Атом өнеркәсібінің бүгіні мен болашағы хақындағы халықаралық конференциядан кейінгі ой
Жапон жерінде болған алапат жер сілкінісі әлемді дүр сілкіндірді. Төрткүл дүниені тітіреткен зілзала салдарынан болған қалалардың қирауы, ондаған мың адамның қазасы ғана емес еді. Адамзаттың үрейін туғызған жер сілкінісінен кейін болған цунами салдарынан Хонсю аралында орналасқан «Фукусима-1» атом электр стансасында болған апаттар болды. Хонсю аралында 4 атом электр стансасы: «Фукусима-1», «Фукусима-2», «Онагава» және «Токай» орналасқан. Бұл АЭС-тер Жапониядағы барлық ядролық реакторлардың төрттен біріне қызмет көрсетеді. Яғни, елдегі барлық 55 реактордың 14-і осы аралда орналасқан. Аралдардан құралған жұтаң жерінде ешқандай энергетикалық қуат көзі жоқ жапон елі соңғы ондаған жылдар көлемінде ядролық энергетиканы дамытуға барынша басымдық беріп келеді. Күні бүгінге дейін Жапония қажетті электр қуатының 60 пайызын импорттайды. Сондықтан бұл ел үшін АЭС-тер ауадай қажет.
Әлқиссамызды жапон еліндегі зілзаладан бастағаннан кейін «Фукусима-1» АЭС-інде апатты жағдайдың қалай орын алғанын да айта кетейік. Жақында Астана қаласында «Қазақстан Республикасы атом саласын дамытудың бүгінгі жағдайы және болашағы» атты халықаралық конференция өтіп, онда еліміздің атом өндірісі саласын дамыту мәселелері жан-жақты сөз болып, ядролық энергетиканың болашағы тілге тиек етілді. Осы халықаралық конференцияға Жапонияның атом энергиясы жөніндегі комиссиясының бұрынғы төрағасы Фуджие Йоичи қатысып, осы елде болған атом электр стансаларындағы апаттар туралы жиналғандарға жан-жақты мағлұмат берді. 11 наурыз күні осы елде планетамыздың тарихында бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор зілзала (жер сілкінісінің магнитудасы 8,9 бал) орын алды. Жер сілкінісі зардабынан АЭС-тердің ғимараттары да, реакторлары да зардап шеккен жоқ. Сейсмологиялық белсенділік болған кезде реакторларды автоматты түрде өшіру жүйесі де міндетін қалтқысыз атқарды. Зілзаладан көз ашпайтын жапон елінің ғимараттары күшті жер сілкіністеріне де төтеп беретіндігін көрсетті. Алайда, АЭС-терді апатты жағдайға ұрындырған жер сілкінісінен кейін болған цунами еді. Он қабатты үйлердің биіктігіндей толқындар арнайы жасалған дамбалардан асып, АЭС ғимаратын жауып кетті. Осының салдарынан реакторларды суытып отыратын жүйе істен шығып, генераторлар қызып кетті. Сөйтіп, 12 және 14 наурызда «Фукусима-1» АЭС-інің бірінші және үшінші энергоблоктарында жарылыс болды.
Әлем сарапшылары Жапония АЭС-теріндегі апаттардың салдарына әртүрлі баға беруде. Біреулер, Фукусимадағы жарылыстан кейін қоршаған ортаға тараған радиация көлемі рентген сәулесінен болатын мөлшерден артық емес дейді. Енді біреулер Жапониядағы атом реакторларында орын алған қауіпті жағдайдың салдары ұзаққа созылатын апат әкеледі дегенді алға тартады. Қалай болғанда да, «Фукусима-1» АЭС-інде болған жарылыстарды Чернобыль апатының зардаптарымен салыстыруға болмайды. «Фукусима-1» АЭС-індегі апаттар адамзаттың ядролық реакторлардың қауіпсіздігін арттыруда орасан зор алға басқандығын көрсетті. «Фукусима-1»-дегі реакторлардың өзі өткен ғасырдың 70-ші жылдарында орнатылғандығын атап өткен жөн.
