Мамырдың алғашқы таңы атып, күн ұясынан найза бойы көтерілген мезгілде Жетісудің жері оқыс мінез танытып дір етті. Алматы алаңына мерекелік шеруге ағылған жұрт табиғаттың тосын мінезін бірі сезсе, бірі байқамады. Демалысын үйде отырып өткізуді көздеген қалалықтар әуелгіде абдырап қалғаны рас.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық және геофизикалық зерттеу орталығы институтының сейсмикалық ақпараттарды арнайы жинақтау және қорыту орталығының мәліметтеріне көз жүгіртсек, 1 мамыр күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 8.31-де Алматы қаласының солтүстік-шығысында, шамамен 110 шақырым қашықтықта тербеліс қуаты 5,4 балл болатын жер сілкінісі тіркелген. Сілкіну ошағы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Екпінді елді мекені мен Қапшағай су қоймасының аймағы. Жалпы, екі тәулік ішінде қала мен облыс аймағында 8 рет жер қыртысының қозғалысы байқалған.
Таңғы тітіркеніс тыныш жатқан елді тұрғызып жібергенімен, одан кейін тіркелген толқындар бірінен кейін бірі әлсіреп барып мүлдем саябырсыды. Жердің ұңғыл-шұңғылын жабдық-жарағымен бақылап отырған ғалымдардың айтуынша, жәй күнде 1-2, тіпті 3 баллға дейінгі тербелістердің тіркелуі үйреншікті жәйт көрінеді. Рас-ау, пенде болған соң көзімізге көрсетіп, қолымызға ұстатпаса сене де бермейміз. Ал «пәленше айтыпты, алапат келе жатыр екен» десе ақпараттың анық-қанығына ой жүгіртпестен елден бұрын бас сауғалауға кірісіп кетеміз. Шынында да азанғы тербелісте тұра қашпаған қалалықтар күн ауып, кеш батқан кезде алып-қашты әңгімені іздеп жүріп тыңдап, оған өзі де бірдеңелерді қосып айтып, келесі бір кісінің ауызына сөз салумен болды. Жасырып қайтеміз, қала жұрты үйлерінен шығып аулаларда топ-тобымен түннің жартысын өткізді. Тіпті, қаладан тезірек ұзап кеткісі келгендер талайдан бері ат ізін салмаған ағайындарына қарай ат басын бұрғанға ұқсайды. Мейлі ғой, әркімге өз жаны қымбат. Алайда тербелістің арақашықтығы мен барған сайын әлсіреуінен-ақ қара танымайтын кісі бірдеңені шамалар еді. Бұл жолғы елді үркітудің астарында басқа бір мақсат жатқан сияқты. Осы жерде былтырғы Тараз қаласында «қырғыздың су қоймасы жарылыпты-мыс» дейтін қауесеттен кейін алды-артына қарамай қашқан жұртты еріксіз еске аласың. Бетін әрі қылсын, елден естімей-ақ ондай апат болса қас пен көздің арасында белшеден су кешіп қалатынын ойламастан жамбылдық ағайындар баспанасын тастай қашқан. Бекерге алаөкпе болды. Ертесіне облыс бойынша тіркелген пәтер тонау әрекеті жылдық «жоспарды» бір-ақ күнде орындап тастағанын көрсетті. Елдің өре түрегелгенін пайдаланған ұрылар «алтын уақытты» текке жібермеген. Бір ойымыз Алматыда да пиғылы жамандар ел ішіне іріткі салуды көздеді ме дейді. Өткен сәт, көлбеңдеген көріністерді көз алдыңа келтіресің, тағы шошисың. Алмағайып заман болса азаматтан гөрі, арамнан мал жиғысы келетін жамандардың қарасы көбейді ме деп.
Бір нәрсе ақиқат. Жетісудың жері мінез көрсетті. Пәлен-түген деуден аулақпыз. Табиғат адамзатпен ақылдаспайтыны және шындық. Сондықтан да мамырдың алғашқы тәулігі мамыражай нәумез күй кешпеу керек екендігін ұқтырып тастады. Дереу атқа мінген төтенше жағдайлар қызметі қалада қауіп тудырарлық жағдайдың орын алмағанын анықтады. Ешбір шығын келмеген, яғни, дүрлігуге еш негіз жоқ. Сейсмолог ғалымдар планетаның бір жерінде болған ірі жер сілкінісінің дүмпуі көршілес елдерге әсері болады дегенді айтып отыр. Бұл болған тербеліс Жапон жеріндегі сілкіністің салқыны. Ләйім солай болғай!
Бір ескеретін жәйт, ел аузында жүрген «пәлен тәуіп болжапты, түген көріпкел айтыпты» дейтін елірме сөзге ере бермей, Тәңірімізді ойлап, тәубемізге келіп отырғанымыз абзал. Ел тыныш болса, жер де тыныш жатса керек. Ниеті дұрыс елге нақақтан нәубет келмейтінін әсте естен шығармайық.
Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.