Қан айналымы жүйесі ауруларының ішінде жүрек-қан тамырлары дерттерінің кең тарағаны, әрі өлім-жітімнің молдығы қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны белгілі. Десе де, соңғы жылдары жаңа технологияларды енгізу, білікті мамандар даярлау барысында бұл аурулармен күрестің де қарқын ала бастағаны байқалады. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде нөмірі бірінші мекеме саналатын елордадағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамындағы ілгерілеу туралы айтпауға болмайды. Осы орайда біз аталмыш орталықтың бас директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Досахановты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Әлихан Хамзаұлы, жүрек-қан тамырлары ауруларының ең көп таралған түрлері мен аурулардың неден пайда болатыны жөнінде кеңірек әңгімелесеңіз.
– Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде қоғамымызда ең көп кездесетін ауру түрі стенокардия (жүрек қыспасы) болып табылады. Жүректі қоректендіретін күре тамырдағы қан айналымының бұзылуынан жүрек өзіне қажетті қорек пен оттегі ала алмай зардап шегеді. Нәтижесінде, қан тамырлары тарылады. Сол секілді атеросклероз ауруы да жиі кездесетін аурулардың қатарында. Адам ол дертке душар болғанда артерияның ішкі қабырғасына холестерин жиналып, қатпарлы табақша пайда болады. Табақша ақырындап өсіп, жүрек тамырының ішкі жолын бітей береді. Содан барып әртүрлі ишемиялық аурулар пайда болады. Сондай-ақ, миокард инфарктісі де қазіргі ең көп таралған жүрек ауруларының бірі. Миокард инфарктісінде тамырдың қысылған жерінде қан ұйып қалып, жүрек өліеттенеді. Мұндай жағдайда жүрек етінің жыртылып кетуі де мүмкін. Міне, осындай жүрек-қан тамырлары аурулары қоғамды дендеп тұр. Бұл жалпы алғанда қан айналымы жүйесінің аурулары деп айтылады. Осы аурулар бойынша елімізде өлім-жітім өте көп. Салыстыра айтсақ, Қазақстанда осы дерт бойынша болатын өлім-жітім ТМД елдерінің арасында бірінші орында. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда 800-ден артығы өлім-жітімге тіреледі екен. Бұл басқа Еуропа елдеріне шаққанда 4-5 есе артық дегенді білдіреді. ТМД елдерінің ішінде бізден сәл төменгі орында Ресей тұр. Жалпы, республикадағы өлім-жітімнің 50 пайыздан астамын осы аурулар, екінші онкологиялық, үшінші жарақаттан болатын аурулар құрайды. Содан ары өкпе, тыныс жүйелері аурулары деп төмендеп кете береді. Ал енді осы аурулардың пайда болуының себептері де өте көп. Біріншіден, қазір көбінесе отырып жұмыс істейміз, соның салдарынан аз қозғаламыз. Бұл жүректегі түрлі аурулардың бірден-бір себебі. Екіншіден, әлемдік проблемаға айналған семіздіктің де жүрек-қан тамырлары ауруларын тудыратыны белгілі. Белгілі бір деңгейде бұған стрестің де әсері бар. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, жаттығулар жасап, ішімдік пен темекіден бойды аулақ салып, күнделікті нормаға сәйкес тамақтанбайынша бұл ауруларды құрықтау оңайға түсейін деп тұрған жоқ. Оның үстіне қазір халықты осы мәселе бойынша сауаттандыру жағы, сондай-ақ өз денсаулығына көңіл бөлгізу үшін істеліп жатқан шаралар жеткіліксіз. Рас саламатты өмір салтын насихаттайтын республикалық, облыстық орталықтар бар. Бірақ бұқарамен жұмыс істей алмай жатыр. Халқымыз осы мәселеде сауатсыз екенін жасырмауымыз керек. Бұл аурулардың өршіп тұруының тағы бір себебі, кардиолог мамандардың жан басына шаққандағы үлес салмағы жеткіліксіз. Кезінде КСРО-ның Денсаулық сақтау министрі, отыз жылдай одақтың бас кардиологы болған, Мәскеудегі кардиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін осы күнге дейін атқарып келе жатқан, академик Евгений Чазовтың арқасында одақ бойынша кардиологиялық диспансерлер ашылып, мамандар даярлау ісі жолға қойылған болатын. Кеңес үкіметі құлаған соң кардиология саласы да құлдырап кетті. Тәуелсіздік алған өз елімізде бұл салаға жан бітіп, қан жүгіре бастағалы аз ғана мерзім өтті. Сондықтан нәтижесін күту керек деп ойлаймын.
