06 Мамыр, 2011

Ибрагим ЕДІЛБАЕВ: кен қазып, болат балқытқан өндіріс өрісі

464 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Адамзат тарихының үшінші мыңжыл­ды­ғындағы өрелі өркениет өрісінен өзіндік орнын алып, барыс бейнелі болашағына батыл қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның экономикасында түсті металлургия саласының алатын орны зор. Міне, ел экономикасының табысты тұғырлары­ның бірі саналатын осы металлургия саласында Ибрагим Баймұратұлы Еділбаевтың есімі ерекше құрметпен аталады. Мағыналы өмірінің жарты ғасырдан астам саналы жылдарын отандық тау-кен өндірісін дамытуға арнаған Ибрагим Бай­мұратұлы бүгінде де кен қазып, болат балқытқан сала саңлақтарының сапында. Өткен ғасырдың сонау бір 50-ші жылдарында Қазақ тау-кен институтын тәмамдап, Текелі кен орнында еңбек жолын бастаған жас маман бұдан кейінгі тәлімді де тәжірибелі өмірін ел экономикасының осы маңызды саласымен тығыз байланыстырып, ауысым шебері жұмысынан Түсті металлургия министрінің орынбасары, Жергілікті өнеркәсіп министрі, еліміздің бір­қатар ірі металлургия өндірістерінің басшысына дейінгі қызмет баспал­дақ­тарынан өтті. Қазіргі таңда Қазақстанның құрметті кеншісі, тә­жі­рибелі тәлімгер атанған ол «ENRC Kazakhstan» ЖШС президентінің бас кеңесшісі болып еңбек етеді. Біз отандық метал­лургия саласының дамуына үлес қосып, бала­ма­сыз қолтаңбасын қалдырған білікті басшы Ибрагим Еділбаевты әңгімеге тартып, бүгінде еліміздегі тау-кен өндірісі және түсті металлургия көшбас­шысы болып табылатын ENRC тобы­ның ауқым­ды жұмыстары хақында, құрметті кеншінің шежірелі ғұмырының ғибратты түйіндері хақында сыр суыртпақтаған едік. – Ибрагим Баймұратұлы, сіздің өміріңіз өскелең ұрпақ үлгі тұтар өнегелі шежіре іспеттес. Өзіңіз туралы да қысқаша айтып өтсеңіз. Сіздің кеншілік өмір жолыңыздың бастауы қалай болды? –  Мен Қызылорда өңірінің ту­ма­сымын. Қабырғамыз қата­йып, бұ­ғанамыз бекімей жатып сұра­пыл соғыстың қиын ке­зеңі­не тап болдық. Әкем Баймұрат 1941 жыл­дың тамызында май­дан­ға ат­танып, содан оралмады. Әскери комиссариат берген бір жапырақ анық­тамада ол 1945 жылы Вена қаласы үшін болған қанды шай­қас­та ерлікпен қаза тапқан. Әкем­нің мүр­десі Вена қа­ласының ор­талы­ғын­дағы бауыр­ластар зира­тын­да мәңгі ты­ныс тапты. Мен соғыс жыл­да­рын­да 9 жасымнан бастап, тыл­дағы колхоз жұмысына араластым. 1947 жылы ауылы­мыз­дан 10 ша­қы­рым қашықтықта ашылған жеті жылдық мектепті бітірдім. 