11 Мамыр, 2011

Ұлтының жоғалтқанын түгендеген

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сарыағашта көрнекті ғалым Н.Келімбетовті еске алуға арналған конференция өтті “Мен өміріме ризамын”. Жа­лындап тұрған шағында жұлыны зақымданып,  ағаш төсекке та­ңыл­ған, отбасын асырау үшін аудармалар жасағанда кітап парақ­тарын тілімен ашуға мәжбүр бол­ған, аяулы анасы қайтыс болғанда Алматыдан Келеске ұшақ арқылы зембілге таңылып келіп, жан-дүниесі алапат өрттен өртеніп тұ­рып ащы запы­ран жұтқан адам кейін осылай дейді “Ха­бар” телеарнасы өмірінің соңғы жыл­дарында түсірген кинофильмде. Рухы әлсіз адам болса өмі­рінің ауыр жылдарында өзін-өзі тастап жіберер еді. Ал, еменнің иір бұтағындай қайсар қазақ өмірге құштарлығының арқасын­да орны­нан тұрған. Ғалым Немат Келім­бетовтің осы жанкешті ғұ­мыр­бая­нының өзі-ақ ауру азабын тартқан мыңдаған жандарға үлгі дер едік. Жазушы, ғылым, аудармашы, түркітанушы Немат Келімбетовті еске алуға арналған “Үміт үзгім келмейді” конференциясы Шым­кент және  Сарыағаш қалалары әкімдіктерінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданы Абай ауылын­дағы жаңадан салынған №110  мектепте өтті. Басқосуды жазушы, халық­ара­лық “Алаш” сыйлығының лау­реаты Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. ҰҒА академигі, көрнекті ғалым Сейіт Қасқабасов күні кеше өзімен үзеңгілес еңбек еткен Немат Келімбетовтің ғылымдағы тындырған ерлік жолдарын жан-жақты баяндап берді. Қазақты ел қылған арыстары, хандар туралы айтуға тыйым салынған кеңес империясының зұлмат жылда­рын­да жас ғалым Немат Келімбетов 1973 жылы “Ақын Шәді Жәң­гіров және оның әдеби мұрасы”  деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Әрине, оның ауыр ізі, зардабын да тар­тады. Осындай тың тақырыпқа түрен салған Немат Келімбетов­тің “Үміт үзгім келмейді” повесі бұ­рын қазақ әдебиетінде жазыл­маған шығарма еді. Осындай деп сөзін түйіндеген академик С.Қасқабасов Немат Келімбетовтің қазақ халқының исламға дейінгі түркі өркениетін жан-жақты зерттеп, осы салада үлкен сілкініс жасағанын баян­дады. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі түрік поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бастаулары»,  «Шығыстың клас­сика­лық поэзиясы және қазақ әдебиеті», «Ежелгі дәуір әдебие­ті», «Көркемдік дәстүр жалғас­тығы», «Ежелгі әдеби жәдігер­ліктер» сияқты ғылыми еңбек­терінің қазақтың өткенін таны­туда соқталы дүниелер болған­дығын айтты. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев Немат Келімбетовпен дос-жар болған рухани бауыры. Әдемі естеліктер айтты. Немат ағаның әр күнгі таң шапағын, күн нұрын ерекше құш­тарлықпен қарсы алатын қасие­тіне сүйсінді. “Көктемде елге барсақ, ата-анамның алақаны­ның иісі қалған үйде ағайын-туғанмен қауышсақ” деген арма­нын, жары Қуаныштың ерін қалт­қысыз күт­кендігін, жас нәрес­тедей мәпе­легенін айтты. Рухы күшті адам­дарды тағдырдың тезі сындыра алмайды екен. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстан Мұхамедияұлы  ғалым ағаның ең­бектерін саралай келіп, “Ұлыма хат”, “Қариялар”, “Үміт үзгім кел­мейді”, “Күншілдік” сияқты шы­ғармаларынан студенттердің үзінді оқуы көбейгеніне сүй­сінісін білдірді. Ғалым Немат Келімбетовтің көк түріктер өркениеті жайлы еңбектерін Түркия мемлекеті жо­ғары бағалағандығын, түрік дү­ние­сін біріктіруде өлшеусіз қыз­мет еткен ғылыми еңбектерінің Түрік Ғылым академиясының мұ­рындық болуымен Түркияда екі рет тұсаукесері өткендігін әңгі­меге арқау еткен “Егемен Қазақ­стан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов жинал­ған­дар назарын жайшы­лық­та жұрт зер сала бермей атүсті аттап кететін мәселелерге аударды. Түркі дүниесіне үлкен сілкініс жасаған ғалым бала-шағасын асырау үшін 10 роман аударып бастырыпты. Күректей он роман. Қолмен жазылуынан бастап ма­шинкаға терілуі, қатесінен арыл­ту, баспаға өткізу, дайын жазбаны қайта қарау машақаты көп жұ­мыс. Ауру адам түгілі сау адам­ның өзі шаршағанда қос қолын төбесіне қойып безіп кетуге даяр тұрады. Төсекте жатса да жары Қуаныш пен екі ұлы Мұхит пен Қайратын қатарынан кем қылмай өсіру үшін Немат әке осындай ерлікке барған. Ол тапқан мол қаламақы ұлдарының ел аяғы жете бермейтін Мәскеуде білім алуына мүмкіндік туғызған. Міне, әке қайраты. Қазақ тарихын танудағы бұ­рын­ғы еңбектері мен осы 10 романның өзі бір адам үшін тау көтерген Толағайдай ерлік. Бірақ, ғалым Немат Келімбетов мұны­мен шектелмеген. Қазақ әдебие­тінің 10 томдық тарихы түгел­денгенде соның екінші томын түгелге жуық жазып шыққан. Атақты қаламгер­лердің қолы жете бермейтін Франц Кафка атын­дағы сыйлық­тың лауреаты болу осы жанкешті еңбегінің заңды жемісі. М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев қазақ тарихын түген­деуде Немат Келімбетовтің өл­шеу­сіз еңбек сіңіргенін ескере оты­рып, университеттің сенаты оқу орнындағы Түркі тану орта­лығына Н.Келімбетовтің есімі берілуін сұрағанын, өзі осы бұй­рыққа қол қойғанын айтты Бұл шешімді жұрт қуана қабылдады. Конференциядан соң ғалым дүниеге келген Қошқар ата ауы­лында Н.Келімбетовтің рухына бағышталған ас берілді. Жазушы ғалым, түркітанушы Н.Келім­бетовтің өмірі мен шығарма­шылығына арналған ғылыми-практикалық конференция М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де жал­ғас­ты. Біз әдетте, тағдыр тәлке­гінің ауыр зардабын қайыспай көтерген, қаһармандықпен өмір сүрген атақты адамдар жайлы әңгімелегенде өзге ұлттардың мы­салына көп жүгінеміз. Ғұмы­рында осының бәрінен өтіп, ерік-жігері, рухының күштілігінің арқа­сында орнынан тұрып, қазақ тарихын танытуда өлшеусіз еңбек сіңірген Немат аға Келімбетовтің өмірбаяны мыңдаған ауыр тағдырлардың көз жасын сүртіп, өмірге құштарлықпен қарауына жарқын мысал болса керек-ті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.