– Соңғы деректер бойынша, өз елімізде осы аурулардан болатын өлім-жітім азайып келеді деген жақсы хабар бар. Бұған не айтасыз?
– Біздің орталық республика бойынша кардиологиялық жұмыстарды үйлестіруші мекеме болғандықтан, еліміздегі салаға қатысты мәліметтерді түгел біліп отырамыз. Иә, жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде жүректің ишемиялық аурулары бойынша Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында өлім-жітім төмендеді. Республика бойынша бұл төмендеу тенденциясы 2009-2010 жылдары 24,4 пайызды көрсетсе, бұның ішінде Қарағанды 42,5, Атырау 30,5, Шығыс Қазақстан облысы 22,3 пайызбен алдыңғы қатарда тұр. Жалпы, қан айналымы ауруларының өз басы республика бойынша 2,3 пайызға төмендеді. Осы қан айналымы жүйесі дерттерінен болатын өлім-жітім 3,01 пайызға төмендеді. Ал енді осылардың ішінде Қарағанды облысына айрықша тоқталып өтуді жөн санап отырмын. Жалпы, облыс жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім-жітімі бойынша алдыңғы қатарларда тұратын аймақ. Бірақ, сол өлім-жітімді азайтуда да алдыңғы орынға шықты. Бір жылда 42,5 пайызға дейін азайту ғажап емес пе? Қалай деген сұрақ туындайды. Республика бойынша жүрекке біздің орталықта ең көп операция жасалады. Бізден кейінгі орында Қарағанды облысы тұр. Бұл облыстағы кардиология орталығы жаңа заманғы аппараттарды қолдану мен маман дайындауда өзге облыстардағы әріптестерінен әлдеқайда ілгерілеп кетті. Тіпті, Алматыдағы А.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен салыстырғанда да бұл орталықта жүрекке жасалатын операциялар саны асып түсті. Орталықта соңғы бір жылдың ішінде қолданып жүрген ең тиімді әдістердің бірі – тәж артериаларына стент қою. Жүректің жіңішкерген тамырына қойылатын түтікшені стент дейді. Бұны қоймай тұрып, жүрек ауруларының дертін анықтауға қолданып жүрген соңғы әрі тиімді әдістің бірі – коронарография (жүрек тамырларына контраст қолданып, рентгенмен зерттеу). Содан қолдың не шаптың тамыры арқылы сым сияқты өткізгіш жүргізіп, қолқа тамырымен жүрекке жеткізеді. Алдымен дәрі (контраст) жіберіп, жіңішкерген жерді резеңке тәріздес балонмен кеңейтеді де, стент қояды. Сосын тамыр қуысы қалпына келіп, науқас дертінен айығады. Қазіргі заманда осы әдіспен инфарктың де алдын алуға болады. Тіпті, инфаркт болған күнде де стент қойылып, кейіннен қосымша емделсе, науқас дертінен айығады. Қазір медицинаның дамығаны соншалық, қатерлі ісіктің де, инфарктың да емі бар. Халық тіпті осыдан оншақты жыл бұрын да екі рет инфаркт алған адам өледі деп жорамалдайтын. Науқастың өзі де іштей өлімге дайындалатын. Олай жорамалдауға да негіз бар еді. Қазір жағдай өзгерді. Инфаркт алса да, қатерлі ісікпен ауырса да заманауи медицина жазып шығарады деп айтуға толық мүмкіндік бар. Бұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, Қарағанды облысы кардиохирургтары жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқасында соңғы 3-4 жылда жүрек ауруларын емдеуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ондағы қондырғылар да жаңа, мамандары да білікті, кардиохирургиялық, интервентті кардиологиялық әдістері де тиімді.
– Ал, өз орталықтарыңызда жүрек-қан тамырлары ауруларына қандай-қандай күрделі операциялар жасалуда? Бұл операциялардың деңгейі дамыған шет мемлекеттердікімен салыстырғанда қандай дәрежеде?
