ENRC PLC корпорациясының бас атқарушы директоры Феликс Вулис пен Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин әлеуметтік әріптестік жағдайында жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды. Үстіміздегі жылы корпорация облыстың әлеуметтік көркейту жұмыстарына 1 миллиард 354 миллион теңге салып отыр. Осы меморандум шеңберінде бірнеше экономикалық, әлеуметтік және мәдени жобалар жүзеге асырылатын болады. Рудный қаласындағы жолдарды асфальттауға және Качар қаласындағы мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге 350 миллион теңге жұмсалмақ. Облыста спорттың дамуына зор көңіл бөлінеді. «Тобыл» футбол және шайбалы хоккей командаларына берілетін 400 миллион теңге соның айғағы. Рудныйдан бой көтерген мешіт, шіркеу, синагога осы Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының демеушілігімен салынды. Оларға 440 миллион теңге бөлді.
Меморандум шеңберінен облыстағы мәдениет, білім салалары мен өнер адамдарына көмек беру ісі де сырт қалмады. Корпорация құрамына кіретін «ССКӨБ» АҚ облыстағы шығармашылық адамдарын материалдық жағынан қолдап отыратын «Меценаттар клубының» мүшесі.
– Қостанай облыстық әкімдігімен меморандумға қол қою Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы үшін дәстүр ғана емес, біздің тарапымыздан корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыру саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Ал бұл жұмыстар өнеркәсіптік аймақтарды дамытады және нақты нәтижелер береді, – деді меморандумға қол қою салтанатында ENRC PLC бас атқарушы директоры Феликс Вулис.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.