1948 жылы Қызылорда қала­сында республикамызда алғаш рет әскерде қаза болған қазақ жауын­герлерінің балаларына ар­нал­ған интернат ашылды. Мен осы интер­натты 1951 жылы үз­дік тәмам­да­дым. Анам Мыр­за­күл әке амана­тын орындау мақ­сатында мені жо­ғары білім алу үшін Ал­маты қала­сына аттан­дырды. Соғыстан кейінгі кезеңдегі жол азабы туралы айтудың өзі ауыр. Мен апталап жол жүріп, Алматы қаласына 8 тамызда жеттім. Қазақ мемлекеттік университетіне қа­был­дау емтихан­да­ры та­мыздың 1-ін­де аяқта­лып­ты. Алайда алыс­тан келген мен сияқты бірнеше ба­лаға же­ңілдік жасап, қайтадан қа­былдау емтиханын өт­кізді. Мен бар­­лық сабақтардан үз­дік баға алып, университетке қа­был­дан­дым. Уни­верситетке қа­был­дана­тын бала­лар­дың арасы­нан Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінің фи­зи­ка-тех­нологиялық факультетіне іріктеу шаралары жү­ріп жатты. Осы топқа үміткер­лердің бірі мен едім. Алыс­тағы Алматыға зорға жетіп отыр­ғанда, жер түбіндегі Мәскеуге ба­ры­п оқу қиынның қиыны болатын. Ақыл-кеңес беретін анам да алыста. Мен таңдауы қиын жол айры­ғын­да тұрғандай болдым. Міне, осындай өліара шақта менің бұдан кейінгі барлық өмі­рі­ме ерекше із қалдырған бір оқи­ға болды. Осы күндері мен уни­вер­си­теттің аспирантура­сын­да оқи­тын жерлесім, кейіннен Қа­­зақ­стан­ның белгілі мемлекет жә­не қоғам қай­рат­кері болған Мү­сілім Базар­баев­ты кездестірдім. Ол менің жағ­да­йым­ды то­лық естіп білгеннен кейін, мені Қазақ тау-кен инсти­туты­­на ертіп әкеліп, осы институт­тың тау-кен инженерлерін даярлай­тын факультетіне құжа­т­тарымды тап­сыр­ды. Сөй­тіп, Мү­сі­лім Базарбаев ме­­нің өмі­ріме түб­е­гейлі өз­ге­ріс әке­­ліп, бола­шағымды ай­қын­дап берді. Қазақ тау-кен институтын бітіргеннен соң мен Текелі кен орнында еңбек жолымды бастап, осы Текелі қорғасын-цинк комби­на­тының ди­рек­торына дейінгі өне­гелі өмір, жемісті еңбек мектебі жо­лынан өттім. Одан кейінгі жыл­дарда Қазақ КСР Түсті металлургия министрінің орын­басары, республика компар­тия­сы Орта­лық комитеті ауыр өнеркәсіп бө­лі­мінің басшысы, Жергілікті өнер­кәсіп ми­нистрі, еліміздің бірқатар ірі тау-кен өндірістерінің басшысы қызметтерін атқардым. Барлық са­налы ғұмырымды мен еліміздің тау-кен өнеркәсібін да­мы­туға арнап, металлургия сала­сы­ның қа­лып­тасуы жолында ең­бек еттім. Осы өмі­рімде атқарған еңбегім, ғылым жолында қол жеткізген жетістіктерім тек осы Қазақ тау-кен өндірісі са­ласымен сабақтаса өр­бі­ді. Сол үшін де тағдырыма ризамын. – Сізді еліміз бірқатар пай­да­лы кен орындарын ашқан геолог, кен байыту ғылымына елеулі жа­ңа­лықтар енгізген ғалым, тіпті қа­зақ даласының еркесі – ақбө­кен­­дерді қорғаған табиғат жана­шы­ры ретінде де таниды. Осы орайда өміріңізде ерекше есте қал­ған қандай бір оқиғаны айтар едіңіз? – Мен еліміздің тек түсті метал­лургия саласында 30 жылға тарта уақыт еңбек еттім. Сол бір кезеңде Қазақстан Түсті металлургия министрлігіне қарасты ірі де іргелі 30-дан астам комбинат жұмыс істейтін. Сол өндіріс орындарын еліміздің метал­лургия саласында ерекше қол­таң­баларын қалдырған Н.