05 Мамыр, 2011

Парламенттік лига төрағасымен жүздесті

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордамызда өтіп жатқан IV Астана экономикалық фо­ру­мы жұмысы шеңберінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның бұрынғы премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Мәжіліс Төрағасы сөз басында биылғы көктемде болған зілзаланың қасіретін шеккен Жапония халқына көңіл айтты. Юкио Хатояма кезінде Қазақстан халқы Семей сынақ аймағында болған ядролық жарылыстардың зардаптарын шеккенін жан-жүрегімен түсіне­тінін жеткізді. Сондықтан табиғат апатына ұшыр­аған жапон халқының жағ­дайына ерекше назар аударған қазақстандықтарға көрсет­кен көмегі үшін алғысын білдірді. Қазақстан мен Жапония ара­сын­дағы қа­рым-қатынасты да­мы­ту осы басқосу бары­сын­дағы әң­гіменің негізгі арқауына ай­нал­ды. Мәжіліс Төрағасының мәлім­деуін­ше, Жа­по­ниямен стратегия­лық әріптестік бай­ланысты өріс­тету – Қазақстанның сырт­қы сая­саттағы басымдық берілген ба­ғыты. Президент Н.Назарбаевтың 2008 жылғы маусым айында То­киоға жасаған ресми сапары екі елдің арасындағы ынтымақ­тас­тықтың мүмкіндігі мол екендігін көрсетті. Тараптар парламентаралық кез­десулер саяси үнқатысудың маңызды тетігі болатынын атап өтті. Соның жарқын көрінісі  өт­кен жылы қараша айында Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақ­стан парламентшілерінің Жапо­ния­ға барған ресми сапары бо­лып табылады. Сол сапар бары­сында Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі Жапонияның парламенттік лигасымен кездесулер болып өтті. Қазақстан Пар­ламентінің Мәжілісінде де Жапония Парламентімен ынтымақтас­тық жөніндегі достық тобы бар. Осы орайда Мәжіліс Төр­аға­сы Юкио Хатояманы Қазақ­стан­мен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лиганың төрағасы қызметіне тағайындалуымен құт­тықтады. Және де парламенттік достық лигасының бірлескен оты­рысын өткізу жөнінде ұсы­ныс жасады.