04 Мамыр, 2011

Бауыржан Момышұлы: «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі»

870 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ІІМ Ішкі әскерлер әскери институтында «Тәуелсіздік жемістері: берік қорғаныс, әскери білім берудің мәселелері және даму жолдары» деген тақы­рып­та халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналып, қамтылған тақырыптардың өзектілігімен, са­налуандылығымен ерекшеленді. Конференцияны аталған оқу орнының бастығы, ішкі әс­кер полковнигі, әскери ғы­лым­дар докторы Жұмабек Ахметов кіріспе сөзбен ашып, Президент Н.Назарбаевтың «Мен сол­түстік климаттық жағ­дай­ында тәрбиеленіп, білім алған курсанттар әскери жағынан шың­далып, болашақта Қазақ­стан Республикасының офицерлік құрамының негізін құ­райтынына сенімдімін, деген сөздерін келтірді. Иә, осыдан 14 жыл бұрын Петропавл жоғары әскери училищесі шаңырақ көтергенде Ел­басы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев осында арнайы болып, Жауынгерлік туды салтанатты жағдайда тапсырған болатын. Содан бері офицерлер мен курсанттар Мемлекет басшысының сенімін абыроймен ақтап келеді. Бү­гінде әскери институт деген мәр­тебелі атқа ие болған оқу ор­да­сын 1800-дей түлек бітіріп шық­ты. Олардың 153-і үздік аяқтаса, 20-сы «Әскери оқу орнын озат бітіргені үшін» кеуде белгісіне ие болды. Институт базасында команда­лық-тактикалық, командалық-так­тикалық тәрбие және әлеу­мет­тік-құқықтық жұмыс, әскерлерді ра­ке­­та­лық-артиллериялық қамта­ма­сыз ету, командалық-тактикалық автомобильдік әскерлер, коман­да­лық-тактикалық әскерлерді тыл­­дық қамтамасыз ету ма­ман­дықтары бойынша болашақ мамандар әзірленеді. Екі жылдан бері Қырғызстан және Тәжік­станның өкілдері де жоғары білім алып келеді. Жұмабек Хатиол­ла­ұлы талқылауға 135 баяндаманың түскенін, олардың арасында 12 ғылым докторы барын, Ресей, Украина, Қырғызстан, Беларусь, Қазақстанның жоғары оқу орын­дарының, әскери құра­лым­дары­ның өкілдері өте-мөте белсенділік танытып отырғанын атап көрсетті. Бірінші сөзді әскери ғы­лым­дар докторы, профессор Ким Серікбаев алды. Еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға зор үлес қосқан ардагер әлі саптан қала қоймаған. Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары оқу орнында қызмет атқаратын бауыр­жан­та­ну­шы­ның баяндамасын жиналған­дар ұйып тыңдады. Ол қазақтың даңқты ұлы Баукеңнің әскери, соғыс стратегиясы мен так­ти­касын жиналғандарға қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Ел қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің ма­ңызды мәселелерін жіпке тізгендей баяндап, талдай білді. Офицерлер мен жауынгерлердің шеберлігін жетілдіру жолдарын өмір­лік тә­жірибемен байла­ныс­ты­ра оты­рып ұрпақтар арасын­дағы дәстүр сабақтастығы ту­ра­лы ойларын нақты мысалдармен өрбітті. Әс­кери саланың ғылым­мен бай­ла­ныстылығы, қазақ­стан­дық пат­рио­тизмді жастар бойына дарыту, кәсіптік армия құру, әс­кери құрамаларда тәртіп пен талапты арттыру, әскери кадрлармен толықтыру, жоо-ларда ал­ғаш­қы әскери дайындық кафе­дра­ларын қайтадан ашу, техни­ка­лық мектептерді көбейту тұрғы­сында да айтары аз болмады. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетінің деканы, тарих ғылым­да­ры­ның докторы, бауыржантану­шы Қайырлы Мұхамбетқалиев Б.Момышұлының «Соғыс пси­хо­ло­гия­сы» туындысы жоғары оқу орындарының оқу бағдарлама­сына енгізілгенін жеткізе келіп, тәрбие мектептен басталаты­нын, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін от басы, ошақ қасынан қалыптас­тырудың маңызына назар аудар­ды. Ұлттық сезім, ел та­рихын зерделеу, адам­гер­ші­лік-танымдық мәселелер тө­ңі­регінде ой өрбітті. Өз сөзін Баукеңнің «Ежелден ер тілегі – ел тілегі, Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деген қанатты тұ­жы­рымымен аяқтады. Ішкі әс­кер­лердің тәрбие және әлеуметтік-құ­қықтық басқармасының бас­ты­ғы Мұқамедқали Сатов, педагогика ғылымдарының док­то­ры, профессор Алма Мырза­ли­нова, тарих ғылымдарының канди­даты Гүлнәр Мұқанова, тағы бас­қаларының баянда­ма­ла­рын­да айтылған пікірлер өз­ара үн­дестік тапты. Сөз ара­сында әс­кери институт басты­ғының оқу және ғылым мә­се­лелері бой­ын­ша орынбасары Қанатбай Әлиев­тің қазақ тілінде жасаған баяндамасы да әсерлі шыққа­нын айта кеткен орынды. Конференцияға қатысушы­лар Қазақстанның мемлекеттілігін, ұлттық дербестігін және тұтастығын нығайтудағы, дербес Қарулы Күштер құрудағы, әскери саланы реформалаудағы Елбасының рөлін айрықша атап көрсетті. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында білім берудің мазмұнын жақ­сартуға бағытталған міндеттер аясында офицерлер құрамын жас кадрлармен толықтыру та­лап­тарын жаңашыл үрдіс­тер­мен толықтыра беруге уағдаласты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.