11 Мамыр, 2011

Ерлік шежіресі

519 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
«Социалистік Қазақстан» газетінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі қызметі туралы Осы мақаланы жазар алдында Ұлы Отан соғысына қатысқан, ел­ге оралған соң, қазақ баспа­сө­зіне бүкіл өмірін арнаған Құр­ман­бек Әбілдаевтың «Қаһарлы күн­дер шежіресін» асықпай парақтап шықтым. Сонда басыма бір ой келді. Қан майданда айқасқан аға­лар ерлігінің арқасында қол жеткен Жеңіс жемісін халқымыз күні бүгінге дейін теріп отыр. Ал Жеңіске мықты үлес қосқан жауынгер аға – біздің мақта­ны­шы­мыз, апырау, мына ХХІ ғасырдағы жұртына пай­да­сы тимей қоймайтын және бір бағалы еңбек сіңі­ріпті ғой деген ой еді ол. Соғыс басталған күнді ме, болмаса Жеңіс күнін бе, обалы не керек, бүкіл бұ­қаралық ақпарат құралдары қазақ сарбаздарының кешегі қан майданда жа­саған ерлігін ел-жұртымыздың есіне үнемі түсіріп отыруға тырысады. Ме­нің сонда байқағаным, бір газет жаңа­лығымен қуантса, екіншісі – ескі ізді шиырлауға әуес. Атақты батырлары­мыз­дың екі-үш есімін ғана қайталап келтіре отырып, белгілі жәйттерді са­ғызша шайнайды. Мұндайда жауы­ры­ның құрысып: «Оу, іздену қайда?» – деп қаласың. Ондай газетті киоскіден сатып алуға ендігәрі ұмтыла қоймайсың. Бүгінгі газетшілеріміздің басым бөлігі – жастар. Оларды кешегі қырғын соғыс қаһармандарының көбін біле бермейтіні үшін жазғыруға болмайды. Ал білгісі келгендеріне талабыңа нұр жаусыннан басқа айтарымыз жоқ. Жа­зу­ға ұмтылғандарына берер ақыл-ке­ңес әзір: нағыз керемет «анықтамалық» – жо­ғарыда атын айтқан қайран Құ­ре­кең­нің кітабын оқысын. «Қаһарлы күн­дер шежіресі» – жалпы саясат жөніндегі жетекші, аға газетіміз «Социалистік Қазақ­стан­ның» («СҚ», қазіргі «Егемен Қазақ­стан») тұтас бір кезеңінің тарихы. Өзге сөз таба алмайсың. Себебі төмендегіше. Біріншіден, Құрекең кітабына қара­ғанда, «1941 жылғы июльден бастап біздің республикада «Лениншіл жас», «Ленинская смена», «Пионер Казахстана», «Октябрь балалары», бес облыста шығып тұрған комсомол газеттері, «Ком­мунист», «Жас большевик», «Пионер», «Вожатыйға көмекші», «Сталин жолы», «Народное хозяйство Казахстана», «Қазақстан колхоз-совхоздары», «Литература и искусство Казахстана», «Халық мұғалімі», «Әдебиет және искусство» журналдарының шығарылуы уақытша тоқтатылған». Екіншіден, соғыс жылдары облыс­тық газеттер көбіне тұтамдай шағын көлемде шығарылды. Көлемі негізінен «Совин­фор­мбюроның» материалын ауда­­рып ба­суға ғана жететін. Ал сол кездегі басты та­қырып – Ұлы Отан соғысы барысының жай-жапсары, ең бағалысы – қазақ жау­ын­герлерінің ерлігі туралы толық ақпа­рат­ты тек сол «Социалистік Қазақстаннан» ғана табамыз... Оның мейлінше сығым­дал­ған түрі жаңағы аталған Құрекең кітабында. Кітаптың өзі де атына сай шежіре іспетті. Алғашқы  тарауында автор Ке­ңес Одағының соғыс қарсаңындағы және басталғандағы жай-күйінен қыс­қа­ша ұтымды да тартымды мағлұмат беріп алып, газеттің майдан  тақы­ры­бын жазудағы алғашқы қадамдарын нақтылы талдап көрсетеді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақ­стан былай қарағанда, майданнан алыс­тау өңірде орналасқандай еді. Ал ақи­қатына келгенде, республикамыз фашизм агрессиясына қарсы майданның алдыңғы шебінде болды. «Правда» газеті «Славный казахский народ – в борьбе за советскую Родину» деген бас мақаласында (1943 жылғы 6 февраль) былай деп жазды: «Хорошо бьются казахи