайды.
Бірлік пен ынтымақтың, ырыс пен берекенің мерекесін Сыр бойын жайлап жатқан жұртшылық үлкен ықыласпен атап өтті. Ақмешіттегі «Достық үйінің» алаңында Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған «Болашағы біртұтас ұлт» атты форум ұйымдастырылды. Оған аймақ басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қырымбек Көшербаев, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жастар, қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік шараны Қырымбек Елеуұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол мамыражай мейраммен барша қызылордалықты құттықтады.
«Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазірде Қазақ елі – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан табысты мемлекет». Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Еліміздегі қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халық достығының арқасында бүгінде еліміздің экономикасы өркендеп келеді. Қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы елімізде демократиялық мемлекет құруға және алға өрлеуге зор ықпал етуде. Елбасының көреген саясатының арқасында бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді», – деді ол.
Шара аясында аспанға ЭКСПО-2017, Қуатты Қазақстан, «Бірлік, Ынтымақ, Бейбітшілік» деген жазулары бар лента байланған шар ұшырылды.
Мерекелік шара «Мақсаттар бірлігі – рух бірлігі» атты этномәдени бірлестіктердің өнер фестивалімен жалғасты.
Оралдан – Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Биылғы 1 мамыр мерекесі сонау бір жылдардағыдай еңбек ұжымдарының мерекелік шеруімен басталды. Шараны ұйымдастырушылар Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деген сөзін басшылыққа алса керек.
Шынында да Орал қаласында түрлі салада еңбек етіп жатқан қарапайым жұмысшылар мен қызметкерлер осы шеруде қолдарына Отанымыздың Көк туын, түрлі-түсті шарлар мен елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын ұрандар ұстап, халықтың алдынан жүріп өтті. Жақында ғана жаңа өнімін – «Маңғыстау» атты зымыранды-артиллериялық кемені тапсырған «Зенит» зауытының ұжымы, өңірдегі ең үлкен салық төлеуші компанияның бірі – «Конденсат» АҚ жұмысшылары, «Омега» зауыты, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері, әлеуметтің қос қанаты іспеттес білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлері – бір сөзбен айтқанда, қарапайым еңбек адамдары халық алдына қол ұстаса шығып, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті.
Өңірдегі 33 этномәдени бірлестік өкілдері түрлі ұлттың киімімен мереке мозаикасын толықтыра түсті. Биыл бір ғасырлық тойын атап өткелі отырған Батыс Қазақстан облыстық газеттері ұжымы басылымның 100 жылдық тарихында ұжымда қызмет еткен тарихи тұлғалардың портреттерін ұстап шықты.
«Қадірлі батысқазақстандықтар, құрметті жерлестер, қонақтар! Бүгінгі ерекше күн, қасиетті мереке баршамызға құтты болсын! Қазір Қазақстанда жаңғыру ұраны көтерілуде. Жаңғыру үшін біз күшті болуымыз керек. Күшті болу үшін бір болуымыз керек!», – деді салтанатты жиында өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Салтанатты шара Батыс Қазақстан облыстық өнер ұжымдарының мерекелік концертімен жалғасты.
Өскеменнен – Азамат ҚАСЫМ
Өскеменнің тұрғындары 1 мамыр мейрамын қаланың қақ ортасындағы үлкен алаңда «Мен – Қазақстанның патриотымын» атты акция аясында атап өтті. Аталған шара шеңберінде шаһардағы «Қазцинк», «ТМК», «Үлбі металлургия зауыты», «Азия авто», «Шығысэнерготрейд», «Жылу жүйелері» сынды кәсіпорындар мен осындағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің, мектептердің, банктердің, облыстық басқармалар мен департаменттердің ұжымдары, спортшылар, ұзын саны 10 мыңға жуық адам қала көшелерін жаяу жүріп өтіп, орталық алаңда сап түзеді.
Қызылды-жасылды киінген өңірдегі түрлі этномәдени бірлестік мүшелерінің әсем биінен кейін сахнаға аймақ басшысы Даниал Ахметов көтеріліп, облыс жұртшылығын мерекемен құттықтады.
«Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асулары жоқ. Бұл – халқын асқақ арман, ұлы мұраттар жолына нық сеніммен бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі. Тарихи қысқа уақыттың өзі бұл сөздің айнымас қағида екенін дәлелдеп берді. Жиырма бес жылдың ішінде халықаралық ұйымдардың беделді мүшесіне айналған Қазақстан мемлекеті әлем елдеріне көп ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруінің теңдессіз үлгісін көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты баға жетпес байлығы – жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Тұрақтылық пен келісім, достық пен татулық мерекесі құтты болсын! Тағдыры бір, мақсаты ортақ көпұлтты халқымыздың бірлігі арта берсін», – деді облыс әкімі.
Бұдан ары алаңдағы шаралар легі өңірдің өнерпаздары мен этномәдени бірлестіктердің күшімен әзірленген мерекелік концертпен жалғасты. Кешке орталық алаңда «Студенттік көктем-2017» байқауының гала-концерті өтіп, түрлі-түсті, музыкалық субұрқақ іске қосылды.
