Бүкіләлемдік дәнді дақылдар өндірісі ішінде бидай егісі әрдайым бірінші орында тұратыны бәрімізге мәлім. Біздің республикамыз аграрлы-индустриялы, Орталық Азиядағы бидайды көп егетін аймақ болып есептеледі. 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде Елбасы Н.Назарбаевтың айтуы бойынша, Қазақстан дүние жүзінде ұнды экспортқа шығаруда бірінші орынды, бидай өндіруден жетінші орынды алды, тек қана еліміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да 7-8 млн. тонна сапалы бидай дәнін шығаруда.
Ауыл шаруашылығында келтірілген статистикалық деректерге сүйенсек, республика бойынша 2006 жылы 13,5 миллион гектар бидай егіліпті, соңғы бесжылдықта бұл көрсеткіш 16,8 миллион гектарға дейін көтерілген, биылғы 2011 жылы 17 миллион гектардан астам бидай егу жоспарлануда.
Еліміздің 11 облысының егіс егілетін табиғат аймақтары бидай өсіруге ыңғайлы келеді, бірақ ауа райының ыстық, суығына байланысты сапалы түсім алуға әртүрлі зиянды организмдер кедергі етеді, атап айтқанда, аурулардан келетін шығын мөлшері жылына 15-20 пайызды түзейді. Эпифитотия дәрежесіне дейін жеткен жылдары 30-40 пайыздан жоғары болады. Бидай өнімділігін қатты төмендетін аурулар коңыр, сары, сабақты таттар, (Puccinia recondita, Puccinia striiformis, Puccinia graminis), жапырақты дақтар (Septoria nodorum и Septoria tritici, Drechlera tritici-repentis), тозаңды қаракүйе (Ustilago tritici), гельминтоспориозды және фузариозды тамыршіріктер (Bipolaris sorokinianа, Fusarium spp.) болып саналады.
2010 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасын орындау үшін институттың ғылыми мамандары Қазақстанның тоғыз облысында бидай ауруларына үш-төрт рет фитопатологиялық тұрғыдан мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында коңыр, сары таттар және септориозды дақ ауруларының таралуы біркелкі болды – 40-50 пайыздан 80-100 пайызға дейін, дамуы 10-15 және 25-50 пайызды түзді. Әсіресе Оңтүстік Қазақстанның Сайрам ауданында және Жамбыл облысының Мерке ауданында қатты дамыды. Шығыс Қазақстанда коңыр, сабақты таттар және септориозды дақ ауруларының бидай егістігін зақымдауы әлдеқайда жоғары болды, таралуы 100 пайызға, дамуы 50-75 пайызға жетті.
Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа райы мүлдем құрғақ болды, бірақ сондай қатты қуаңшылыққа қарамастан Қостанай облысының Қарабалық және Қостанай аудандарында нөлдік технологиямен егілген бидай егістігінде коңыр тат және септориозды дақ аурулары орташа, сабақты таттың ошақты түрде таралуын байқадық.
Тозаңды қаракүйе біз мониторинг жүргізген облыстардың жеке шаруашылықтарының және ғылыми тәжірибелік мекемелерінің дәнді дақылдарында, әсіресе, жаздық бидай егістіктерінің бәрінде кездесті, ал гельминтоспориозды және фузариозды тамыр шіріктері ауа райының қолайлы және қолайсыздығына қарамастан бидай егілгеннен бастап топырақтың астында дами бастайды, егіс толығымен шығып болғанша 1-3 пайызын қатты зақымдап жерден шығармай қояды, әрмен қарай бидай пісіп-жетілгенше теріс әсерін тигізіп, жинап алатын өнімді жыл сайын 5-7 пайызға дейін төмендетеді. Бұл аурулардың індеттері топырақта және өсімдік қалдықтарында қалып өмір сүріп, келесі жылы қайтадан бидай егістігін зақымдайды.
Қаракүйе және тамыршірік ауруларынан үлкен залал болмау үшін жылда егетін дәнді міндетті түрде егер алдында бір жеті бұрын химиялық препараттармен дәрілеп алып, егу қажет. Сонымен қатар қоңыр, сары таттар және септориозды дақ аурулары жоғарыда аталған облыстарда кеңінен таралғанын айттық. Яғни оңтүстік облыстарда сәуір-мамыр, солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында мамыр-маусым айлары ылғалды болса, бидай егістігін аурулардың былтырғыдан қатты зақымдайтынына күмән жоқ.
Қазіргі таңда елімізде жоғарыда аталған ауруларды жоятын дәрі-дәрмектер жетерліктей. Олардың биологиялық тиімділігі септориозды дақ және тамыршірік ауруларына 65-75 пайызға дейін жетеді, тат және қаракүйе ауруларын 90-100 пайызға дейін қадағалайды.
Алматы облысында күздік бидайда және Қостанай облысында жаздық бидайда саңырауқұлақтар қоздырғыш ауруларының зияндылығынан бидай өнімінің қанша пайызға төмендейтінін анықтау үшін арнайы танаптық тәжірибе жүргізгенбіз. Жасалған тәжірибенің нәтижесінде Алматы облысында сары тат және септориозды дақ ауруларының бидай егісіне тигізген зиянды әсері жинап алатын өнімнің 13,9 пайызын төмендетті. Қостанай облысында септориоздың жапырақты және масақты дақтарының зияндылығынан бидай өнімі 6,8 пайызға төмен болды.
Облыстар және аудандық әкімдіктердің ауылшаруашылық басқарма мамандары, мемлекеттік комитеттің аймақтық инспекторлары, әдістемелік орталықтың фитосанитарлық диагностика және болжамдау мамандары, жеке шаруашылықтардың және ғылыми тәжірибелік мекемелердің басшылары, біздің институттың ғалымдары бәрі бірігіп жылда бидай егістігін зиянды организмдерден қорғауы және қадағалауы қажет, сонда ғана Қазақстанда бидай өнімінің көп төмендеуіне жол берілмейді, ел экономикасының ауыл шаруашылығы бойынша дамуына да үлкен үлес қосылады.
Әбдумамат КОЧОРОВ, а.ш.ғ.к. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының дәнді дақылдарды қорғау бөлімінің меңгерушісі.