06 Мамыр, 2011

Гуманитарлық көмектің игілігі мол

377 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің жиырма жыл­­дық мерекесі қарсаңында Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ал­ғаш­қы Жарлықтарының бірімен кешегі Семей атом полигонының жа­был­ғанына да жиырма жыл тол­мақ. Ал оның  егемен ел өміріндегі елеулі оқи­ғалардың бірі екендігіне еш дау жоқ. Атом аждаһасы атанған полигон жабылғаннан кейін де бұл аймақ Елбасы назарынан тыс қал­ған емес. Соның айғағындай, кешегі полигон астанасы Курчатовта Ұлттық ядролық орталық пен ядро­лық технологиялар паркі бірінен кейін бірі құрылып, бейбіт мақсат­та жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, тәуелсіз мемлекет басшысы мұнымен де шектелмей, полигон аймағындағы күрделі жағдайды әлемдік қауымдастықтың алдына арнайы мәселе етіп қоя білді. Соның нәтижесінде 1999 жылы осы мәселе Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның кезекті сессиясында қара­лып, бірқатар дамыған елдер тара­пы­нан полигон аймағына гумани­тарлық көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Соған орай Семейде іле-шала қалалық сыртқы бай­ла­ныстар және халықаралық ынтымақ­тастық комитеті құрылған болатын. Бұл комитет алты жыл жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде талай игілікті жұмыстар атқарыл­ды. Бұдан бірақ аталған комитет таратылған соң әлгіндей игі шаралар тоқтап қалған шығар деген ұғым тумауы тиіс. Содан бергі жерде бұл мәселемен қала­лық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік мәселе­лер жөніндегі кеңесшісі Жанна Жибраева тұрақты түрде айна­лы­сып келеді. Жанна Жағыпарқызы­ның соған орай екінші бір қызметі ресми түрде халықаралық жобалар жөнін­дегі үйлестіруші деп атала­ды. Ал бұл жұмыспен он жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан тәжірибелі маманның соған орай айтары көп болып шықты. БҰҰ сынды мәртебелі ұйым­ның Бас Ассамблеясының Семей өңірі тұрғындарының денсаулығын және аймақ экологиясын сауықты­ру, сондай-ақ экономикасын дамы­ту­ға байланысты шешімдерін жү­зе­ге асыру ісін әуел бастан республика Сыртқы істер министрлігі үйлестіріп келе жатқан көрінеді. Сол тұста өткен Токио конфе­рен­ция­сында Семей полигоны айма­ғына қатысты қырыққа жуық жоба ұсынылған екен. Осы арада бір мәселенің бетін ашып алған жөн. Қайсыбіреулер ойлап жүргендей, полигон аймағындағы тұрғындарға пәлен миллион долларға дейін кө­мек көрсетіліп жатыр деген сөзді тура мағынасында түсінген дұрыс емес. Өйткені, сонша қаржы мөл­ше­рі бұл жаққа келіп жатқан гу­ма­нитарлық жүктің бағасын көрсе­те­ді. Демек, қай елден болсын көмек негізінен жүк түрінде келуде. Медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, киім-кешек дегендей... Бастапқыда сонша мөлшердегі жүкті қабылдап алу да оңайға түс­пе­ген. Яғни, кедендегілер бұлардан түрлі құжаттарды талап етіп әбден шаршатқан. Абырой болғанда, қа­зір соның бәрі өткен шаққа ай­налған. Сөйтіп, кешегі Семей атом полигоны аймағына көмек көрсету жөнінде бірінші болып үн қатқан алыстағы күншығыс елі болды. Нақтылап айтсақ, бұл елден жалпы құны 6,5 миллион доллар тұратын медициналық құрал-жабдықтар әке­лініп, олар осындағы медицина уни­вер­ситетінің клиникалық оқу орта­лы­ғына, онкологиялық диспансерге, диагностика орталығы мен жедел жәр­дем ауруханасына орнатылды. Мұның сыртында семейлік мамандар Жапо­нияға барып өз білімдерін көтеріп қайтты. Күн­шығыс елі сонымен бірге сынақ аймағында орта және шағын кәсіп­кер­лікті дамыту, іскер әйелдерді не­сиемен, сондай-ақ ауыл тұрғында­рын медициналық құрал-жабдықтар­мен қамтамасыз ету мәселелерінен де сырт қалып отырған