Павлодардан – Фарида Бықай
Биылғы 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде облыс орталығындағы алаңда өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Ұлы Даланың шоқ жұлдызы» атты сахналандырылған қойылым көрсетілді.
Этномәдени бірлестіктердің достық әуендеріне Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы қосылып, әсем әуендерді шарықтатып, бүкіл қаланы мерекелік думанға бөледі. Күннің салқындығы да сезілмейді. Орталық алаңға жиналған жұртшылыққа облыс басшылығы, соғыс және еңбек ардагерлері құттықтау сөздерін арнауда.
Ал Ертіс өзені жағалауындағы «Шаңырақ» аталатын алаңда Алматы, Шымкент, Түркістан, Қостанай қалалары шеберлерінің халықтың қызығушылықтарын тудырған қолданбалы өнер көрмесі және өңірлік суретшілердің сурет жәрмеңкелері өтті. «Ән-шашу» атты алаңда концерттік, «Балдәурен» алаңында балалардың ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Ал «Шымырлар» алаңында спорттық сайыстар жарысы, ұлттық ойындар көрсетілді.
Жалпы, облыстық мәдениет басқармасының хабарына қарағанда, облыста мамыр айындағы мерекелерге арналып 600-ге тарта мәдени және спорттық іс-шаралар жоспарланыпты. Бірлік күні мерекесіндегі бір ерекшелік – Павлодар мен Ақсу қалаларын жалғайтын жаңа көпір арқылы велошеру өтті. Облыс әкімі Б.Бақауов бастаған облыстық әкімдік қызметкерлері бар, жалпы саны 1500-дей адам 30 шақырымдық веломарафонға қатысты. Мерекелік концерттік бағдарлама, мерекелік сауда, ұлттық және спорт ойындары – барлығы Бірлік күніне арналды. Кең алаң төрінде «Дервиши» тобы, Әлішер Кәрімов, басқа да эстарда өнерпаздары Отан, туыстық, достық тақырыбында ән шырқады.
Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін солтүстікқазақстандықтар жоғары көңіл күймен атап өтіп, Президенттің ұзақ мерзімге арналған стратегиялық басым қағидаттарын қолдайтындарын жасампаз еңбек, рухани келісім, патриоттық сезім арқылы тағы бір паш етті. Бойларына иман ұялап, жүздерінен күлкі төгіліп, қоғамды топтастырудың асыл құндылықтарын әр қырынан танытса, оның әуелгі әлқиссасы орталық алаңнан бастау алды. Иін тірескен жұртшылықты облыс әкімі Құмар Ақсақалов достық, бейбітшілік мерекесімен құттықтап, жылы лебізін арнады. Ол өз сөзінде Елбасының көпқырлы сындарлы саясаты арқасында экономикалық, саяси табыстармен қатар, рухани салада да күрделі бетбұрыстар жасалғанын, этностардың тілін, мәдениетін дамытуға жан-жақты жағдай тудырылғанын атап өтті.
Мерекелік концертте әр тілде шырқалған әндер, мың бұралған билер адамдарға ерекше көңіл-күй сыйлап, одан бетер жақындастыра түсті. Алаңқайларда конкурстар, акциялар, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, «Біз – қазақстандықтар!» атты қолданбалы көрме жергілікті өнер шеберлерін топтастырса, балалардың театрландырылған көрінісі өзіндік бағдарламамен айшықталды. Абай мен Пушкин ескерткіші маңайында спорттық сайыстар сайдың тасындай кіл күштілер жиналса, Тәуелсіздік стелласы аумағында этномәдени бірлестіктердің «Бірлігіміз жарасқан!» атты қойылымы тамашаланды. «Сағындырған әндер-ай!» ретро-фестиваль өз жарасымын тапты.
Бұл мекемеде отыздан астам интернационалдық отбасы еңбек етеді. Кез келген мерекені бірігіп атап өтеді. Бұл күні аға буынның өнеге-тәлімдері насихатталып, жастарға үлгі етілді. «Видергебурт» неміс мәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Ковзель Қазақстан халқы Ассамблеясының жуырда өткен сессиясына қатысқанын айта келіп, алған әсерлерімен бөлісті.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың әр аулада татулық, достық дастарқанын жаю, үйлесімді сабақтастықтарды насихаттау туралы бастамасын алғашқылардың қатарында қалалық қазақ гимназиясы қолдап, жиналғандарға дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынды. Концерт ұйымдастырды.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аудандарда да кеңінен атап өтілді.
ТАРАЗдан – Хамит ЕСАМАН
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі көне Тараз шаһарында да өзіндік салтанатпен аталып өтті. «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары мен қонақтары көптеп қатысты. Кешен аумағында орналасқан Жамбыл Жабаев ескерткішінің сол жағына айтулы күнге орай 12 шатыр тігіліп, онда өңірде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің мерекелік бағдарламалары тұрғындар назарына ұсынылды. Оларды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев келіп тамашалады. Бұдан кейін облыс басшысы жиналған көпшілікті Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
«Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Ортақ шаңырағымыздың астында тыныштық пен келісім мәңгі орнасын! Бейбіт өмірдің берекесі арта берсін! Еліміз аман болсын! Елдігіміз баянды болсын! Мәңгілік Қазақстан – Мәңгілік Ел болсын», – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Мерекелік іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің, облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламалары мен түрлі тақырыптағы театрландырылған қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. «Лавка сладостей» атты түрлі ұлт өкілдерінің тәтті тағамдары мен қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілікке жол тартты.