Иә, Жапониядағы атом электр стансаларында орын алған апаттар дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақыл-ойын адамзат үшін ядролық энергетика қажет пе, бұл энергия қуатының адамдар үшін пайдасы басым ба, әлде зияны зор ма деген тығырыққа тіреді. Осыған байланысты дүние жүзінің «жасылдары» ядролық энергетикаға қарсы көтеріліп, энергия қуатын алудың балама тәсілдерін жақтаушылардың беделі бір сәтте көтеріліп шыға келді. Ақиқатын айтсақ, адамзат болашағын атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Қазірдің өзінде дүние жүзіндегі өндірілетін электр қуатының 17 пайызы атом электр стансаларының үлесіне тиеді. Басқа баламалы электр қуаттарының үлесі тым мардымсыз. Олай болатын болса, әрі арзан, әрі беретін қуаты аса зор, экологиялық жағынан таза атом энергетикасының болашағына балта шабуға болмайды.
Бүгінде әлемнің кейбір дамыған елдерінде электр қуатын өндіру үлесінде атом энергетикасының үлес салмағы 50 пайыздан артып отыр. Мәселен, бұл көрсеткіш Францияда 77 пайызды құрайды. Әлемнің 40-тан астам мемлекетінде АЭС-тер жұмыс істеп тұр. Оның ішінде АҚШ, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер атом энергиясын өндіруде көш бастап келеді. Сонымен бірге Қытай, Үндістан, Түркия, Болгария сияқты мемлекеттер өздерінің атом энергетикасын дамытып, АЭС-тер салу жөнінде кешенді жоспарлар белгілеген. Бұл елдердің қатарында Қазақстан да өзінің атом энергетикасы саласын дамыту мақсатында ұзақ жылдарға арналған бағдарлама белгілеп отыр.
Міне, әлемде қалыптасқан осы жағдайларды ескере келіп, 11 наурызда орын алған оқиғалардың атом энергиясын дамыту болашағына тосқауыл қоя алмайтындығын сеніммен айтуға болады. Ешбір дамыған мемлекет өз экономикасына орасан зор пайда әкелетін, экологиялық таза және экономикалық тиімді атом энергетикасынан бас тартпайды. Бұл ретте тек озық ойлы адамзат және ғылым атом реакторларының қауіптілігін мүлде болдырмау мақсатында ізденістер жүргізуі қажет. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды, қол жеткен жетістіктер де баршылық. Оған осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің «Курск» атом сүңгуір қайығында болған апатты мысалға келтіруге болады. «Курскіде» болған жарылыс салдарынан сүңгуір қайық зор зардап шеккен. Ондаған адам қаза тапты. Апаттан кейін бірнеше ай өткен соң сүңгуір қайықтың қалдықтарын жер бетіне көтерген кезде, қайықтағы атом реакторының жарылыстан ешбір зақым шекпей, жұмыс істеу қалпында сақталғаны анықталды. Ал «Курск» сүңгуір қайығында болған жарылыс Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-інде болған жарылыстан ондаған есе күшті болатын.
