Ақордада ІV Астана экономикалық форумы аясында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Жапонияның бұрынғы премьер-министрі, аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен кездесті.
Өткен жылдың көктем айында Токиоға жасаған сапарымыз барысында қазақ-жапон ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен қос мемлекеттің болашақтағы даму бағыттарын талқылауға мүмкіндік туған еді. Әріптестік көкжиегінің бұлайша кеңеюіне біздің Мемлекет басшысының Күншығыс еліне сапары мен қол жеткізілген келіссөздер ықпал еткен болатын, деді Қанат Саудабаев. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде көптеген жанның өмірін қиған табиғи алапат зілзала мен «Фукусима-1» атом электр стансасындағы техногендік апатқа байланысты Жапония халқына көңіл айтты. Сіздің елдеріңізде орын алған қайғылы жағдай қазақстандықтарға да әсер етті. Себебі, біздің мемлекеттерімізді соңғы 15 жылдың бедерінде түрлі саладағы ынтымақтастық қана байланыстырмайды, Қазақстан мен Жапония әлем бойынша ядролық қарудың салдары мен салмағын шындап сезінген елдер. Ал табиғи апат атом электр стансасындағы техногендік апатқа ұласқан кезде оның бүкіл әлемді бейжай қалдырмағаны анық. Осыған орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміз тарапынан апаттың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге қолдау көрсетіліп келеді. Бұл ретте мен мынаны баса айтқым келіп отыр: алапат апат орын алған күндері дүние жүзінің дидары Жапонияға ауған кезде әлем халқы жойқын зілзаланың зардабын ғана емес, сол қиындыққа қарсы тұрып, оның салдарымен күресе білген жапон халқының күш-жігерін де өз көзімен көрді, деді Мемлекеттік хатшы.
Ал Юкио Хатояма өз кезегінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысымен кездесіп, екі ел әріптестігін талқылауға мүмкіндік алғанына ризашылығын жеткізді. Өткен жылдың наурыз айында сіз Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде жапон еліне сапармен келген едіңіз. Ал мен сол уақытта Жапонияның Премьер-министрі едім. Бұл сапар барысында біз қос мемлекеттің түрлі саладағы байланысын талқыға салдық. Қазіргі таңда біздің елдердің арасында түрлі салада, мәселен, табиғи ресурстарды пайдалану бағытында жақсы әріптестік байланыс орнаған. Мұндай байланыстар қос мемлекет үшін де тиімді әрі пайдалы, деді өзінің сөзінде Ю.Хатояма.
Кездесу барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық байланыстардың қарқынын үдету, жаңа технологиялар жетістігін пайдаланудағы өзара ықпалдастық тетігін нығайту мәселелерін де әңгіме өзегіне айналдырды. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау және қауіп-қатерді азайту төңірегіндегі ұзақ жылғы ынтымақтастықтың әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тауып отырғанын да тілге тиек етті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.