Медицина • 02 Мамыр, 2017

Бауырына бауырын бөліп бергендер

1048 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тасбауырлар кімдер? Жан баласына бауыр баспайтын, кісікиік адамдар ма? Баласынан безінген тасбауыр әке, құрсағын кеңіткен шақалағынан жерінген тасбауыр ана, ер жеткізіп, адам қатарына қосқан ата-анадан безген тасбауыр бала, дүниедегі ең қымбат туғандарынан алыстап, суысқан тасбауырлар көбейіп келе жатқан заманда еліміздің әр түкпірінен ай емес, күн, сағат санап екі дүниенің ортасында жатқан жақындарына бауырларын қақ бөліп берген 40 донор мен 40 реципиент бас қосады деген хабар жеткенде Алматыдағы бүкіл БАҚ өкілдері тайлы-таяғы қалмай жиналғаны рас. Дүниежүзілік Денсаулық күніне орай Алматыдағы «Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» ұйымдастыруымен Қазақстанда тұңғыш рет ағзасының бөлігін өз еркімен сыйлап, адамның өмірін ұзартуға баға жетпес үлес қосқан донорларды марапаттау рәсімі өтті. Онда 2011-2016 жылдары бауырын берген донорларға орталық мамандары әзірлеген «Бауырымды – бауырыма сыйлаймын» естелік медалі табыс етіліп, ерекше құрмет көрсетілді.

Бауырына бауырын бөліп бергендер

Аталған ғылыми орталыққа жап­сар­­лас орналасқан «RachaChacha» мей­рамханасына бір киер киімдерін киіп, сәнденіп келген сол қонақтардың қайсысының донор, қайсысының реци­пиент екенін ажырату мүмкін емес еді. Бәрінің жүздері бал-бұл жанып, тойға келгендей ерекше бір көңіл күйде жүр. Араларында кішкене ботақандарын көтерген ата-аналар да бар. Олармен сөйлесе келе ғана кімнің кімге бауырын бөліп бергенін біле аласыз.

– Өмірім қыл үстінде, жанымды шүберекке түйіп жүргенімде бірінші Алла, екінші дәрігерлердің арқасында мына жарық дүниеге қайта келдім, – дейді былтыр бауырын алмастырған екі баланың анасы, 35 жастағы Анар Бекеева көзіне жас алып. – Жаның қиналып, өлім­ді ойлап жатқанда дәрігердің бір ауыз жылы сөзінің, ең аяғы, асханада тамақ беретін апайлардың «жақсы болып кетесің» деген лебізінің құдіреті қандай де­сеңізші! Ол күндерімді ешқашан ұмыта ал­маймын. Ауруханаға аурудың азабын тартып, қиналып келген науқастың түр-әлпеті қандай болсын. Сарғайып кет­кенмін, ішім қабақтай, әзер жүремін. Кейін кеселден құтылып, бетімізге әр кіріп, жанымыз жай тауып тексерілуге кел­генде, дәрігерлеріміз бізді танымай қа­лады. Содан арттарынан жүгіріп барып: «Ағай, мен пәленшемін ғой!» деп айт­қанда ғана таңданыспен құшақтарын жайып жатқаны. Бала деген періште ғой, екі перзентіммен бірге інімнің үш жасар баласы «Е, Алла, тәтемнің бауыры жазылып кетсінші!» деп кесілген жеріме кішкене қолдарын қойып, тілек тілегенде бауырым шым-шымдап езіліп кете жаз­дайтын. Бүгінгі басымызды қосқан жиын­ға маған екінші өмір сыйлаған жан­дарға бір ауыз рахметімді айтпасам, өмір бойы өкініп өтермін деп келдім. Ең алды­мен, елімізде осындай күрделі отаны жасауға мүмкіндік беріп, дәрігерлерді оқытып, тегін ота, тегін ем-домын жасату­ға қамқорлық көрсеткен Елбасына, Үкіме­ті­мізге және алтын қолды, жылы жүректі про­фессор Болатбек Бимендеұлы баста­ған дәрігерлерге, сонымен қатар, донор болып бауырын сыйлаған сіңліме ба­сымды иіп, шексіз алғыс білдіремін. Біз­ге медаль береміз деп шақырыпты. Ке­рісінше, медальді біз дәрігерлерге беруі­міз керек қой.

Мамандардың айтуынша, адамның бауыры – ең қайырымды ағза. Өйткені, кесілген бауыр уақыт өте өсіп, өз қалпына келмек. Бұл – бауырдың ерекше қасиеті. Егер бүйрек істен шыққан жағдайда, оның қызметін диализбен емдеп алмастырып, адам өмірін ұзартуға болады. Ал бауырда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, бауыр церрозы жағдайында дүние жүзіндегі ем – бауыр алмастыру арқылы ғана адам өмірін сақтайды. Әрине, 20 сағат­қа дейін созылатын операция – мед­би­ке, са­нитарларды санамағанда, елу­ге жуық дәрігердің аяқтарынан тік тұ­рып жасайтын қажырлы еңбегімен атқарылады.