– Біздің елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларына осыдан елу жыл бұрын операциялар жасала бастады. Бірақ, ол кезде технология дамымағандықтан, операциялардың бәрі айтарлықтай сәтті болды дей алмаймыз. Ал енді озық амалдардың дамыған заманында қандай операцияны да игеруге мүмкіндік бар. Біздің мекеме Елбасының бастамасымен 2004 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» боп қайта құрылған соң, осында жүрекке алғашқы операциялар жасала бастады. Содан бері жеті жыл өтіпті. Жеті жылда жақсы жетістіктерге жеттік. Бұған бас директорымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абай Байгенжиннің тікелей ықпалы бар. Ол халықаралық деңгейдегі үйлестіруші болғандықтан, орталық прогрессивті жолмен дамып келе жатыр. Бейнелеп айтқанда, еліміз осы салада соңғы елу жылда жете алмаған жетістікке жеті жылда жеттік деуге болады. Операцияның барлық түрі жасалады. Бізде осы күні бір операция – жүректі ауыстыру ғана жасалмайды. Оның өзіне осы жылы қол жеткіземіз деп отырмыз. Сондықтан шет мемлекеттердің қазынасына ақша құйып, одан жол азабын тартудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең басты айта кететін жәйт – екі түрлі жолмен орталыққа мамандар жинақтадық. Біріншіден, шет елдердегі білікті майталман мамандарды, ғалымдарды Астанаға шақырып, жас дәрігерлерді оқыттық. Екіншіден, өз мамандарымызды шет мемлекеттерде оқыттық. Мәселен, орталық тұңғыш рет операция жасай бастағанда Түркиядан шақыртқан Пя Юрий Владимирович жалғыз өзі ота жасайтын. Қазір кардиохирургтардың саны 20 шақты. Серік Меңдіқұлов, Дмитрий Горбунов, Әділжан Әлбазаров, Мақсат Жантұрғанов, Тимур Лесбеков сынды мықты-мықты кардиохирургтарымыз бар. Бұлар өз саласы бойынша жылына орта есеппен екі мыңнан астам операция жасайды. Яғни, еліміздегі сала бойынша ең көп операция деген сөз. Ал, кардиология, интервенттік кардиология бойынша 40-қа жуық мамандар жұмыс істеп жатыр. Интервенттік кардиологтар Беглан Стамбол мен Қадырбек Рамазан бауырларымыз Қытайдан келген, Үрімжіде, Бейжіңде оқыған, білікті, «қолдары жеңіл» мамандар. Біздің орталықтың шақыруымен осында келіп жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, аритмолог Ұлан Қабаев, кардиолог Әлия Жолдасбекова, Сәуле Әбсеитова, Болат Көпенов сынды мықты мамандарды атап айтуға болады. Бұлардың барлығы да профессорлар. Біздің байлығымыз – біздің мамандарымыз. Емдеу, дерттерді анықтау, операция жасау жөнінен еуропалық деңгейге жеттік деп ойлаймыз. Өйткені, соңғы үлгідегі тамыр арқылы операция жасау (бұрын кеудені кесіп тастайтын), стент, амплатцер жамауын қою, коронарография, қолқа мен тәж тамырлары арасын жалғау (шунт қою) мұның бәрі еуропалық деңгейдегі емдеулер. Сөзіміз жалаң болмасын, 2008 жылы Қазақстанның және Германияның жоғары сапа сертификатын алдық. 2010 жылы Еуропа қорының мамандары Брюссельден келіп, істеп жатқан қадамдарымызды оң бағалап, жоғары дәрежелі төрт жұлдызды сертификатпен марапаттады. Бұл Қазақстанда ешбір салада жоқ! Сондай-ақ, былтыр «Еуропадағы ең жақсы емхана» атағына лайық деп танылдық.
– Кез келген науқастың осы орталықта емделуге мүмкіндігі бар ма? Квота қалай шешілген? Ақылы емделушілер туралы не айтасыз? Бір операцияның құны қанша?
