Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен зауыт цехында алғаш кездескен сол бір тарихи күні мен Кентау қаласындағы трансформатор зауытында студенттік-өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген едім. Бұл Елбасының 2005 жылы өткен президенттік сайлаудың сайлауалды науқаны барысындағы сапары болатын. Әрине, бұл кездесуде кеудемде қуаныш, жалпы жаңа белестерге өрлеу сезімі қылаң берді. Зауыт жұмысшыларына және бізге, жас инженерлерге арнап сөйлеген сөзіндегі: «Отаншыл болу – демек, Қазақстанды әрдайым жүрегіңе жақын тұту», деген тұжырымы ерекше есімде қалды.
Тұла бойымды тебіренткен сол сәттен бері өмірімде көптеген өзгерістер болды. Жоғары оқуымды бітіріп, инженер-энергетик болдым. Отбасылы болдым, ұлым дүниеге келді. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде ойластырып, дайындаған трансформатор шығаратын заманауи зауыт салу жөніндегі жобам, арманым десем де болар, ол да жүзеге асты. Оның іргетасы қысқа мерзім ішінде қаланып, міне, бүгін оның конвейерінен қазақстандық жоғары қуатты трансформаторлар жіберілуде.
Ал 3 сәуірде өткен сайлауға келсем, Нұрсұлтан Әбішұлы сенімді жеңіске жетті. Біз мемлекетіміздің ерекшеліктеріне лайықты саяси бағытты таңдаған, сенім мен құрмет білдірген сайлаушылар қатарында болғанымызды мақтан тұтамыз. Сайлау учаскелеріне жастардың ағылып келіп жатқанына өзіміз де куәгер болдық. Біз Елбасымен еліміздің тұрақтылығын, өмір сүру деңгейінің жақсаруын, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін байланыстырамыз.
Қазақстан осы сайлау барысында өзінің феномені неде екендігін көрсетті. Ол халықтың Президентке өзара және толық сенім мен құрметтің нық орныққанында. Еліміздің әрбір тұрғынының өзінің өмірінде Президенттің рөлі мен орны жөнінде дара пікірі қалыптасқан. Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаев – экономикалық және әлеуметтік қайта құруларды жүзеге асырған, адамның лайықты өмір сүруіне іргетас қалаған ақылды адам. Біз дерексіз саяси немесе экономикалық қағидаларға емес, нақты адамның өмір сүру деңгейін жақсартқан билік үшін дауыс бердік.
Қазақстан – байсалды, қонақжай, діни тұрғыда төзімді, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық ұйыған мемлекет. «Қазақстан» атты алып кемеміз өркенді болашаққа сенімді бағытынан ауытқымасын дейміз.
Еркебұлан ІЛИЯСҰЛЫ, «Alageum Electric» АҚ ЭМБ бас директорының орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы.