07 Мамыр, 2011

Немістерге қарсы соғысқан немістер

757 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
1913 жылғы халық санағы бойынша,  бірінші дүниежүзілік соғыс басталар кезде Ресейдегі немістердің саны  миллионнан асып жығылған.  Сөз жоқ, бір жарым ғасырдан астам уақыт орыс жеріне бауыр басқан  осыншама жұрт қоғамдық өмірдің біраз саласына қомақты үлесін қосқандығы түсінікті. Осыған орай елдің абырой-даңқын аспандата түскені үшін тарихқа кіріп, оған мәңгілік жазылған көптеген адамдардың  аты-жөнін ілтипатпен атауға болады. Солардың бірі –  мектеп қабырғасынан бастап  құлағымызға әбден сіңген, орыс самодержавиесімен табандылықпен  күресіп,  құрбан болған бүлікшіл декабрист Павел Пестель. Немесе 1812 жылғы қырғын соғыс­та француз басқыншыларына қарсы күресте партизан қозғалысын басқарған Александр Фигнер. Бұларды мақтан етерлік тұлға емес деп кім айта алады? Ал «Недоросль» деген пьесаның ав­торы  Денис Фонвизин ресейлік дворяндар­дың өмірін дәл сол қалпында  көркем көзбен кестелеп, жазып кетті емес пе? Ғажап суретші Орест Кипренскийді (өгей әкесі –  Адам Швальбе), орыстың бейнелеу өнерінің негізін қалау­шыларының бірі Карл Брюлловты қалай атаусыз қалдырар едіңіз? Жарқын болашақты аңсаған империя ха­лық­тарының ұлт-азаттық қозғалысынан немістер де қалыс қалған емес. «Очаков» крейсеріндегі көтерілісті басқарған Петр Шмид­тің өмірі мен өшпес ерлігі күні бүгінге дейін кімнің болса да оған деген шын мә­ніндегі  шексіз құрмет сезімін оя­тады.  Өзін өзі нұрлы болашақ үшін құр­бан­дыққа шалған тектілік пен адамгерші­ліктің үлгісі есебінде халық есінде мәңгі сақ­талуы да содан болар. Бірінші орыс револю­ция­сының от-ж­лыны кезінде большевик Николай Бауман қаражүздіктердің қолынан қаза тапты. 4-Мем­лекеттік Ду­мадағы большевиктер фрак­циясының хат­шысы Эммануил Квиринг лениндік «Прав­даның» алғашқы қызмет­керле­рінің бірі. Қазан төңкерісінен кейін ол Украина КП (б) Орталық Комитетінде істеді,  Бүкіл­одақ­тық Халық Шаруашылығы Кеңесі­нің төрағасы болып,  КСРО-ның  Мемлекеттік жоспарлау  са­ласында жауапты қызмет ат­қарды. АҚШ-тағы Кеңес өкіметінің алғаш­қы өкілі болған Людвиг Мартенс пен  Еңбек халкомы және Халком кеңесі төрағасының орынбасары Василий Шмидт кезінде Питерде революциялық қызметпен айналысқан. Отан басына  ауыртпалық түсіп, жауға кіріптар  боларлық қара бұлт төнген кезде  де ресейлік немістер елдің ортақ жауапкершілігінен қашып-пысқан жоқ.  Айталық, 1914 жыл­ғы май­данда 300  мыңдай ұлты неміс  рекруттер (әскерге жаңадан ша­қырыл­ғандар) соғысқа қатысты. Олар 1941-1945 жылдарғы Гитлер басқын­шы­ларымен болған күресті де кеңес халқымен бірге иық тіресе қарсы алды. Ұлы Отан соғысы басталғанда Еділ жаға­лауындағы Неміс автономиялық республика­сы, Сібір, Украина, Қырым мен Кавказдағы ұлттық аудандарда туған ұлты неміс ондаған мың солдаттар мен офицерлер  әскер  қата­рында  болған. Неміс рес­пуб­ликасынан өз еркімен соғыс­қа жіберің­дер деген 2500 өтініш түсіп, 8000-нан астам адам халық жасағына жазылған. Майданға алғашқылардың бірі болып 1904-1918 жылы туған әскери міндетін өтеу­ге тиіс кісілер шақырылады. Сол бір қиын-қыстау күндерде әскери комиссариат алдын­да кезекте тұрғандар негізінен мұн­дай топқа жатпай­тындар болатын.  