Елбасының әлемдік деңгейдегі беделі, сыртқы саясатты жүргізудегі данагөй шешімдері, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіне деген қамқорлығы мен ел экономикасын дамыту жолындағы батыл қадамдары кешегі өткен сайлауда ел қалауын анықтап берді. Н.Назарбаевты Көшбасшы деп таныған ел ұрпақтың болашағын сол кісіге сеніп тапсырып отыр. Президент жүргізіп отырған сындарлы саясаттың арқасында ашық аспанымыздың астында көк туымыз желбіреп, көршілес елдермен татулық қарым-қатынас, іскерлік ынтымақтастық орнап, дүние жүзі алдында Қазақстанның абырой-атағы асқақтап келеді.
Тәуелсіздік алғалы 20 жылдың жүзі болды, жеткен жетістіктеріміз көңіл қуантады. Кеңес өкіметі ыдыраған алғашқы жылдары сол Одақтың құрамында болған республикалардың барлығы дерлік тарам-тарам жолдан таңдау таппай, абдырап қалғаны белгілі. Бұл Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Экономикада дағдарыс етек алып, одан құрылыс өндірісі саласы да зардап шекті. Бай техникалық мүмкіндіктеріне және білікті мамандар ұжымының болуына қарамастан, көптеген кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдары жаңа нарық талаптарына төтеп бере алмады. Жобалау ісінде тұрлаулы тапсырыстар болмай, құрылыс индустриясы құлдырады. Бірақ Елбасының көреген саясатының арқасында бұл қиыншылықтар қазір артта қалды.
Сары даланың төсіндегі Ақмола қаласын еліміздің астанасы етіп жариялау сол кезде көптің басын шайқатқаны рас. Қысы-жазы жел жосыған бұдыры жоқ жазықта бүтін бір елдің келбеті болатын қала тұрғызу көпшілік үшін ақылға сыймайтын кереғар ой болатын. Алайда ақыл жетпес айла жоқ, батылдық алмас қамал жоқ. Мемлекет басшысының батыл қадамының нәтижесіне қазақстандықтар ғана емес, бүкіл дүние жүзі тәнті болып отыр.
1998 жылы Астана қаласының бас жоспарының жобасына жарияланған халықаралық конкурсқа төрағалық ету құрметіне ие болдым. Бұл конкурс әлемнің белгілі сәулетшілерінің қызығушылығын туғызды, байқауға 20-дан аса елдің сәулетшілері елудей жоба ұсынды. Конкурстың шарты бойынша жобалардың ішінен ең үздік үшеуін таңдап алып, ел Президентінің таңдауына ұсыну керек болды. Елбасының таңдауы көптің таңдауымен үндес шықты – Астана қаласының орталығын жобалау мәртебесі жапондық сәулетші, әлемге аты әйгілі Кисе Куракаваға тиді.
Қаланың қазіргі келбетіне қарап, бұл таңдаудың сәтті болғанына тағы да көз жеткіземіз. Көсем көрегендігіне толағай тәуекелін серік етіп, ел астанасын көшіргенде, халық санасына ұялаған күмәнді көп ұзамай-ақ мақтаныш сезімі алмастырды. Президенттің өзі «Астана» деп асқақтатып ат берді. Сол Астана бүгінде тың ойлар мен ұлы бастамалардың, шалқар шабыт пен зиялы зерденің тоғысар ордасына айналды. Бұл орда Мемлекет басшысының осы қалаға арнаған еңбегінің, күш-жігерінің арқасында қазақ тарихында ғана емес, әлем тарихында еңсесі биік, келбеті көрікті астаналардың бірі болып қалады. Сол үшін келер ұрпақтың да алғыс айтары хақ!
Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін дамыту шараларының бағдарламалары жасалып, еліміздің құрылыс индустриясының әлеуетін арттыру ісі алға қойылды. Бұл салада құрылғанына көп болмаса да, қарымды жұмыстарды жоспарлап отырған Қазақстан жобалаушылар қауымдастығы Елбасының сәулет және құрылыс саласы бойынша жүргізіп отырған саясатын қолдайтындығын білдіреді және ел басқару ісінде қажымас қайрат, мықты денсаулық тілейді.
Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, Қазақстан жобалаушылар қауымдастығының президенті, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.