Өзі тұрған көшеге, өзі құрған оркестр мен консерваторияға Құрманғазының атын бергізген, тіпті күй атасы Құрманғазыны Бетховенге теңегені үшін «буржуазиялық ұлтшыл» атанған Ахмет Жұбанов сынды саз әлемі сардарының есімі де, қазақ мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі де ұмытылмақ емес. Бұл күндері айтулы сазгердің туғанына 105 жыл толып отыр.
Ахмет бабамыздың мерейтойына арналған барлық іс-шаралар өзінің төлтума перзентіндей болған Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің қара шаңырағында – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтті.
Ахмет Жұбановтың ұлттық өнердің өркендеуіне қосқан еңбегі өлшеусіз десек, бұл артық айтқандық емес. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуінің жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер ордаларының құрылуы мен кәсіби ұжымдардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құрылғанына 70, 60 жыл толған Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория және сол оқу орнындағы халық аспаптар кафедрасы, Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Жұбановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар екенін тағы да бір қайталай кеткеннің артығы болмас.
Жазушы С.Мұқанов Ахмет Жұбановты ұлы Абайдың бейнесін жасаған Мұхтар Әуезовпен салыстырса, ол да – ақиқат.
Ахмет Жұбановты ардақтау шарасы алдымен консерваторияның үлкен холына қойылған бюстің ашылуымен басталды.
Бұл жолы да Жұбановтың тасқа көшкен бейнесін Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Тілеуберді Бинашев жасаған екен. Ол бұған дейін де Жұбанов зиратындағы, А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатының ауласындағы және Атыраудағы ескерткіштерін жасаған шебер. Кәкімжан Наурызбаев сынды суреткердің шәкірті Абылай ханның, М.Әуезов пен К.Байсейітованың, Созақтағы Керей мен Жәнібек ханның мүсіндерін қашаған. Қазіргі күндері Тілеуберді Бинашев тағы бір үлкен жұмыстың үстінде отырған көрінеді. Яғни, Құрманғазының ескерткіші де аяқталуға жақын.
Сонымен Ахмет Жұбанов бюстінің ашылу салтанатында Ажар Жұбанова мен Құрманғазы оркестрінің директоры Еркебұлан Мүсіреп сөз алып, жиналған қауымға жылы лебіздерін білдірді.
– Әкеміздің бейнесі конверваторияның концерт залына қарама-қарсы қойылғаны да бекер емес. Жұбанов қай кезде де өз шәкірттерімен бірге деді, – Ажар Ахметқызы.
Осыдан кейін Ахмет Жұбанов атындағы қоғамдық қордың тұсаукесері өтті. Бұдан кейін Жұбановты ұлықтаған шара үлкен концертке ұласты. Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен өткен концертте алдымен Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев мазмұнды баяндама жасап, музыка өнерінің түрлі жанрында жемісті қызмет еткен Ахмет Жұбанов әлеміне кеңінен тоқталып өтті.
– Ахмет Жұбановтың шығармашылық өмірі түгел зерттелген жоқ. Маңызы толық ашылған емес. Сондықтан атқарылатын істер әлі де алда, – деді вице-министр Асқар Бөрібаев.
Құрманғазы оркестрінде 40 жылдай еңбек еткен Қазақстанның халық әртісі Алдаберген Мырзабековтің сөзінде де талай адамның тағдыры жатыр.
– Менің бүгін сөйлемей қалуға қақым жоқ. Ахмет Жұбанов – ұлтымыздың маңдайына біткен теңдесі жоқ ұлы тұлға. Халқымыздың тұрмысы төмен кездің өзінде колхоз-совхоздардан біз сияқты музыкалық сауаты жоқ жастарды жинап, тұңғыш рет халық аспаптары оркестрін дүниеге әкелуінің өзі өлшеусіз еңбек. Оркестрде ойнау үшін кемінде музыкалық училищеде білім алу қажет. Ол заманда ондай музыка мамандары болмады. Осыны жоғарыдағы шенеуніктерге түсіндіріп, нәтижесінде Құрманғазы оркестрін әлемге танытты. Басқасын айтпағанның өзінде, ол кісінің адамгершілігі де жоғары болды. Өнер адамдарының болмысы мен табиғатын терең түсінді. Шәкірттерін шабыттандырып, оларды ұдайы қолдап отырды, – деді Алдаберген Мырзабеков.
Сонымен, Құрманғазының «Серпер» күйімен басталып, «Сарыарқасымен» аяқталған концертте оркестрдің әр жылдардағы ардагерлері мен Ахаңның көзін көрген шәкірттері киелі сахнамен, байырғы тыңдармандарымен қайта қауышты.
Айнаш ЕСАЛИ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Алматы.