Жақ­сы­баев, И.Воронин, С.Мәу­лен­құлов, Т.Әл­жанов, Г.Омаров, А.Дәу­рен­беков, М.Нұ­­рымов, А.Үсенов, Б.Садықов, В.Гур­ба сияқты білікті кеншілер бас­қарған еді. Ол кезде одақтас республикалар ішінде Түсті металлургия министрлігі тек Қазақ­стан­да ғана құрылған болатын. 1980 жылы мен Түсті металлургия министрінің орынбасары бо­лып істеп жүрген кезімде Қа­зақс­тан коммунистік партиясы Ор­та­лық коми­теті­нің өнеркәсіп жө­нін­дегі хат­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев өзімен бірге іссапарға ша­қы­рды. Сонда мен Нұрсұлтан Әбіш­ұлының өте күр­делі өндіріс­тік үде­ріс­терді жетік білетін, қа­лыптасқан күрделі жағдай­дың өзін­­де мәселені ба­йып­пен шешетін білімділігі мен біліктілігіне тәнті болдым. Келесі жылы жаз айында мені өнеркәсіп жөнін­дегі хатшы­ның көмекшісі шақырт­ты. Көп кешікпей мен Нұр­сұлтан Әбіш­­ұлы­ның қабыл­дауын­да бол­дым. Жүзі­нен байыптылық пен па­ра­сат­ты­лық­тың лебі есіп тұ­ратын Нұр­сұл­тан Әбішұлы маған жылы шы­рай таныта қарап, «сізге басқа жұ­мыс­қа ауысу туралы өті­ніш айт­қалы отырмын» деді. «Сіз өндірісте көп жыл еңбек еттіңіз. Енді біз сізге Орталық комитеттің ауыр өнер­кә­сіп бөлімін басқаруды, менің ең жақын көмекшім болуды ұсына­мыз. Ұсы­ны­сымды Димаш Ахмет­ұлы да қол­дап отыр» деп Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы мәселеге тө­тесінен көшті. Ұзақ үнсіздіктен кейін «бұл үлкен жауапкершілік қой, игеріп әкете аламын ба, Нұреке?» дедім. «Көмектесеміз» деген Орта­лық комитеті хатшысы­ның жауабы қысқа болды. Сөйтіп, тікелей Нұр­сұлтан Әбішұлының басшылы­ғы­мен 7 жыл бойы Орта­лық коми­тет­тің ауыр өнеркәсіп бө­лі­мін ба­с­қарып, үлкен тәжірибе, өмірлік шыңдалу мектебінен өттім. 1987 жылы Нұрсұлтан Назарбаев менің еңбек жолыма тағы да күрт өзгеріс енгізіп, республи­ка­мыздың Жергілікті өнеркәсіп министрі қызметіне бекітті. Осы жа­ңа қызметте бір айдан астам уа­қыт істегеннен кейін мені Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төр­аға­сы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне ша­қыртты. Министрліктің жайы­мен жан-жақты танысқаннан кейін, қан­­дай көмек керек деп сұ­ра­ды. Мен тибет медицинасы үшін ақ­бөкендердің мүйізін экспорт­тай­тын бас аңшылық басқар­ма­сын біздің министрліктің қара­ма­ғына беруді өтіндім. Себебі, тікелей одақ­қа бағынатын бұл басқар­ма даламыздың көркі болған ақ­бө­кендерді мүйізі үшін тек аулаумен ғана шұғылданып, олардың өсіп-өнуіне ешқандай жағдай жа­са­май­тын. Осындай қарақшы­лық сал­дары­нан еліміздегі ақбөкендер Қы­­зыл кітапқа енетін жағдайға жеткен болатын. Министрлер Ке­ңе­сі­нің Төрағасы менің өтінішім­ді қабыл алды. Біз Жезқазған, Ақ­төбе, Орал облыстарында ақ­бө­кен аулайтын арнайы өндірістік кәсіп­орындар құрдық. Ең бастысы, біз ақбөкендердің өсіп-өнуіне жан-жақты жағдай жасап, браконерлерден қорғадық. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде ақбөкен­дер саны арта бастады. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары бұл мәсе­леге тағы да жете көңіл ауда­рылмай кетті. – Ибрагим Баймұратұлы, сіз ірі қазақстандық компанияда білікті менеджерсіз. Бүгінде өзі­ңіз бай тәжірибеңізбен бөлісіп, ма­ғы­налы ақыл-кеңесіңізге ұйы­тып отырған ENRC корпорация­сы­ның қалыптасу және өсу жол­дары туралы айтып өтсеңіз... – Сонау бір тоқсаныншы жыл­дары тоқырауға түсіп, егемендік алған еліміздің экономикасы ты­ғы­рыққа тірелген шақта Еура­зия­лық табиғи ресурстар корпо­ра­ция­сы Қазақстанның табиғи қазба бай­лық­тарын ұтымды игеру нәти­же­сінде әр тараптандырылған өн­діру кешенін қалыптастыру мақ­сатын­дағы  жауапкершілігі орасан зор жұ­мысты қолға алды. Жыл­дар бойы қалыптасқан экономи­ка­лық байланыстар ыдыраған сол бір өтпелі кезеңде бұл корпора­ция­ның жұмысы жүйелі жолға түсіп, ха­лықаралық дәрежеде мо­йын­далған өндірістік кешен қа­лып­тасады деп сенім артқандар аз болатын. Алайда ENRC тобы өн­діріс саласына тиімді инвестициялар тарта оты­рып, аз уақыттың ішінде жоғары техно­логияларға негізделген тран­с­ұлттық корпорация құрды. Корпорация Қазақстандағы активтерін қарқынды дамытып, ел индустриясының дамуына зор үлес қосады. Оған корпорация­ның өнді­ріс­тік көрсеткіштері дә­лел. Өткен жылы жоғары көмір­тек­ті феррохром өндіру шамамен 1,3 мил­лион тон­наға жетсе, бар­лық өндірілген фер­роқорытпа 1,8 миллион тоннадан ас­ты. Тауарлы темір рудасы кон­цент­ра­тын өн­ді­ру шамамен 8,5 миллион тоннаны құрады. Алюминий өндіру 227 мың тоннаға жетті. Соны­мен бірге корпорация көмір өндіру мөл­ше­рін 20 миллион тоннадан асыр­ды. ENRC 2010 жылы Қа­зақ­­стан­да тіркелген электр энергия­сы­ның шамамен 16% пайызын өндірді. ENRC тобының мұндай жоға­ры көрсеткіштерге қол жеткізуі­нің бас­ты себебі өндірісті ұйымдас­ты­ру­дың заманауи тә­сіл­дерін ба­р­ын­ша ұтым­ды қол­данып, жаңа тех­но­ло­гия­ларды к­е­ңінен тарту үрдісі бо­лып та­была­ды. Компа­ния­ның жыл­дан-жылға жү­йелі түрде та­быс­тарға жетуінің басты себеп­тері­нің бірі ENRC тобын басқаратын менед­жер­лердің іскерлігі мен біліктілігі екендігін баса айтуы­мыз керек. Бүгінгі таңда ENRC әлем­дегі көшбасшы тау-кен ком­пания­лары­ның бірі бо­лып табылады. Корпорация еліміз­дің ішкі жалпы өнімі­не елеулі үлес қосып, елі­міздің экс­порт­тық әлеуе­тін арт­тыруда. – Ибрагим Баймұратұлы, ENRC-дің еліміздің индус­трия­лық дамуына қосып отыр­ған қомақты үлес туралы не ай­тасыз? Компанияның жа­қын болашақтағы даму тен­ден­ция­лары туралы да айтып өтсе­ңіз... – ENRC корпорациясының ірі өндірістік жобалары ин­дус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масына