Бұлар 16-17-дегі қыз-жігіт­тер, маңдайын қырау шалған азамат соғысының ардагерлері, олардың ішінде 1917-1919 жыл­дар­дан бері Компартия мүше­лері Иван Райсих,  Карл Рингельштейн, Рудольф Рольгейзер, Адам Рамбургер, Оскар Орберт, «Аврора» крей­се­рінің мичманы Эдгар Вальтер және есімі елге әлі белгілі бола қоймаған тағы басқалар бар еді. 1939 жылғы халық санағы бойынша Кеңес Одағында 1427222 неміс, оның ішінде Ресей Федерациясында  700231, Украинада – 392458, Белоруссияда – 8448, Әзір­байжанда –  23133, Қырғызстанда – 8426, Грузияда – 20527, Арменияда – 433, Қазақ­станда – 92 мың адам тұратын. Арнайы жер аударылғандар арасында  НКВД-нің 1949 жылы жүргізген санағы бойын­ша Қызыл Армияда бұрын қызмет атқарған неміс­тердің саны былай  екен:  жер аударылғандар: офицерлер – 1609, сержанттар – 4282, қатар­дағы құрам­да­ғылар – 27724, барлығы 33615 адам; ота­нына оралғандар (репатриациялан­ғандар): офицерлер –  1092, сержанттар – 2828; қатардағы құрамдағылар – 18747, барлығы – 22667 адам; әскерге шақырылғандар: офицерлер – 326, сержанттар – 907, қатар­дағы құрам­дағылар – 4444, барлығы – 5677 адам;  жергілікті азаматтар: офицерлер – 119, сержанттар – 301, қатар­дағы құрам­дағы­лар – 2057, барлығы – 2477 адам; басқалары: офицерлер – 32, сержанттар – 33, қатардағы құрамдағылар – 143, барлы­ғы – 208 адам. Сонда барлық 5 түр бойын­ша – 64644 адам. Немістер бүкіл Кеңес Одағының халық­та­рымен топтасып, бір кі­сідей жұмылып, фашист басқыншыларына қар­сы қорғанысқа көтерілді. Қара ниетті дұшпан­ның кенеттен соғыс ашуы кеңес халқына тө­беден жай түскендей әсер етті. Бұл, сөз жоқ, немістер үшін де үлкен соққы болды. Алайда, олар­дың қия­мет-қайы­мы, көрер қайғы-қасіреті алда еді. 1941 жыл­дың 26 тамызында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен ВКП(б) Орталық Комитеті Саратов, Сталинград облыста­рын­да және Еділ жағалауындағы немістерді жер аудару туралы қаулы қабылдады. Осыдан екі күн өткен соң – 1941 жылдың 28 тамызында осы шешімге құқықтық негіз болатын КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының  жарлығы шықты.  Мұнда неміс республикасы   немесе пәленше облыс, аудан деген сияқты нақты мекен-жай көрсетіл­мей-ақ,  «Еділ жаға­ла­уын­дағы аудандарда тұратын немістерді жер аудару» деген құжат өмірге келді. Соғысқа дейінгі уақытта да «күдікті­лер­дің» қатарына ілігу үшін тек неміс бол­ған­ның өзі жеткілікті еді. Азаматтығына қарамас­тан олардың бәрі арнаулы қызмет­тің есебінде тұрды. Соғыс басталысымен шұғыл түрде Еділ жағалауында тұратын неміс халқына «күйе жағып», қаралауға қажетті деректер іздестіріле бастайды. Бірақ қауіпсіздік органдары қанша тырыс­қанымен оның қисыны келе қоймапты: 22 маусымнан 10 тамызға дейін «небәрі» 145 адам тұтқын­дал­ған. Оның ішінде «жеңі­лушілік немесе көте­рілісшілік» пиғылын көрсеткендер 97 адам, антисоветтік топтар мен керітөңке­ріс­шілер ұйымына қатыс­қандар – 36, дивер­сиялық және террористік ниет байқатқандар – 7, «неміс шпио­нажы» есебінде ұсталғандар – 2 адам. 58-баптың аясы кең екенін ескерсек, мұ­ның өзі өкімет жарлығын «осы дұрыс еді» деп жұрт­шылықты иландыра қоймайтын есеп-қисап болатын. Компромат жеткіліксіздігі ап-айқын! Соғыстан кейінгі жылдары батыстағы Канарис ұйымдары (әскери барлау) агрес­сияға