Нотариалдық қызмет төңірегіндегі ойлар
Бүгінде еліміздің құқықтық қоғамға бетбұрыс жасауына байланысты азаматтардың заңгерлік қызметке деген сұранысы барған сайын ұлғая түсіп отыр. Мемлекет адамның құқылары мен еркіндіктерін қорғаудағы өзінің басты міндетін де құқықтық институттар арқылы жүзеге асырады. Ал осы тұрғыда, яғни халыққа білікті заңгерлік қызмет көрсетуде нотариалдық кеңселердің атқаратын рөлінің зор екендігі еш талас туғызбайды. Өйткені өзінің кез келген құжатының заңды екенін куәландырғысы келген адам бірінші кезекте нотариустар қызметіне жүгінеді. Түрлі мәмілелердің шарттарына құқықтық сараптама жасау, тараптарға кеңестер беру, іс жағдайын түсіндіру, жасалатын келісімдердің ықтимал деген құқықтық зардаптарынан хабардар ету, олардың мазмұндарының тараптардың көздеген ниеттеріне және заңнамалық актілерге сәйкес келетінін тексеру сияқты көптеген жұмыстар тікелей нотариустардың міндеттері болып табылады. Олай болса қазіргі таңда Қазақстанда нотариалдық қызмет қалайша жолға қойылған, ол ел тұрғындарының мұқтажын ойлағандай дәрежеде орындай алып отыр ма деген сауалдың туындауы орынды.
2011 жылдың 1 қаңтарына қарасты ел аумағында 1953 жеке меншік түріндегі нотариустар мен 16 мемлекеттік нотариустар халыққа қызмет көрсеткен екен. Берілген мемлекеттік лицензиялар саны 4535 болса, олардың 143-інің күші жойылған. Бұл келтірілген сандар аз ба, әлде көп пе? Оған дұрыс баға беру үшін істің нақтылы жағдайына көз жүгірткен абзал.
Әділет министрлігі мамандарының айтуларына қарағанда, қазіргі кезде нотариустарды квоталау, конкурстық жолмен іріктеу және олардың орналасатын орындарын белгілеп, бөлудің жұмыс істеп тұрған жүйесі жұртшылық тарапынан көптеген наразылықтар туғызуда. Оның ең басты себебі нотариалдық қызметтің жалпы халық үшін бірдей қолжетімді бола алмауында жатыр. Сонымен бірге нотариаттар санына шектеу қою бүгінгі күні іс жүзінде арнайы лицензиялар алған 2 мыңнан астам нотариусты жұмыссыз қалдырып отыр. Өйткені, жоғарыда айтылған квотаның салдарынан, олардың нотариалдық кеңселер ашып, жұмыстарын жүргізулеріне мүмкіндіктері жоқ. Осындай себептен де Әділет министрлігі нотариалдық қызметпен айналысуға лицензия берген 4535 адамның 1953-і ғана бүгінде іс жүзінде нотариус болып жұмыс істеп жүр. Сонда мәселенің түйіні неде?
«Нотариат туралы» заңның 32-бабының 7-1 тармақшасына сәйкес Әділет министрлігі нотариустар санын әрбір нотариалдық округтер бойынша бекітеді. Ал Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бөлініске сәйкес бір облыстың, республикалық дәрежедегі қаланың және астананың аумағы нотариалдық округ болып танылады. Нотариалдық кеңселер саны да осы округтер бойынша бөлініске түсуі тиіс. Өкінішке қарай, дәл осы бөлініс нотариалдық қызметтің кең өріс алуына кедергі келтіріп отыр. Мәселен, Алматы облысы бойынша 400 нотариалдық кеңсе ашуға ғана рұқсат етіледі. Ал осы облыстағы лицензиялары бар мамандар саны бүгінде 2 мың адамға жеткен. Бұл дегеніңіз, бір жарым мыңнан астам нотариус өздеріне жұмыс таба алмай жүр деген сөз. Оның сыртында, мамандардың пайымдауынша, конкурстық іріктеу процедурасы да іс жүзінде бос орындарға білікті мамандардың баруын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да мемлекеттік нотариалдық кеңселерде ұзақ жылдар жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған лицензиясы бар адамдар нотариус лауазымына қол жеткізе алмай қиналуда. Сонымен бірге мамандар үміткерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігін екі рет – Әділет министрлігі лицензия берген кезде – бір және аумақтық әділет органдары нотариалдық палатамен бірлесе отырып конкурс өткізген кезде екінші рет тексерілуін де негізсіз деп санайды. Себебі, мұндай процедура үміткерлердің құқықтарына кері әсер етіп, олардың өз құзыреттерін жүзеге асыруларына шектен тыс жоғары талаптар қояды.
