Бүгінгі ел экономикасында шикізаттық емес саланы дамыту мен өрге бастыру жетекші мәнге ие. Соның бірі, бірі емес-ау, бірегейі – мәшине жасау ісі. Сонымен бірге бұл сала 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның да көш басында тұр. Мемлекеттік бағдарламадағы осы жауапты міндетті батысқазақстандық мәшине жасаушылар қалай атқарып жүр? Ендігі әңгімені осы сауалға жауап тұрғысынан жалғастырғымыз келеді.
Иә, мәшине жасау мұндағы жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлер үшін бұрын беттесіп көрмеген, тосын сала емес. Олардың бойында мұндай кәсіби дағдылар мен шеберліктің қалыптасқанына талай жыл өтті. Осы аралықта оралдық өнеркәсіп иелері ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ, қорғаныс кәсіпорындарына, энергетикаға қатысты мәшине жасау ісін бес саусақтарындай меңгере білді. Орал қаласында сол кездің өзінде құрылған конструкторлық бюролар осы күнге дейін өз ықпалын жоғалтқан жоқ. Сандық бағдарламамен басқарылатын жабдықтар жөнінде де жасалар түйін осындай.
Оралдық мәшине жасаушылар бәсекеге қабілеттілікті дамыта отырып, өз өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді. Сонымен бірге, олар бүгінгі ішкі рыноктағы қажеттіліктерді де өтеп жүр. Мұндағы кәсіпорындардың конвейерінен шыққан жаңа да сапалы өнімдер таяу және алыс шет елдегі өндірісшілер тарапынан тиісті сұраныстарға ие. Әйтсе де, талдаулар барысы биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі сәл де болса төмендегенін көрсетіп отыр. Оның басты себептерін тендерлердің жай өткізілгенінен, 2011 жылдың осы кезеңінде өрт сөндіру мәшинелері мен таза су қондырғыларының өндірілмегенінен іздеген жөн. Бұл мәселеге біз сәл кейін кеңірек тоқталатын боламыз.
Экспортқа шығарылып жүрген өнімдердің алғашқысын республикада баламасы жоқ газ-турбиналы электр стансасы және газ айдау агрегаттары өндірістері құрайды. Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы шығарып жүрген осынау өнімдердің өтімділігі жоғары. Өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі «Зенит» Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сай катерлер және кемелер жасаумен шұғылданып келеді. Сондай-ақ, облыста мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемесе де, өздерінің тұрақты тұтынушыларын таба білген кәсіпорындар туралы айта кетудің өзі бір мерей. Айталық, «ҚазАрмаПром» кәсіпорны өз өнімдерінің тоқсан пайыздан астамын экспортқа шығарады. Мұнда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде арнайы жабдықтар мен ұнтақтағыш шарлар өндіру жобасы жүзеге асырылуда.
Оған 13 миллион доллар көлемінде қаражат жұмсалған. Биыл оның бірінші кезеңі аяқталып, алдағы жылы ол толықтай іске қосылмақ. Металлургиялық сала тізбегіне кіретін бұл іргелі жоба өндіріс өнімділігін көтеруге елеулі үлес қосады деп күтілуде. Осы арқылы «ҚазАрмаПром» республиканың Мұнай және газ министрлігі, сонымен бірге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларымен тығыз байланыс орнатпақ.
Орал өңірінде мұндай мысалдар жеткілікті. Осы орайда «Орал механика зауыты» кәсіпорнының конвейерінен шыққан өнімдердің 75 пайызы ресейлік тұтынушыларға жөнелтіліп жүр. Ал «ҚазТрубПром» ЖШС шығарған коммуналдық құбырлардың 80 пайызы Ресейдің «Құбырлық металлургиялық комбинаты» сауда үйіне жол тартады.
Иә, мамандар Ақжайық өңіріндегі мәшине жасау саласы кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін жоғары бағалап отыр. Әйтсе де, осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайды. Осындай «әттегенайларды» айта кету де журналистік парызымыздың бірі деп санаймыз. Біз жоғарыда биыл облыста таза су қондырғысы шығарылмағандықтан ол өңір өндірісінің сәл де болса төмендеуіне әсер еткенін жазған едік. Орал қаласында мұндай өндіріспен «Омега» АҚ шұғылданады. Сөз жоқ, бұл республиканың қай өңіріне де аса қажет қондырғы. Оның үстіне Елбасының биылғы Жолдауында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі өткір қойылғаны белгілі. Осыған қарамастан соңғы уақытта оған тапсырыс көлемі мүлдем азайып кеткен. Сондықтан да, республиканың Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі кәсіпорынды қажетті тапсырыспен қамтудың нақты мүмкіндіктерін қарастырғанын қалар едік.