Қазіргі таңда әлемде 439 ядролық реактор жұмыс істеп тұр, 136 атом реакторын іске қосу жобасы бар. АЭС ең көп шоғырланған мемлекеттер қатарында АҚШ бірінші орынды алады. Қазір бұл алып елде өндірілетін бүкіл электр энергиясының 20 пайызын қамтамасыз ететін 104 реактор жұмыс істейді. Әлемдік рынокта мұнай және газ бағасының жылдан-жылға қымбаттауы, бұл энергия көздерінің табиғи қорының азаюы адамзатты басқа да тиімді қуат көздерін іздеуге мәжбүрлейді. Осы жолда жаһандық экономика басқа баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді. Ал атом энергетикасының басты қозғаушы күші – уран. Жомарт жеріміздің қойнауындағы уран кенінің көлемі жағынан дүние жүзінде екінші орын алатын Қазақстан үшін бұл бағыттың экономикалық пайдасы орасан зор. Таяу болашақта Қазақстан әлемдік атом рыногында көшбасшы орынды алатындығы даусыз. Оған 2009 жылы еліміздің уран өндіру жөнінен әлемде бірінші орынға шығуы дәлел болса керек. Міне, әлемдік атом рыногында қалыптасқан осы ахуалды айрықша түсінген республика Үкіметі ядролық отын циклін – уран шығару кеніштерінен бастап, АЭС салуға дейінгі интеграцияланған ауқымды кешен құруға дейін дамытуды мақсат етіп қойып отыр.
УРАН – БАЛАМАСЫЗ ҚУАТ КӨЗІ
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның атом өндірісі саласы тоқырауға ұшырады. Тәуелсіз мемлекетіміз тарих табалдырығын аттаған алғашқы сәттерде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен ғасыр тажалы атанған атом бомбасының сынақ алаңы Семей полигонын жауып, тарихта тұңғыш рет ерікті түрде ядролық қарудан бас тартқанда, өркениетті әлем бейбітшіліксүйгіш Қазақстанға үкілі үмітін артты. Содан кейін ел ертеңіне барынша басымдық беретін Елбасы тағы да жаңа Жарлығымен қазақ жеріндегі қызыл империядан «мұраға» қалған полигон базасын бейбіт мақсаттағы ғылыми жұмыстарға пайдалану үшін Курчатов қаласында Ұлттық ядролық ғылыми орталық ашып, алғаш рет «бейбіт атом» ұғымын нақты жасампаз істермен дәйектеген болатын.
1997 жылы елімізде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы (ҰАК) құрылды. Бұл компанияның алғашқы міндеттерінің бірі ретінде әлемдік рынокқа қазақстандық уранды экспорттау міндеті қойылды. 1999 жылы компания АҚШ-та өткен антидемпингтік үдерісте жеңімпаз атанып, осы елге уран экспорттау құқығын иеленді. Ал 2001 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Қытай рыногына шығып, кейіннен Оңтүстік Кореяға уран экспорттай бастады. 2002 жылы біздің ұлттық компания табиғи уран өндіру жөнінде әлемдегі бесінші орынға шықты.
Сонымен бірге елімізде жоғары технологиялық өндіріс болып табылатын Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытын қайта жарақтандыру жұмыстары қолға алынды. 1999 жылы осы зауыт базасында қазақстандық кен орындарынан қазып алынған химиялық концентраттардан табиғи уранның шала тотығын және көміртегі тотығын шығару өндірісін жолға қойды. 2000 жылы Үлбі металлургиялық зауыты «Дженерал Электрик» үшін уран диоксиді ұнтағын жеткізетін арнаулы сертификатқа ие болды. Сонымен бірге осы өндіріс ошағында РБМК 1000 реакторы үшін отын таблеткаларын шығару желісі орнатылды. Одан кейінгі жылдарда отандық атом компаниясының мамандары әлемдік атом ғылымында 20 жыл технологиялық артта қалушылықтың орнын толтырып, берилл, тантал және ниобий өнімдерін шығаратын өндірістерді қатарға қосты.
Қазақстан атом өнеркәсібі 2003 жыл мен 2010 жылдар аралығында уран өндіру өнеркәсібін барынша дамыту бағдарламасын іс жүзіне асырды. Осының нәтижесінде елімізде 2003 жылы 3 мың тонна уран шығарылса, 2010 жылы 17 мың тонна уран өндіру межесіне қол жеткізілді. Сөйтіп, еліміз санаулы жылдардың ішінде ядролық отын рыногында көшбасшылық орынға шығып, уран шығару көлемі бойынша дүние жүзінде бірінші орынды иеленді. Қазақстандағы 2002-2010 жылдар арасындағы уран өндіру өсімін келтірілген кестеден көруге болады.