енгізілген. Кор­по­ра­ция­ның күрделі шығындар бағ­дар­ла­ма­сын­дағы жобалар Қазақ­стан­дағы активтерді да­мытуға ба­ғыт­талған. Ай­талық, алюминий өн­ді­рісін ке­ңей­туге компания тара­пынан кешенді шаралар белгіленіп, қомақты қаржы құ­йы­лып отыр. Қуаты жы­лы­на 136 мың тонна анод шыға­ра­тын цех­тың құ­рылысына 240 миллион дол­лар қаржы бөлінді. Зауыт сырт­қы жаб­дықтаушылардан тәуел­­­ділікті жо­йып, алюминий өн­дірісін жеткілікті анод мөл­шерімен қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді. Бұ­ған қоса ком­па­нияның Қазақс­тан­дағы темір ру­д­асы активтерін дамытуға жалпы құны 2 миллиард доллар болатын жобалар жү­зеге асырылу­да. Осы мақсатта Соко­лов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі аясында кен базасын ке­ңей­ту мен концентрат өндірі­сін арт­тыру жоба­лары, күй­діру мәши­несі мен ыс­тық брикеттелген темір шығаратын зауыт­тың құ­рылысы жүргізілуде. Жа­ңа өнді­ріс орындары қосымша жұмыс орын­дарымен қамтама­сыз етіп, жаңа жо­ғары сапалы өнім түр­лерін шы­ғаруға жол ашпақ. Қазақстанның ірі тау-кен кә­сіпорындарын біріктірген ENRC корпорациясы Лондон металдар биржасында сәтті жүргізілген лис­тинг нәтижесінде игерілген қа­ра­жатқа шетел кәсіп­орын­да­ры­ның ак­тив­терін сатып алу үр­дісін кеңі­нен енгізуде. Компа­нияның жаңа активтерді иемденуі, жаңа рынок­тар­ға шығу үр­дісі – қазіргі ғалам­дық эконо­ми­ка мен әлемдік на­рық­тың та­лабы. Осылай Қа­зақ­стан­ның ірі компаниясы әлем­дік деңгейдегі корпорацияға ай­налды. Егер Rio Tinto және Vale сияқты әлемнің беделді тау-кен компа­ния­лары­ның қатарынан кө­рінгіміз кел­се, онда Қазақстан шеңберімен шек­­теліп қалмауы­мыз керек. Біз әлемдік ры­нокта капита­лымыз­ды ұлғай­туы­мыз қа­жет, бәсекеге қабі­лет­ті болу үшін жаңа пози­ция­лар­ды ұстануы­мыз шарт. Жаңа активтерді сатып алу, жаңа рыноктарға шығу, жаңа өнім түр­лерін шығару арқылы ке­ңеюі­міз керек. Бұл – ұзақ мерзімді болашаққа бағыт­тал­ған тұ­ғырлы саясат. Алайда, ENRC-дің Қазақ­стан­дағы активтерін ке­ңей­ту біз үшін әрқашан ма­ңыз­ды басымдық болып қала береді. Біз­дің компания Қазақстан­дағы активтер базасын дамыту мен ке­ңейтуге мүдделі. Ком­панияның 5,6 млрд. дол­ларға тең болатын күр­делі шы­ғын­дар бағдарламасы со­ған дәлел. ENRC тобы үшін Қа­зақстандағы кәсіп­орын­дарды да­мы­ту әрқашан негізгі басым­дық болған. Біз Қа­зақстан­дағы кә­сіп­орындарда жұ­мыс істейтін 65 мың қызметкер ал­дындағы ора­сан жауапкершілікті түсінеміз. Қазақстандағы активтердің жұ­мысы нәтижесінде ENRC осын­дай әлемдік деңгейдегі ірі компанияға айналды. Алдағы уа­қытта бұл саладағы жетістіктеріміз бұдан да жоғары бола­тын­дығына менің сенімім зор. – Салиқалы сұхбатыңызға рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.