жоқ. Ал енді Швеция мемлекеті та­ра­пы­нан жасалып жатқан көмектің де жөні бөлек. Аталған елдің та­ра­пынан «Экология» секторы бой­ын­ша полигон аймағындағы жерді пай­далану жөніндегі жоба жүзеге асырылды. Жалпы құны 800 мың долларлық бұл жоба 2003 жылы бас­талып екі жыл ішінде аяқта­лып­ты. Тиянақты түрде жүргізілген осындай тексерулерден соң полигон айма­ғындағы жердің біраз бөлігі пайда­лануға жарамды деп табылған. Ұлыбритания, Германия, АҚШ елдерінен келіп жатқан көмек түр­ле­рі де сан-алуан. Ал еліміздегі Швей­цария елшілігінің Семейде түрлі гуманитарлық жобаларды жү­зе­ге асырып келе жатқанына 11 жылдан асып барады. Соған орай мұн­дағы әлеуметтік саланың 11 мекемесіне аталған елден қазіргі заманның кір жуу, ас үй құрал-жабдықтары, компьютерлік кластар жеткізіліп, орна­тыл­ды. Бұған қоса нашар еститін және ақыл-есі кеміс балаларға ар­нал­ған мектеп-ин­тернатқа «Газель» авто­мә­шине­сін, ал қарттар мен мүгедек­тер үйі­не және облыстық ауруханаға бас­қа­дай құрал-жабдықтар алып берді. Аталған ел тарапынан балалар үйлеріне жасалып жатқан қамқор­лық мұның сыртында. Осындай түрлі әлеуметтік жобаларға Швейцария елшілігі тарапынан 800 мың­ның үс­тінде АҚШ доллары жұм­салыпты. Мұндай жағымды деректерді одан әрі жалғастыра беруге бола­ды. Бірақ бір-біріне ұқсас деректерді айта бергенше сондай жа­ғым­ды жаңалықтардың басқа да қыры­на тоқталғанымыз жөн болар. Мә­се­лен, ақпараттық жұмыстардың да айтары жоқ емес. Осы жылдар ара­лығында полигон аймағына Жапония, Польша, Италия елдерінің те­леканалдары, сондай-ақ «Әл-Жа­зира» халықаралық араб телека­налының қызметкерлері, Англия­дағы «Таймс», АҚШ-тағы «Вашингтон Пост» және басқа да елдердің журналистері келіп кетті. Ақпарат­тық көмектің  қаншалықты пайдалы екендігі айтпаса да түсінікті. Ал 2008 жылдан бері «Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын­да­ғы тұрғындар қауіпсіздігін кү­шейту» жобасын жүзеге асыру ісі басталып кеткен болатын. Бұл жо­баны жүзеге асыруға БҰҰ-ның төрт бірдей агенттігі қызу атсалысуда. Соған орай олар облыстық және қалалық әкімдіктермен бірлесе жұ­мыс істеуде. Бұл жобаның жалпы құны 1978698 миллион АҚШ дол­ла­рын құрап отыр. Сол жоба құнын көтеруді өз мойнына алған Жапония үкіметі екендігін айтпасқа болмайды. Осындай жақсы істің игілігін селолық кәсіпкерлер, ауыл­да тұратын үй шаруашылығындағы әйелдер мен жұмыссыздар көре­тіндігі қуантады. Ал «Ауыл шаруашылығына қар­жылай көмек қоры» деп атала­тын акционерлік қоғам шағын қар­жы бағдарламасы жобасын жүзеге асыруға көмектесуде. Бұлардың кө­мегімен облыстың бірқатар ауыл­дарында ақпараттық қосындар ашылған. Солардың көмегімен 33 селолық кәсіпкер шағын несиеге қол жеткізіп, өз тірліктерін бастап кетті. Сонымен бірге шағын лизинг бағдарламасының көмегіне жүгін­ген жиырмаға жуық кәсіпкер мұ­ның сыртында. Осы орайда, алыс­тан келіп жатқан қандастарымыз да сондай игілікті шаралардан сырт қалып жатпағанын айта кеткен жөн. Соның айғағындай, бір жоба оралмандар­дың жай-күйін оң­дауға арналған. Бұл жобаны жү­зеге асыруға қалалық әкімдік пен осындағы оралмандар орталығы қызу атсалысуда. Жанна Жағыпарқызы бізбен әңгіме барысында мұндай жағым­ды деректерді молынан келтірген. Ал әңгіме Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабыл­ға­нына жиырма жыл толуына ойыс­қанда аманшылық болса, биылғы күзде Семейде ядролық қауіпсіздікке орай алқалы жиын-форум өткізілетіні де айтылмай қалмаған. Сол форумда да полигон аймағы тұрғындарын сауықтыру жайы қозғалмай қалмайтындығы анық. Ал мұны да ел тәуел­сіз­ді­гінің арқасы демеске болмайды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.