Қарап отырсақ, Қазақстанда он шақ­ты жылда медицинадағы озық тех­нологияның нәтижесінде ағзаны трансплантациялау қарқынды түрде дамып, керемет жетіс­тік­терге қол жет­ті. Отандық хирург­те­ріміз әлем­дік дең­гейдегі осы оталарды ба­ғын­ды­рып, қаншама адамның өмірін ұзар­тып отыр. Әрі бұл жетістігімізді бүгінде алыс-жақын шетелдер біліп, мойындауда.

Айталық, соңғы бес жылда елімізде 183 бауыр трансплантациясы жасалса, соның елу пайызға жуығын, яғни 85-ін, сондай-ақ, соңғы төрт жылда Қазақстанда жасалған 890-ға жуық бүйрек алмастыру отасы, яғни оның 300-ден астамын Алматы трансплантологтері, яғни профессор Б.Баймаханов бастаған команда атқарған. Ал былтыр наурыз айынан бастап еліміз­де тұңғыш рет балалардың бауыры алмас­тырылды. Олардың саны бүгінде 14-ке же­т­-

се, арасында 5-7 айлық сәбилер бар. Ең бірінші ота бес айлық Асылайға жасалып, осы шараға ата-анасы рахмет айтуға келсе, былтыр бес айлығында әке­сі бауырын бөліп берген Раянның әжесі Гүлзира өздері өмірін арашалап қал­ған дәрігерлерді ырым етіп, тұңғыш не­мересінің тұсауын кесіп беруді өтінді. Сөй­тіп, Болатбек Бимендеұлы ұстазы, про­фессор Манас Ахметжарұлымен бала­қайға ұзақ ғұмыр тілеп, Раянды ғана емес, қонаққа келген 12 баланы төрге шы­ғарып, әдемі ойыншықтар сыйлап қуантты. Ал Раянның әжесі болса, шашу ша­шып, қазақы салт-дәстүрмен ша­пан­ жауып, жиналған жұртшылықты мәре-сәре етті. Сөйтіп, Раянның әкесі ба­ла­сы­на бауыр да болып шықты.

– Бүгін трансплантологтар үшін бақытты күн, – деді кездесуді ашқан осы идеяның авторы, «Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов. – Өйт­кені өмірге қайта келген жандарды бір ша­ңыраққа шақырып, бір үстел басына­ жинау еш елдің тәжірибесінде жоқ. Олар бауырының 60-70 пайызын өз туыстарына бөліп беруге тәуекелге барып, жақындарының өмірін құтқарып қалған бүгінгі күннің батырлары десек те болғандай. Өйткені, ол науқастар­дың өмірлері ай, күн емес, сағаттап са­наулы қалған еді. Сондықтан, бұл­ шара – осындай ерлікке барған жан­дар­ға жасалған құрмет, алғыс. Бұл адами басты құндылықтың төресі – үл­кен адамгершілік. Олар қорықпай «денсаулығымыз қалай болады?», «оны жоғалтып алмаймыз ба?» деген ойдан биік тұрды. Ендеше, мұндай акциялар оларды насихаттау үшін емес, адамның жаны қыл үстінде тұрғанда араша түсіп, осындай қадамға барған батылдықтарын сезінуі үшін де қажет. Өйткені, өмір адамға бір-ақ рет беріледі.

2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет бауырға туыстық трансплантация беларусьтік мамандар мен отандық дәрігерлердің күшімен шымкенттік Фатима Байтанаеваға жасалды. Басқосу­ға Фатиманың өзі келіп, үлкен тебіре­ніс­те жанына шипа болар ем іздеп шет елге баруға ойланып жүргенінде ота­ның өзімізде жасалатынын естіп, тәуе­кел­ге барғанын, донор болған туған әпкесі Гүлзираның, қаншама дәрігердің ар­қасында аман қалып, қазір өзін жақсы сезінетінін, алты жылдан бері тексеріліп жүргендіктен орталықтың өз үйіндей болып кеткенін айта келіп, баршасына алғысын жаудырды.