Елімізде ядролық отын өндіру көлемінің осыншама өсуіне Қазақстан аумағындағы уран кеніштерінің көптігі де себеп болып отыр. Қазір еліміз әлемдегі барлық анықталған уран қорының 19 пайызын иеленеді. Табиғи уран шығару қазір республикамыздың 21 кенішінде жүргізілуде. Олардың жалпы жобалық қуаты жылына 22 мың тонна деп есептелінеді.
Қазақстан аумағында бүгінде уран кені қоры шоғырланған 129 кеніш анықталған. Мұның бәрі Қазақстан атом өнеркәсібі белгілеген 6 уран кеніші аймағына бөлінген. Атап айтқанда, Балқаш маңайындағы кеніштер аймағы, Каспий, Іле, Солтүстік Қазақстан, Сырдария, Шу-Сарысу маңайындағы кеніштер аймағы болып бөлінеді. Бұл аймақтардағы уран қоры жалпы алғанда 1,69 миллион тонна деп есептелінеді. Оның ішінде 1,2 миллион тоннасы ең арзан және экологиялық жағынан қауіпсіз тәсілдермен өндіруге ыңғайлы болып келеді.
Осы жерде айта кететін бір мәселе, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК жалпы өндірілетін уран көлемінің үштен бірін ғана шығарады. Басқалары шетелдік компаниялардың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындардың еншісінде. МАГАТЭ сарапшыларының пайымдауынша, 2030 жылдарға таман жаһандық энергия қуатын тұтыну көлемі 51 пайызға дейін артады. Бұл Қазақстан атом өнеркәсібі үшін алдағы уақытта да орасан зор мүмкіндіктер туғызатындығы даусыз. Бұл ретте сыртқы рынокқа уран шығару мүмкіндігін іздеу мәселесіне де ерекше басымдық беру керек. Мәселен, 2010 жылы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ қолындағы сұраныс портфелі 17 миллиард долларды құрап отыр. Қазірдің өзінде әлемдегі ядролық отынға деген сұраныс артып, уран бағасы барған сайын қымбаттауда. Қазір әлемдік рыноктың уранға деген сұранысының 60 пайызы нақты өндірілген уранмен жабылып отырса, қалған 40 пайызы кешегі жаппай қарулану науқаны кезеңінен қалған қоймадағы қорлармен қамтамасыз етілуде.
Сарапшылардың айтуынша, бұл қоймадағы қорлар 2015 жылы таусылады. Сонымен бірге бұл кезеңде уранға деген әлемдік сұраныс 24 пайызға дейін артады. Ендеше, Қазақстан атом өнеркәсібінің болашағы зор, табысы қомақты болмақ. Қазақ жерін қырық жыл қасірет құрсауымен құрықтап, ұлы дала кіндігі – Сарыарқаны сілікпеге салып сілкінткен Семей полигонының ащы зардабын шеккен қазақ халқының енді бейбіт атомның пайдасы мен игілігін көруге толық құқы бар. Бұл ретте қазыналы жеріміздің құнарлы қойнауындағы мол уран қоры, Семей полигоны базасында Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен ғасырлар тоғысында құрылған Ұлттық ядролық ғылыми орталық пен Курчатовтағы ядролық технологиялық парктің экономикалық және инновациялық тиімділігі мол болмақ. Сондықтан еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде отандық атом өндірісін дамыту мәселесіне барынша басымдық беріліп отыр.
ЯДРОЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ТИІМДІЛІГІ
Қазақстанда атом өнеркәсібі саласында уран өндірісін дамытумен қатар Ұлттық ядролық ғылыми орталық негізінде ядролық ғылымды дамыту мәселесіне де ерекше басымдық берілген. Осы мақсатпен Курчатов қаласында «Ядролық технологиялық паркі» АҚ құрылған. Ұлттық ядролық технологиялар паркін құрудағы басты мақсат ядролық және жанама технологиялар саласындағы ғылыми негіздегі жоғары технологиялық компанияларды өрістету арқылы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына барынша тиімді ахуал қалыптастыру болып табылатындығы белгілі. “Ядролық технологиялар паркі” ұлттық технопаркі қазіргі кезде ғылым жетістіктеріне сүйенетін инновациялық кәсіпорындар құрып, бизнес жүргізудің нақты да озық орталығына айналуда. Үкімет тапсырған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында “Ядролық технологиялар паркі” АҚ технопаркке қажетті инфрақұрылым қалыптастыруда.
Иә, еліміздің атом өндірісі саласын дамыту үшін энергиялық технология және өте ізденісті қажет ететін ядролық технологияны дамытудың маңызы зор. Осы орайда тағы бір айрықша маңызды мәселені айтпай кетуге болмас. Жасыратыны жоқ, еліміздің бейбіт атом саласы өндірісін және ядролық технологияны өрістету мақсатында кадр тапшылығы айрықша сезіледі. Шындығында бұл салада әлі отандық кадрлар даярлау мәселесі игерілмей жатқан тың сала десе де болғандай. Ядролық технология саласын былай қойғанның өзінде, елімізге миллиардтаған табыс әкеліп жатқан уран өндірісі саласында да білікті кадрлар, оның ішінде, ұлттық кадрлар жоқтың қасы. Еліміздің уран өндірісі саласының тәжірибелі маманы, «Бетпақдала» бірлескен кәсіпорынның бас геологы Юрий Александровтың айтуынша, қазір бұл салада жұмыс істейтін мамандардың басым көпшілігі зейнет жасына жеткендер немесе одан да асып кеткен адамдар болып саналады. Ал ядролық технология саласында еңбек ететін аздаған ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-тің жетекші менеджерінің алатын жалақыларымен салыстыруға да келмейді. Әрине, елімізде бұл бағытта қабылданған бағдарламалар да, ашылған оқу орындары да бар. Бірақ олардың атқарып жатқан жұмысы әзірге көңіл толтырмайды. Әсіресе, ел экономикасының ертеңгі берік табыс тұғырларының бірі болып табылатын бейбіт атом өндірісін ұлттық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін міндет.
ҚАЗАҚСТАН АЭС-і: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
Қазақстанда атом энергетикалық стансасын салу жөніндегі мәселенің сөз болып келе жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. Жылдан-жылға қарышты қарқынмен дамып келе жатқан ел экономикасы қазірдің өзінде электр энергиясы тапшылығын айқын сезіне бастады. Ал еліміздің оңтүстік өңірі энергия қуаты бойынша әлі күнге дейін көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға тәуелді. Энергетикалық қуат көздерінің қоры жағынан аймақтағы елдердің бір де біріне дес бермейтін Қазақстанның әлі күнге дейін электр энергиясын тұтынуда өзгелерге тәуелді болып отырғандығының өзі басқа жағын былай қойғанда, намысқа тиетін-ақ жәйт.
Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі талқыланатын мерзім бірнеше рет кейін шегеріліп, станса салынатын өңірді белгілеудің өзі талай-талай өзгертіліп, мамандардың өзін шатастыра бастады. Экономикамыздың даму қарқыны осы жоғары деңгейде сақталатын болса, еліміз 2015 жылдары электр энергиясының жетімсіздігінен ерекше зардап шегетін болады. Дүние жүзінде ядролық отын өндіру көлемі жағынан бірінші орынға шыққан, яғни атом энергетикасы үшін су тегін отын қорының үстінде отырған Қазақстан үшін әрі арзан, әрі экономикалық тиімді, әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамытпау, қолындағы барыңды «көлденең көк аттыға үлестірумен» тең.