на фронте, хорошо работают их отцы, матери, жены в тылу. Казахстан могуче подпирает фронт всеми богатствами своей земли, всеми сокровищами своих гор. В каждом снаряде, опустошающем ряды гитлеровцев, есть часть казахской природы, есть доля казахского труда. Ка­захстан близок и дорог советским людям. Любят у нас прямую, от­кры­тую, мужественную душу казаха, его скромность, его верность». Құрманбек Әбілдаевтың кітабы «Социалистік Қазақстан» газетінің бай материалынан талай-талай жарқын мы­салдарды үсті-үстіне келтіре оты­рып, қазақ майдангерлеріне деген біздің жүрегіміздегі ыстық махаббатты онан әрмен күшейте түседі. Не жазса да жазуы оқылмай қой­майтын автор болады. «Социалистік Қазақстан» газетінде жиі жарық кө­ре­тін академик Қаныш Сәтбаев мақала­ла­ры сондай еді. «Қаһарлы күндер шежіресінде», әсіресе, полиметалл өнді­рі­сіне байланысты көкейкесті ақпар ал­дымен сол әлемге даңқы кеткен ғұ­лама­ның қаламынан туындайтын. Шым­кент, Лениногор қорғасын зауыт­тары секілді жаңадан салынған ірі зауыттар, Зырян, Белоус сияқты қоры мол кендер ғой неміс-фашистерге атылған он оқтың тоғызын құюға атсалысқан. Молибден, вольфрам, сурьма сияқты сирек кездесетін металдар өндірісі жолға қойы­лып, ел қару-жарақ жасайтын құйма­лар­дан тарығып көрген жоқ. Соғыс жыл­дарында республикада жаңадан 25 рудник пен шахта, 11 байыту фабрика­сы іске қосылыпты. Ақтөбе ферро­қо­рытпа зауыты салынды. Біздің респуб­ли­камыз жалпы Одақ бойынша өнді­рілген қорғасынның 85 пайызын, мыс­тың – 30, марганец рудасының – 60, по­лиметалл кендерінің 70 пайызын берген. Кітап авторы шығармасының тағы да бір тұсында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 1942 жылдың сәуірінде КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанын жазады. Сол кездегі республикалық билік тарапынан академикке құттықтау хат жолданғанын қуана әңгімелейді. Хат­та қазақ жерінің қойнауындағы бай­лықты тауып игеру хақындағы Сәт­баев еңбегі геология ғылымына қосыл­ған бағалы үлес қана емес, неміс-фашист бас­қын­шы­ла­рын талқан­дау ісіне тікелей қыз­мет етеді, – делінген ре­сми орын­дар­дың құт­тықтау ха­тын­да. Соң­ғы сөй­лем­нің астын Құрекең кіта­бында арнайы сызып ерекшелепті. Қаныш Сәтбаев бастаған геологтар­дың, жұмысшы, инженер-техник қыз­мет­керлердің ерен еңбегін жазуда, тә­жірибесін жинақтауда, істегі кемшіліктерді ашуда «Социалистік Қазақ­стан­ның» сол қиын-қыстау кезеңде жа­рияланған материалдары, көтерген да­былдары соғыс шаруашылығын қалып­тастыруға баға жетпес көмек көрсетті деп толық сеніммен айтуға болады, деп жазады кітап иесі. Аға газеттің жарияланымдарына сүйене отырып, кітап авторы, мәселен, Ленин орденімен наградталған бұрғы­лау шеберлері Н.Бермағамбетов, А.Бай­арыстанов, Р.Қасқараев, Б.Өтеу­лиев, про­мыселдердің басшылары: Д.Дос­мұ­хаметов, С.Өтебаев, Р.Са­ғын­ды­қов және басқаларының есімдерін үл­кен ілтипатпен атап өтеді. Осылардың еңбегі туралы материал іздестірумен бір­ге, былайғы тағдырының қалай қа­лып­тасқандығын білгісі келетіндер аз емес. Өндірісте ғаламат табысқа жеткен еңбек ерлерін жазғысы келген журналист бағыт сілтеуші материалды Құрекеңнің кітабынан молынан қарпи алады. «Социалистік Қазақстан» газеті Құ­ре­кең дәл тауып айтқан сол отты күн­дердің шежіресіне айналған. Соғыс бұрқ еткен сағаттан бастап еңбек пен ерліктің ертегімен бір есеп хикаясы жалғаса береді. «СҚ»-ның мақала, корреспонденция, хабар, очерктері