Бір таңғаларлығы, туыстарына бауы­рын бөліп бергендердің басым бөлігі әйел қауымы. Сондай-ақ, 19 балаға ата-анасы, бір балаға жездесі донор болған. Ең жасы 18 жастағы Жазира Жомартқызы ана­сына бауырын берсе, әкесіз өскен екі қыздың үлкені Бөбек Қарашева отбасының үлкені болғандықтан, анасы Гүлсім Ержігітованы аман алып қалуға бел буады. «Мен анама бауырымды беріп, өлімнен арашалап аман алып қалғанымды мақтанышпен айтамын. Ал анамды аман алып қалған ақ халатты абзал жандарға мың, миллион рахмет!» деп анасына дауа іздеген Бөбек көз жасын тыя алмай, жиналғандардың да көңілін босатты.

Ал реципиент Боранбай Әжібаевтың қарындасы «Өмірге қайта келгендеріңіз құтты болсын! Ағамызды анамыз өмірге әкелсе, екінші рет өмір сыйлаған Болатбек Бимендеұлына, бауырын қақ бөліп берген інім Қазбекке мың алғыс» десе, бауыр алмастырғандардың ішіндегі жасы үлкені, 61 жастағы Күлән Райымбек те ерекше тебіренді.

– Аурудың кесірінен күнді күнге, түнді түнге ұластырып, Түркия, Қытай­ға жаныма шипа табамын ба деп бар­ға­ным­да, бауыр алмастыру керек деген ке­сімді үкім айтты. Бұл отаны шет елде жасатуға қаражаттың жоқтығынан өзі­міздің дәрігерлерге жүгінуге тура келді. Өйткені, басқа амал жоқ. Бәрібір өлім. Салмағым 48 килоға түсті. Адам­ға қарай алмайтындай хал үстінде жатқанда про­фессор Болат Баймахановқа жолығып, бүгін осы кісілердің арқасында аман отырмын. Алғысымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адам қиындықты уақыт өте келе ұмытып кетіп жатады ғой, ал мына жағдайды ешқашан ұмытпайды екенсің. Дәрігерлер біздің өміріміз үшін қаншама уақыт ақ тер, көк тер болып өліммен күресті. Оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – деді.

Болатбек Бимендеұлы ерекше донор деп атап өткен төрт баласы, ең кішкенесі емшекте бола тұра бауырына бауырын бөліп берген Жазира Нұрғисаның қазақ қыздарына тән, ерлікке барабар қадам жасағанын үлкен мақтанышпен жеткізді.

Сондай-ақ, профессор Баймаханов бүгінде елімізде қайтыс болған адам­ның ағзасын алу мәселесі жолға қойыл­ма­ған­дықтан, амалсыздан туыстық донор алуға тура келетінін алға тартты. «Оны шешу жолы – ағза беру мәселесін халыққа түсіндіру керек. Бір жағынан осы акцияны сол үшін де ұйымдастырып отырмыз. Трансплантация 92 пайыз жағдайда адамға қайтадан өмір сыйлайды. Адамдар өз басына түскен кезде ғана «марқұмдардың туыстары неге келісім бермейді?» деп жатады. Сондықтан, әр адам ойлануы керек. Бұл әрекет ешбір дінге қарсы келмейді. Қайтыс болған адам өлімнен кейін де 5-6 адамға қайта өмір сыйлап жатса, одан артық сауап жоқ деп ойлаймын. Азия елдерінде – Жапония мен Кореяда 80-85 пайыз донор тірі адамнан алынса, Еуропа, Америкада қайтыс болғандардың ағзасын алу жоғары деңгейге қойылған. Мәселен, орталықта былтыр жасалған 26 отаның төртеуі ғана қайтыс болған адамнан алынды, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, Алматы қаласының бас трансплантологі Б.Баймаханов.

Бауыр алмастыру операциясының құны шет елде шамамен 150-200 мың доллар тұрса, біздің мемлекет бұл күрделі отаны да, операциядан кейінгі дәрі-дәрмекпен де тегін қамтамасыз етуде. Бүгінде елімізде 500 адам бауыр, 3 мыңдай адам бүйрек, 50-60 адам жүрек, жаңадан туған 20-25 нәресте ағза алмастыруға кезекте тұр. Қазір орталықта кезекте тұрған отыз адамның жетеуі 5-10 айлық сәбилер.

Иә, елімізде кейінгі жылдары бауыр­дың вирустық, аутоиммундық және ток­синдік зақымдануы көбейіп келе жат­қаны мамандарды алаңдатып отыр. Жалпы, трансплантологияда ең күр­делі ота – тірі донордан бауыр алып, ал­мастыру болып саналады. Өйткені, бау­ыр қан тамырлары ең көп ағза. Рас, ауру жас талғамайды. Әрі ешкім ауру­дан сақтандырылмаған. Әлбетте, құ­дай басқа салса, амал жоқ, көнесіз. Ондайда сол бауырды шын жүрегімен, шын пейілімен өз бауырың беріп жатса, ғанибет емес пе?..

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Руслан Канабеков