Сонымен қатар, кішкентай балаларға және суретке түсушілерге арналған үлкен қуыршақтардың серуендері, жасөспірімдер үшін «Білімділер алаңы» атты сұрақ-жауап ойындары, жастарға арналған брэйк-данс фестивалі мен жастардың мерекелік флешмобы да лайықты деңгейде өтті. Ал қырғыз ұлтының «Құрық ілу», татар-башқұрттардың «Жастықпен ұрып құлату», тәжік ұлтының «Кураш», орыстардың «Бағанаға шығу» және қазақ ұлтының «Қой көтеру» ойындары да көпшіліктің қызығушылығын туғызып, мерекенің сән-салтанатын аша түсті.
Талдықорғаннан – Нұрбол ӘЛДІБАЕВ
Бұл күні Талдықорғанның төбесін торғын бұлттар торлағанымен, түрлі этностардың көңілдері шат, жүздері жарқын. Ертелете қаланың солтүстік-батысындағы «Жастар» саябағын бетке алған ел ара-тұра себелеген жауынды да елер емес. Саябақ төрінде орнатылған дауыс зорайтқыштан шыққан әсем ән әуелей көтеріліп, көңіл хошын көтеруде.
Жетісулық қолөнер шеберлерінің төл туындылары да бірінен екіншісі асып тұр. Көрген жанның көзін тойдыра өңірдің тамаша табиғатын, сан алуан ерекшелігін паш етеді.
Мерекелік шараны Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев ашып, жетісулықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаған соң, Сүйінбай атындағы обыстық филормония өнерпаздарына кезек тиді. Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінің әндері шырқалып, ән арасында ұлттарды құттықтау сөздері ретімен айтылып, өзіндік үйлесім тауып отырды.
Алматы – Талдықорған күрежолының бойындағы спорт алаңында спорттың сан түрінен де бәсекелер өтіп жатты. Бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған спортшылар кір тастарын ұршықша үйіріп, елді тәнті етті.
Сөйтіп, Талдықорған төрінде де қалыптасқан дәстүр сақталып, халық шадыман-шаттыққа бөленді.
ШЫМКЕНТтен – Ғалымжан ЕЛШІБАЙ
Ұлысымның ұйытқысы атанған Оңтүстік тұрғындары мен қонақтары 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамында Әл-Фараби алаңына ағылды. Еліміздің басты мерекелерінің бірін тойлауға келген жұртшылықты ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдерінің бесік тербеткен аналары «Ақ көгершін» әнімен қарсы алды. Оларға қолдарына ақ көгершіндері бар бүлдіршіндер қосыла шырқады. Әсерлі композизия соңында бейбітшіліктіктің белгісіндей болған құстар көкке самғады... Алаңға «Мәңгілік Ел» бейнесінде ЭКСПО-2017 эмблемасымен безендірілген машина шығарылды. Алтын адам киіміндегі салт аттылар шеруі мен елімізде тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері Көк тудың маңына топтасты. Бұл – бекем бірлігіміздің белгісі!
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев оңтүстікқазақстандықтарды Бірлік мерекесімен құттықтады.
«Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Елдік болмысымызға тән бұл ұғымды тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекеттің ғұмырлы болуына өзек еттік. Бірлікті басты байлығымыз – Тәуелсіздіктің арқауы етіп айшықтадық. Елбасымыз ұсынған жол, жұрт болып жұмыла ұстанған саясат ширек ғасырда жемісті нәтижесін берді. Бүгінгі Қазақстан бірлігі бекем, тірлігі келіскен, ынтымағы жарасқан елге айналды. Жеткен жетістіктеріміз бен алған асуларымыз аз емес. Бүгін біз Ұлы Даланың ұлағатымен Мәңгілік Ел құруға қадам бастық. Күн сайын құбылған замананың иіріміне төтеп беретін қуатты мемлекетті жасақтаудың қамына кірістік. Елеулі өзгерістер қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Жалпыұлттық жаңғыру саяси-экономикалық салалармен қатар, азаматтық санаға да серпіліс алып келмек», – деді Ж.Түймебаев.
Салтанатты жиында аймақ басшысы елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан 18 этномәдени бірлестікке облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығы мен бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Шаттыққа толы шырайлы Шымкент төрінде «Оңтүстік Цирк» өнерпаздары ат үстіндегі өнерлерін көрсетті. Достық сюитасы орындалды. Сахна мен алаңға орналасқан хореографтар «Мәңгілік Ел үшін!» әнін шырқады. Мерекелік шара соңы облыстық этномәдени бірлестік өкілдерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Суретті түсірген Темір Құсайын