ғылы­ми сындарлы жүйеге түскен бетінде бірінен бірі үстем, салиқалы оймен, же­ңіл тілмен талданады. Кезек ауыл ша­руашылығы өндірісіне тигенде біз тағы да республикамызда майдан үшін жа­сал­ған алапат істерге молынан қаны­ға­мыз. Астық, қызылша, күріш, мал өнім­дерін мемлекетке тапсыру жос­па­рын Қазақстан соғыстың төрт жылы­ның ілкі күндерінен бастап асыра орындап отырғанын газеттің 1941 жыл­ғы ноябрь, декабрь айларындағы сан­дарынан алынған фактілерден көреміз. Осы кездерде ғой Қазақстанның атақ­ты тары өсірушісі Шығанақ Бер­сиев­тің звеносы 6 гектардан 155,6 центнерден өнім алғаны. Даңқы Одақ­қа, қала берді дүние жүзіне тараған Шығанақтың, басқа да көп-көп атақты еңбек озаттарының есімін білгісі келгендер Құрекең кітабынан ондап, жүздеп таба алады. Әйел – үйелмен ұйытқысы, құт-берекесі дейміз. Бірақ ол от басы, ошақ қасынан ұзап шыға алмайды емес. Соғыс кезінде қазақ әйелі майданға ат­танған ер адамдардың жұмысын олардан кем ат­қар­мағанын, тапсырманы зор ынта-ықы­ласпен жапырып істегенін дә­лел­дейтін фактілерді Құрекең ұқыптап іріктеген. Семей облысы, Аягөз ауда­ны­ның Таңсық МТС-інің трактористері Жамиға Тезекова мен Тұр­сын Әбдірах­манова өз құрбы­ларын механизаторлық мамандықты меңгеру­ге шақыра келіп, «Біз өз маманды­ғы­мызды сүйеміз. Ал Отан талап етсе, трак­торды танкке айырбастауға даяр­мыз. Біз тракторды қалай меңгерсек, танкті де солай меңгереміз», – деген. Өз басым осынау анттай естілетін ана сертін жел сөзге балаудан аулақ­пын. «Қаһарлы күндер шежіресінен» газеттің қыруар материалына сүйене отырып, қазақтың батыр қыздары Мән­шүк Мәметова мен Әлия Молда­ғұ­ло­ваның ерлігі мейлінше төгілтіп жа­зыл­ған. Бүкіл Орталық Азиядан, Кавказдан Совет Одағының Батыры атанған тек осы екі қазақ қызы ғана. Фанера самолет «кукуризникпен» жау төбесіне 326 рет  найзағай ойнатқан халық қа­һар­маны Хиуаз Доспанова ше? Жалпы, қазақ бұрымдыларының отбасы жы­луын сақтайтындар ғана болып кө­рін­бегені, төбе шашын түйе салып,  бәз бая­ғы Томирис апаларындай талай ұр­па­ғын сүйіндірген көзсіз ерлік жаса­ғаны тарихымызда алтын әріппен жазулы. «Ер жігіт – ел мақтанышы» ай­дары­мен «Социалистік Қазақстан» газеті қазақ жауынгерлерінің жанқияр­лық ерлігін үзбей жазған. Соғыстың алғашқы жылдары жарқ етіп көрінген Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың бейнесін оқырмандарына бірнеше мақала, очерк арқылы жеткізгені айтылады. «Жасқанбай тура қара­саң, өлім де саған шыдап тұра алмайды. Сен жеңесің. Өмірді сүйеді екенсің, сол өмір үшін күресе біл!». Аранын ашқан ажалмен айқасқан Құрекең Төлеген Тоқтаровтың бұл сөз­де­рін өзі де іштей күбірлеп талай қай­талаған болар. Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі. Кітап авторы «Правда» газетінің жоғарыда аталған бас мақа­ласында Төлеген Тоқтаровтың сөзі келтірілгенін, сол кездегі жетекші газеттің өзі Төлеген толғанысын отаншыл­дықтың жоғары үлгісі деп бағалағанын орынды мақтанышпен жазады. «Социалистік Қазақстан» газеті – халықтар достығының туын ұстаушы­сы. Осы тақырыпқа автор кітабының тұтас бір тарауын арнапты. Халқы­мыз­дың бауырмалдығын көрші елдер өкіл­деріне айтқызуы өте-мөте ұтымды бол­ған. Атақты кинорежиссер, драматург Александр Довженко қазақ жауын­герлерінің бауырмалдығын суреттеген тұстарын Құрекең толық келтіреді. «Ерлер бөлімшесі өзеннен іркілмей өтіп, Украина жеріне шықты. – Жүгіріңдер! – деген команда естілді. Бұлар қазақтар еді. Олардың командирі де қазақ. Олар жүресінен отыра қалды. – Армысың, туысқан украин жері! – деді командир зор дауыспен. Оның жү­регі әлденеге қатты соқты. Осындай се­зім оның қасындағы қазақ жігіт­терінің де жүрегін билегендей болды. Олардың бәрі де жата қалып, украин жерін құшақтап сүйді. – Біз сені фашистердің тепкісінен құт­қарғалы келдік! – деді командир қо­лын сермеп, жауынгерлерін көрсетіп. Осы хабар құлағына тиісімен, жыр алыбы Жамбыл шабытты бүркіттей шарықтады. Домбырасын қағып жіберіп, нөсерлете жөнелді. Украина топырағын Көкірегіндей ананың Жауған оқтан жасқанбай, Сүйіпті менің ұлдарым. Жасыратын сыр ма бұл, Естіп соны қарт Жамбыл, Көкірегі күңіреніп Жас ірікті бұл да бір. Бұған енді Жәкеңнің «Ленинград­тық өрендерім, мақтанышым, беделім» атты дабылды жырын қосыңыз. Драматург Вс.Вишневский «Ленинградцы, дети мои, Ленинградцы, гордость моя!» деген сөздерді қала көшелерінде ілінген плакаттардан оқығанда, қатары­мыз­ға тыңнан тұтас дивизия қосыл­ған­дай серпіліп қалдық демеп пе еді. Ер қаруы – бес қарудың бірі жүрекжарды сөз екенін Құрекең соғыс өртінің от-жалынына оранып жүріп, майдан газеттерінен, әсіресе, «СҚ» арқылы бар жүрегімен сезінген-тін. Сол себепті де «Қаһарлы күндер шежіресінің» маңыз­ды тарауының бірі «Қалам қаруға те­ңелсін!» деп аталды. Құрекең бүгінгі күні ұлағатты ұрандай естілетін тақы­рып­ты жан-жақты, барынша тереңдеп зерттеген. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұ­қа­нов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­тафин, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқма­ғам­бетов, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов... Кестелі сөзден өрнек төккен, елім деп еміренген сол асыл ағалар өз­дерінің жалынды публицистикасымен, очерк, өлеңдерімен «Социалистік Қа­зақ­станның» бетінде бұрынғы бейбіт кездегіден әлдеқайда жиі көрінетін бол­ған, деп жазады кітап авторы. «Майданнан соққан жаңа леп». Бұл – «СҚ»-ның 1944 жылғы 28 майдағы санында басылған Қасым Аманжолов­тың «Абдолла» деген поэмасы, Әбу Сәр­сенбаевтың «Ақша бұлты» туралы рецензия. Авторы – жазушы Ғабит Мү­сірепов майданда туған жаңалықтың мәнісін аша отырып, жас қаламгер Баубек Бұлқышевтің публицистикасын жоғары бағалайды. Біз шолып отырған кітаптың авто­ры келтірген бір ғана дәйек сөздің өзі­нен-ақ қазақ сарбазының тұлғасы биіктеп зорая береді. Баубек Бұлқышев «Шығыс ұлына хатында: «Сен ер­кін­дік­тің туын көтерген елде өстің. Сен өзің сүйген шығыстың бір сұлуына үйленіп едің, сен өзіңше, менің әйелім сұлу, одан сүйкімді жан жоқ деп ойлап едің. Ендеше, ортаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды! Өлімнен қорықпа, екі өлмек, екі тумақ жоқ... Ұмтыл ілгері..!» – деген. Ұйқасы жоқ демесең, Баубектің жан құбылысынан, публицистикалық қалам­гер­лік өнерінің бар бітімінен, өзінше бір сюжеттік арқалығынан ағындап тұрған ақындығы, жан сөзі, айтты-айтпады, соны леп болып есіп тұр... Атадан балаға мирас осындай сөз асылын сан-сан қабат «СҚ» тігінділерінен көзінің майын тауысып тірнектеп іздеп табу оңай жұмысқа жатпаса керек. Қандыкөйлек дос, жолдастарының ерлігін жырлаған аға газеттің ұлан-асыр еңбегін көп қадағалап, байыпты талдап тексеруге кешегі жауынгер, арамыздан асығыстау кеткен қайратты, қарымды қаламгер Құрманбек Әбіл­даев барын салған десек, артық айтқандық болмайды. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.