– Елбасының да, үкіметтің де медицинаға деген көзқарасы өте жақсы. Сондықтан орталыққа қаржы негізінен бюджеттен құйылады. Медицинаға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын құрайды екен. Сондықтан осы уақытқа дейін квотамен емдеп келдік. Енді квота болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі енгізген «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» бойынша медициналық көмектердің жаңа әдістеріне көштік. Әрбір науқастың өз емханасын, ауруханасын таңдауына құқы бар. Науқас шалғайдағы ауданнан келіп те біздің орталықта тегін емделе алады. Ол үшін жергілікті емхана арқылы порталға шығып, алдын-ала мамандарымызбен келісіп алулары қажет. Сол жергілікті емхана орталыққа бағыттай алады. Сосын осында науқасының тарихымен қоса УДЗ, ЭКГ және т.б. дәрігерлердің қорытындыларымен келуі керек. Яғни, «осы мекемені таңдаймын» деп үйден шығып келе салуға болмайды. Ал, ақылы емдеулерге келсек, несін жасырайық, жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға ол қымбат тұрады. Мысалы, жүректің бір тамырына стент қою 3 мың АҚШ доллары. Үш тамырына стент қойғызса – 9 мың доллар. Басқа да дәрі-дәрмегі, жататын орнын қосқанда науқастың қалтасына салмақ түседі. Кардиохирургиялық операциялар орта есеппен 1,5 миллион теңге. Науқастың дертіне байланысты одан төмендеу де, жоғарылау да болуы мүмкін. Интервенциялық кардиология бойынша ем алу 1 миллион теңгенің көлемінде. Бірақ, бұл қаржы шет мемлекеттерде емделумен салыстырғанда, әлдеқайда аз екенін халық қаперінде ұстауы тиіс. Ең бастысы, қаржылық ауырлықты үкімет өзі көтеріп отыр, сондықтан ақылы емделу-емделмеу науқастың өзінің таңдауы.
– Сонда Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша емдеудің бұрынғы квота берумен салыстырғанда ерекшелігі неде? Өз ақыларымен емделетіндер көп пе? Үкімет тегін емделуге жағдай жасап отырғанда ақылы негізде емделу не үшін қажет?
– Бірінші осыдан бастайық. Ақылы емделетіндердің санын көп деп айтуға болмайды. Бірақ ел іші болған соң, әрі қазақстандықтардың қалталары бос деп айтуға келмейтіндіктен, ақылы негізде емделетіндер бар. Негізінен уақытты үнемдегісі келетіндер осылай жасайды. Олар тегін емделуге қол жеткізу үшін бір ай күткісі келмейді. Ал, жүйеге келсек, бұл біз үшін тиімді болып тұр. Бұрын квотамен келген жүрек ауруына шалдыққан әрбір науқасқа ауруының түріне, қандай операция жасалатынына қарамай бюджеттен 600-700 мың теңге бөлінетін. Қазір ондай емес. Біз енді әрбір науқасқа қанша қаржы кеткенін есептеп, министрліктегі арнайы комитетке жібереміз. Олар соған сай қаржы аударып отыр. Әрине, жүйенің кемшіліктері де жоқ емес. Бірақ, «көш жүре түзеледі» дейді халқымыз.
– Жоғарыда бір сөзіңізде халықтың бұл тұрғыда хабары аз екенін айтып қалдыңыз. Бұл неден білінеді? Халықтың денсаулығы үшін үкімет қаржы бөліп жатқан жоқ па? Жұртшылық оны неге тиімді пайдаланбайды?
– Халқымыздың денсаулық мәселесі туралы хабары аз екені шындық. Мүмкін мұны немқұрайлылық деген жөн шығар. Өйткені, бізде әрбір жеке тұлға өз денсаулығына көңіл бөлмейді. Жыл сайын тексеріліп тұрмайды. Қай жерің ауырады, қай ағзаңда дерттің белгілері бар. Ол ары қарай үдемей тұрғанда, қайтып емделуге болады, кімдер емдейді деген мәселені бүге-шігесіне дейін білмесе, бұл немқұрайлылық емей немене? Адам түгілі, мәшиненің өзін қожайыны жыл сайын техосмотрдан өткізбей ме? Мысалы, кейбір деректерге қарағанда, елімізде 20 мыңға жуық адам аяқ астынан жүректің тоқтап қалуынан қайтыс болады екен. Мұны қазақы тілмен «арам өлу» дейді, яғни иманы үйірілмей кетеді. Сондықтан, бұл жағдайға тап келмес үшін әр адам өз өмірі үшін күресуі тиіс. Үкімет қаржыны салаға бөле отырып, «денсаулықтарыңды түзеңдер, тегін емделіңдер» деп мүмкіндік беріп отыр. Осы жылы құрылған мемлекеттік бағдарламаның аты да «Саламатты Қазақстан» аталады. Бұл орайда әрбір жеке адам өз денсаулығы үшін жауапты болса, екіншіден, мемлекет те, жұмыс берушілер де сол адамның денсаулығы үшін жауапты. Біз осы үш жақты жауапкершілікті, әсіресе, әрбір адам өз денсаулығының жауапкершілігін сезінер болса, қоғамның денсаулығы жақсарады деп ойлаймын. Саламатты Қазақстанға қадам басайық, ағайын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.