Бұған бір жағынан қазақ жерінің қойнауындағы уран кенін қазып алып, шикізат күйінде шетке сатып, миллиардтаған қаржыға кенеліп отырған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-тің бейқамдығы да әсерін тигізіп отыр. Өзгені былай қойғанның өзінде, іргеміздегі Қытай елі 2020 жылға таман өздерінде қазір жұмыс істеп тұрған АЭС-тер қуатын 7-8 есе арттыратындығы жөнінде мәлімдеді. Бұл алдағы 10 жыл ішінде Қытайда жаңадан 6-7 жаңа АЭС блоктары салынады деген сөз. Қытайда АЭС-терге қажетті отын қоры уран Қазақстанмен салыстырғанда 20 есе төмен өндіріледі. Ендеше, Қытай атом энергетикасын дамытуға «еріккеннің ермегі үшін» барып отырмағаны шығар.
Қазір еліміздегі кейбір топтар мен ядролық энергетиканың қарсыластары халқымыздың қауіпсіздігін ойласақ, елімізде АЭС-тер салмауымыз керек деген біржақты пікірді үзілді-кесілді алға тартады. Әрине, бетін аулақ қылсын, АЭС-терде апат бола қалса, реакторлардан бөлінетін ядролық изотоптар шекарадан тайсалып, халық таңдап жатпайды. Сондықтан Қазақстан халқының қауіпсіздігі тек Қазақстанда салынатын атом электр стансаларына тіреліп тұрған жоқ. Әрине, атом энергетикасын дамыту жолына түскен әрбір мемлекет, алдыңғы қатарлы адамзаттың ақыл-ойы ядролық технологияның адамзат үшін мүлде қауіпсіз болатын жолын жатпай-тұрмай жетілдіре беруі керек.
Жақында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы президенттерінің бастамасымен әлемде тұңғыш рет уран кенін байыту жөніндегі халықаралық орталық құрылды. Ресейдің Ангарск қаласында жұмыс істеп тұрған табиғи уран кенін байыту жөніндегі бұл бірлескен кәсіпорынның дүние жүзінде баламасы жоқ. Астанада өткен Қазақстан Республикасы атом өндірісі саласын дамыту болашағына арналған халықаралық конференцияға келген Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко екі ел арасындағы бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігін атап көрсетті. Осы сапар барысында «Росатом» және «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары арасында бірқатар тиімді келісімдерге қол қойылды. Осы орайда Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабылдайтын болса, Ресей тарапы бұл жобаны нақты жүзеге асыруға қолдау көрсететіндігі жөнінде ашық мәлімденді. Қазір Ресейде шығарылып жатқан ядролық реакторлардың дүние жүзіндегі осы тектес реакторлардан әлдеқайда қауіпсіз екендігін әлем ғалымдары мойындап отыр. Оған жоғарыда айтқан «Курск» сүңгуір қайығына орнатылған ядролық реактор дәлел бола алады.
Жаһандану үрдісінде өзінің лайықты орнын алып, жылдан-жылға серпінді даму баспалдақтарына көтеріле бастаған Қазақстан экономикасына таяу болашақта қазіргі тұтынып отырған мөлшерден әлдеқайда жоғары мөлшердегі электр қуаты қажет. Оның тиімді көзі ядролық энергетика болмақ. Қазақстанда бейбіт атом саласын дамыту 2020 жылдарға дейінгі еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шешуші салаларының бірі болуға тиіс. Ядролық технологияны дамыту мәселесін былай қойғанның өзінде, қазыналы жеріміздің қойнына бүккен уран кенін бүгінгі қалыптасқан қолайлы сәтті пайдаланып, халықаралық рынокқа шығару – кезек күттірмейтін міндет, халқымыздың игілігі үшін пайдаланатын қомақты қаржы.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.