ұшырауға тиісті әрбір құрбанды саяси, эконо­микалық және әскери тұрғыдан «бесінші колон­наның» көмегімен ыдырату­ды мақ­сат еткен 2-Абвер КСРО-да оларды жақтау­шылар көп бола қоймады, сондық­тан неміс азшылығына арқа сүйей алмадық деп мәлім­деген. Герман мұрағаттары жария­лаған «үшін­ші рейх» және Ресейде тұратын неміс­тердің арасында қандай да бір байланыс болғандығын айғақтайтын бірде-бір құжат табылмаған. Ал билік болса, 1941 жылы да, одан кейінгі уақытта да кеңестік немістердің мұндай қарым-қатынаста болған-болмаға­нын табанды­лық­пен үздіксіз іздегені айдан анық. Тарихшы ғалымдар Қ. Алдажұманов пен Е.Алдажұманов та осындай тұрғыда тұжы­рым жасайды. Жарлықта көрсетілген «мың­даған жә­не он мыңдаған диверсанттар мен шпиондар­дың» ізін  олар да мұрағаттан кездестірмегендігін жазады. Жоқ болса, қалай табарсың.  Демек, өкімет шешімі – дақпырт. Лақап, алып-қашпа сөз. Тұтас бір халыққа жабылған жала, сенімсіздік. Әділеттіліктен, ақиқаттан алшақ жатқан дүние. Ал неміс республикасының жойылуына келсек, ол заңсыз жасалған. КСРО конститу­циясының талаптары сақ­тал­маған,  АКСР келісімі алынбаған. Кейін бұл мәселелер ресми тұрғыда мойындалды да. Ұлты неміс кеңестік сарбаздар герман фа­шиз­мімен күресте қаһармандық, батыр­лық көрсетті. 1941 жылдың тамыз айында «Комсомольская правда» Генрих Гофман­ның ерлігі туралы хабарлады. Ауыр жарақаттанып тұтқынға түскен,  жау жағына өтіп, айтқа­нына көнбегендіктен оны азапқа салып, ұрып-соққан, ерлікпен қаза тапқан. Дұшпан соққысын алғашқылардың бірі бо­лып қарсы алған Брест қорғанының ержүрек сар­баздарының ішінде кеңестік немістер аз емес еді.  Бұл тізімнің ішінен табан­дылық пен ержүректілік көрсеткені үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған  старшина Вячеслав Эдуардо­вич Майерді (марқұм) атауға болады. Майор А.Дулькайт, аға лейтенанттар Е. Кролл мен Г.Шмидт, А.Герцог, полк дәрігері В. Вебер,  қатардағы жауынгерлер Дамм, Релинг, Кинг, А.Вагенлейтнер (оның әйелі мен қызы фашистер қолынан қаза тапқан)  – бұлардың бәрі Брестің от-жалынын шарпып, кеңес халқының теңдесі жоқ ерлігін тарих бетіне жазып кеткен асыл жандар. Қолына қару ұстап неміс фашистерімен болған қиян-кескі ұрыстың ішінде 5 әуе-десант бригадасының құрамында Киев қаласы ішіндегі майданға қатысқан Георгий Мюллерді айтуға болады. Осы құрылымның сол бір кездегі жанкешті іс-қимылдары  жөнінде Евгений Долматовский кейін былай деп жазды: «Қырық бірінші жылғы тамыз­дың 20 күні ішінде А. Родим­цевтің құрамына кіретін әуе десантының кор­пусы қырғын соғысқа ілігіп, кейде қоян-қолтық текетіреске ұласты. Артиллеристердің көмегі­мен десант тәу­лігіне небәрі 800 метр жылжы­ды. Бірақ олар батысқа қадам басты. 1941 жылдың тамызында Батысқа жол тартты! Отан соғысына қатысқандар бұл қайғылы айды ешқашан ұмытпайды, олар сол кезең үшін  Батысқа жылжудың не екенін түсінеді». Қызыл Армияның 63-атқыштар бөлім­ше­­сін фашистер «қара корпус» деп тегін атамаған. Оның сарбаздары Рогачев қаласын жаудан тартып алып, бір ай бойына қолында ұстаған. Осы құрылым­ның қатарында ке­ңестік немістер де жаумен арпалысқан. Солардың бірі – ерлікпен шәйіт болған  Еділ жағалауының тумасы   Яков Вагнер. Оның жеке заттары  мен құжат­тары қаза тапқан полктастарының мүліктерімен