Нотариалдық кеңселер санына шектеу қоюдың және осы істегі өзге де қағазбастылықтың арнайы лицензиялары бар нотариустарға келтіріп отырған кедергісі, міне, осындай. Дегенмен, бұл бар болғаны медальдің бір жағы ғана. Оның екінші жағы да бар, ал ол тікелей халыққа, яғни сіздер мен біздерге қатысты. Қазақстанның жер аумағы үлкен. Оның үстіне бұрынғыдай емес, қазіргі кезде көлік қатынасы да көңіл көншітерлік дәрежеде бола алмай тұр. Елдегі көптеген шағын елді мекендерге не автобус, не өзгедей көлік түрі қатынамайды. Сондықтан ауылда тұратын халықтың ауданға, ауданда тұратын халықтың облысқа баруының айтарлықтай проблемалар туындатып отырғаны да баршаға белгілі жәйт. Олай болса, нотариалдық кеңселер санына шектеу қойып, бір ғана құжатқа мөр бастыру үшін халықты жүздеген шақырым жерлерге сабылтып қою кімдер үшін тиімді? Егер халық өте тығыз қоныстанған Алматы облысында барлығы 400 ғана нотариалдық кеңсе болса, халқы аз былайғы өңірлердегі ахуал не болмақ?
Осы орайда, Әділет министрлігінің қалыптасқан осындай күрделі жағдайды дұрыс түсініп, олқылықтың орнын толтыру бағытында нақты шараларды қолға алғанын атап көрсету қажет. Осындай жұмыстардың нәтижесінде «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Онда кандидаттарды конкурстық негізде іріктеудің қолданыстағы тәртібін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізілген. Нотариалдық кеңселер санына қойылып келген шектеулерге қатысты да құжатта тың көзқарастар келтірілген. Аталған заң жобасы қазіргі күні Парламент қарауында жатыр. Бірақ мемлекет үшін де, қарапайым халық үшін де маңызы зор осы құжаттың заң шығарушы органда бір жыл бойы қозғалыссыз қалуын түсіндіру қиын. Бұл сауалға халық қалаулысы саналатын депутаттар жауап береді деп ойлаймыз.
Сөз ретінде бәріміз де қызметіне жүгінуге мәжбүр болып жүрген жеке нотариаттарға қатысты кейбір түйткілді мәселелерге де тоқтала кеткен жөн. Жеке нотариустардың салық заңнамасына қайшы белгілеген қызметақыларының өрескел мөлшері қарапайым азаматтың қалтасы көтере алмайтындай дәрежеге жетіп отыр. «Нотариат туралы» заңға сәйкес мемлекеттік және жеке нотариустардың қызметтеріне ақы төлеудің бірегей мөлшері белгіленген. Ол Салық кодексінің 536-бабында қаралған мемлекеттік баж салығының көлеміне сәйкес келеді. Дегенмен, нотариустардың іс жүзінде халықтан нотариалдық палаталар бекіткен және мемлекеттік баж көлемінен асып түсетін тарифтер бойынша ақы талап ететіні белгілі болып отыр. Мәселен, жылжымайтын мүлікті бөгделеу жөніндегі келісім-шарттарды куәландыру үшін Салық кодексіне сәйкес 10 ең төменгі есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж алынуға тиіс. Ал жеке нотариустар көрсеткен қызметтері үшін 15 мыңнан 26 мың теңгеге дейінгі аралықта қосымша ақы алуды әдетке айналдырған. Мұның өзі нотариустар қауымдастығының нотариалдық тарифтер туралы заң жобасын лоббистік жолмен өткізіп жібермек болған талпынысының айтарлықтай дау-жанжалға соқтырғанына қарамастан орын алып отыр. Осы айтылғандарға қарап-ақ, жеке нотариустарға бәсекелестік орта қалыптастыру үшін мемлекеттік нотариустар жүйесін де қоса дамыту қажеттігінің маңызды екенін түсінуге болады. Бірақ бұл істе де нотариалдық кеңселер ашуға қойылған шектеулер үлкен қолбайлау болып отыр.
Жеке нотариустардың пайда болуымен бірге Қазақстанда нотариаттың латын үлгісіндегі (бюджеттен тыс) классикалық моделінің өмірге келгенін де атап айту керек. Ол тәуелсіздік, бейтараптық, өзін өзі қаржыландыру, нотариустың толық мүліктік жауапкершілігі, бәсекелестікке тыйым салу, кәсіби корпус санының шектеулілігі, нотариалдық палата түріндегі орталықтандырылған кәсіптік бірлестікке мүше болу сияқты қағидаттарға негізделген. Жоғарыда келтірілген кейбір кемшіліктерді ескермесек, елде қалыптасқан нотариалдық жүйе уақыттың қазіргі талаптарымен толық үндеседі деп айтуға болады. Тек сол жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар туғызып, сонымен бірге тиісті тәртіптің сақталуын да назарда ұстау керек. Ел мүддесі тұрғысынан келгенде бұл өзі соншалықты бір ауыр да міндет емес...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.