Екіншіден, біз жоғарыда биылғы жылдың бірінші тоқсанында «Орал агрореммаш» АҚ-та өрт сөндіру мәшинелерін шығару тоқталып қалғанын жазғанбыз. Бұл мәселе жөнінде өткен қаңтар айында газетімізде «Үкімет назарына» деген айдармен сараптамалық-талдау мақала жарияланды. Онда арнайы техниканы шығару жөнінен мол тәжірибелері мен кәсіби шеберліктері қалыптасқан агрореммаштықтардың тендерден орынсыз шеттетілгені сыналған болатын.
Осы мақала жазылып жатқан кезде тілшілер қосынына аталған кәсіпорынның жетекшісі Ғимран Бисенов әділеттілік қалпына келгенін, тендерде жеңіп шыққанын хабарлап, мәселені орынды көтерген «Егемен Қазақстан» газетіне ризашылығын жеткізді. Ендеше, осы арқылы биылғы жылдың І тоқсанында Оралда сәл олқы түскен өндіріс көлемі өз орнына келеді деп сенеміз.
Енді тағы да көтеріліп отырған басты мәселеге оралсақ. Бүгінгі күні республикада өнеркәсіптің дамуындағы ең күрделі проблема кәсіпорындардағы құрал-жабдықтардың ескіргені болып отыр. Сондықтан, қолданыстағы мәшине, механизмдер паркін қайта жаңғырту өзекті де қажетті мәселеге айналды. Қолда бар деректер облыстағы мәшине жасау саласында негізгі өндірістік қорлар мен құрал-жабдықтардың тозу, ескіру деңгейі алпыс пайыз құрайтынын көрсетеді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 3,4 пайызға жоғары. Бұл жәйттің өзі технологиялық жабдықтарға инвестиция тарту деңгейін шұғыл көтеру қажеттігін аңғартады.
Осы арқылы экспортқа бағытталған жаңа өндірістердің өрісін одан әрі кеңейтуге жол ашылатыны анық. Бұл ретте республикада қолға алынған «Өнімділік-2020» бағдарламасынан күтер үміт мол. Соған сәйкес ірі және орта кәсіпорындарға екі бағытта қолдау көрсетілмек. Яғни ол, біріншіден, бизнестегі жаңа бастамаларды қолдауға бағыт ұстаса, екіншіден, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың құрал-жабдықтарын жаңғыртуды көздейді. Үшінші бір қызметі, ірі және орта бизнесті сауықтыруға қолдау көрсетеді.
«Өнімділік-2020» бағдарламасының тағы бір ұтымдылығы – шет елдерден жоғары білікті мамандар тартуға мемлекет тарапынан ықпал жасау. Бұл арада Үкімет тек ықпал жасаумен шектелмей, мамандар тартуға жұмсалатын шығынның 50 пайызын төлейтінін де айта кеткен жөн. Талас жоқ, бұл өте үлкен көмек. Ендеше, республикадағы мәшине жасаушы кәсіпорындар бұл мүмкіндікті қалт жібермегендері жөн.
Оралдық мәшине жасаушыларды қажетті кадрлармен және мамандармен қамтуда жергілікті атқарушы органдар тарапынан оң қадамдар белгіленгені де атап айтуға тұрарлық мәселе. Кадрлардың қажеттілігіне талдаулар мен маркетингтік зерттеулер жүргізу ісі де осы арнадан бастау алады. Бүгінде Орал өңірінде техникалық кадрлар әзірлеу ісінің басты ошағы – Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі мәшине жасау факультеті мен облыс орталығындағы №1 кәсіптік-техникалық мектеп болып отыр.
Өнеркәсіптің өзге салаларындай емес, мәшине жасау ісінің өрісі мен ауқымы өте кең. Оны бір өңірдің немесе бір мемлекеттің шеңберімен тұйықтап, тұсап тастай алмайсың. Саланың өзіндік ерекшелігі мұндай өлшеммен мүлдем сыйыспайды әрі өркендей де алмайды. Оған жоғарыда айтылғандай географиялық кең тұтыну рыногы керек. Бұған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында құрылған Кеден одағы да тек игі әсерін тигізбек. Оралдық мәшине жасаушылар бүгінде осы талаптар үдесінен шығуға бекем бел буған.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.