бірге Рогачев қаласының халық даңқы мұра­жайына қойылған. Қызыл Армияның офицері Адольф Берш Берлин қаласын азат етуге қатысып, кейін жеңілген Германияның астанасының кеңес­тік бөлігінің әкімшілігінде қызмет атқарған. Соғыс біткен жылдары  КСРО-ға келіп, мектепте неміс тілінен сабақ беріпті. Бұл туралы бізге қазір тарихи Отанында тұратын, ал бұрын Ақмола­дағы «Фройндшафт», сосын «Акмолинская правда» газетінде істеген оның шәкірті журналист Альфред Функ айтқан еді. 1941 жылғы жарлыққа сәйкес  ұлты неміс солдаттар мен офицерлер соғысқа жіберілмей, кейін қайтарыла бастады. Алайда, көптеген  жауынгерлер аты-жөндерін өзгер­тіп, майдан алаңын тастамады, ерлік көрсетіп, неміс фашистерімен табандылық­пен күресе берді. Мә­селен, Саратов қаласынан келген Кеңес Одағы­ның Батыры Вольдемар Венцель  фамилиясын өзгертіп Венцев болып жүрген; аға лейтенант Артур Бойгель болса Бойченко деп жазылған; Петер Лёвин Левинге айналып, осы фамилия­сымен Берлинге  жеткен; Георгий Эмильевич  Рихтер  соғыс біткенше Михаил Васильевич Смирнов деп танылған. Пауль Шмидтың майданға баруының өзі бір хикая. Қолына қару алып фашист басқыншы­ларымен соғысу үшін еңбек армия­сынан қа­шып шығады, өзінің әзір­байжан досы  Әли Ах­ме­товтың есімін алып, Қызыл Армияға кіреді, оның қата­рында Берлинге дейін барады. Көптеген жауынгерлік орден-медальдарға ие болады. Ал өзінің П.Шмидт деген нақты аты-жөнін  маршал Г.К.Жуковтың көмегімен (!) соғыстан кейін  әзер қайтарып алады. Ұлы Отан соғысының майдан даласын­дағы қырғын ұрыста ерлік көрсеткен осын­дай мыңдаған кеңес немістері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған қатардағы танкист жауынгерлер Петер Миллер мен Михаэль Геккель, генерал-майор Сергей Волькенштейн, партизан бригадасының жетекшісі Александр Герман, аты аңызға айналған барлаушы Роберт Клейн және басқаларды атауға болады. Дей тұрсақ та, тек аз ұлттардың өкілі – неміс  –  болғаны үшін біраз азаматтардың жан­­қияр­­лық еңбегі еленбей тиісті марапат­тарынан шеттетілгені қаншама десеңізші! Дегенмен, соның бір-екеуін тілге тиек етуді жөн деп таптық. Сталиннің бұйрығына сәйкес ұлты неміс болғандықтан авиациядан шығарылып,  өзеннен ағаш ағызуға жіберілген әскери әуе күштерінің бұрынғы капи­таны, тамаша ұшқыш Михаил Иванович Ассельборнның жасаған ерлік істері мұны айғақтай түседі.  Ол болған жағдайға мойы­май арнайы оқу орнына жіберуге тіркеледі, оны бітірген соң диверсиялық барлау отря­дының командиріне тағайын­далады. Ас­сельборндықтардың 180 тәулік бойы жаса­­ған жорығы  Ленинград блока­дасын жоюға жәрдемін тигізеді. Олар Балтық жағалауында және басқа жерлерде талай ерліктің үлгілерін көрсеткен. Жа­уынгерлік даңқты табыстары көп.  Бас­шылық оны марқұм болғаннан кейін тек медальға ғана лайықты деп есептеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комите­тінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде Д. Қонаев оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда, саяси жүйе бұл жолы да өзінің жаңылмайтындығын сездіріп, марқұмды Қызыл жұлдыз орденімен наградтады. 1996 жылдың 19 маусымында Ресей президенті мазмұны жағынан бұрын болып көрмеген № 948 жарлыққа қол қояды. Мұнда: «Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін сержант Ганус Феодосий Григорьевичке (марқұм) Ресей Феде­рациясының Батыры атағы берілсін», делінген. ХХ ғасырдың соңында  Ресей жарты ғасырдан бұрын Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапқан нақты кеңес жа­уынгерін кенеттен еске алып, оны енді жа­ңа мемлекеттің ең жоғарғы награда­сымен марапаттауының өзі түсініксіздеу еді. Оқиға былай болған. 1943 жылдың 21 қаңтарында Сталинград түбіндегі Новая Надежда хуторының жанында 91-бригада­ның лейтенант Алексей Наумов басқарған КВ танк экипажы неміс фашистерімен тең келе алмайтын жағдайда соғысып жатты.  Оның құрамындағылар –  кіші сержант Петр Нори­цын, аға механик-жүргізуші Павел Смир­нов, кіші сержант, радист Николай Вялых, сержант, оқ беруші Феодосий Ганус.  Күні бойғы жан алып, жан беріскен текетіресте осы бес жігіт жаудың бес танкісін, он жеті пулеметін жояды. Ұрыс бірде үдеп, бірде басылып тұрды. Ақырында жаумен жалғыз алысқан танк  істен шықты, жауын­герлер  әбден қалжырады.  Қараңғы­лық түс­ті.  Экипаж тапсырманы орындады, олар техникасын тастап, кейін шегінуіне де болар еді. Бірақ бұлардың әлі қару-жарағы, оқ-дәрілері болғандықтан ұрысты жалғас­тыра береді. Немістер істен шыққан танкті қор­шап, тұтқынға түсуін талап етті. Танкистер бұған жауап ретінде таза неміс тілінде «Russen ergeben sich nicht!» («Немістер берілмейді!») деген. Фашистер орыс танкіне жанармай құйып, өртеп жібереді. Келесі күні Новая Надежда хуторы азат етіліп, қаза болған танкистер далалық ал­қаптағы бауыр­ластар зиратына жерленеді. 91-танк бригадасының қолбасшысы полковник И. Якубовский бес танкисті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсына­ды. Бұған  Әскери Кеңес мүшесі генерал-майор  К. Телегин мен  әскер қолбасшысы армия гене­ралы К. Рокоссовский де қол қояды. Төртеуі батыр атағына ие болады, ал  Феодосий Гануске берілмейді. Себебі – неміс. Ф.Ганус қазіргі Астана қаласының іргесіндегі бұрын Сенокосное деп аталатын елді мекенде 1912 жылы жер өлшеуші неміс отбасында туған. Комсомолдық жолдамамен Новокузнецк металлургия комбина­тына бара­­ды. Сонда өзі сияқты Клавдия Козлова деген комсомол қызға үйленіп, тұңғыш баласы туған соң әйелінің ту­ыстары тұратын Липецк қаласына көшеді. Соғыс басталы­сымен-ақ әскери комис­сариатқа барып, қысқа мерзімді танкистер дайындайтын курсты аяқтап,  Новолипецк металлургия ком­бинатында жұмыс істеп жүрген жерінен  майданға аттанады.  Клавдия төрт баласымен үйінде қалады. 1941 жылғы 8 қыркүйектегі Сталиннің бұйрығымен (№ 35105) майдан мен тылдағы Қызыл Армияның бөлімшеле­рінен, акаде­мия­­ла­рынан, әскери оқу орын­дарынан және мекемелерінен неміс ұлтының қатардағы және басшылық құрамындағылар түгелдей алас­таты­лып, оларды ішкі округтар мен құрылыс бөлім­шелеріне жіберу  көзделген болатын. Ал майдан шебі Еділ жағалауына жақындап, маман әскерилер жетіспей жатқанда мұнымен кім есептесіп жатты дейсіз. Феодосий Ганустың әскер қатарында қалып, Сталинград майда­нына қатысуын тек осындай  себептермен түсіндіруге болады  деп ойлаймыз. Міне, осы оқиғаны он жыл бойы зерттеген соғыс ардагері П.Дунаевтың  «Ганус­тың ісін» Кремль деңгейіне дейін көтеріп, әділеттілікке қол жеткізе   алуы ізгілікті қа­дір-қасиеттің, адамгершіліктің айқын  үлгі­сі болары  сөзсіз. Амантай КӘКЕН, журналист. Астана.