Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен дәстүрлі апталық брифинг өтті. Ресми өкіл өз сөзінде Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтіп жатқанын, мәжіліске қатысушылар биылғы жылдың 14 мамыры күні Алматыда өтетін Шанхай ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы iстер министрлерінің кеңесіне және 15 маусымда Астанада өтетін ұйымның 10 жылдығына арналған мерейтойлық саммитке дайындық барысы талқыланып жатқанына тоқталды.
Ал 14 мамырда Алматыда өтетін Шанхай ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы аясында Ұйым құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммитке дайындық барысын талқылау, өзекті халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасу көзделіп отыр. Министрлер Шанхай ұйымы қызметінің ағымдағы мәселелерін қарастырып, оның шешімдерінің жүзеге асырылу тетігін қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, көпжақты ынтымақтастықты дамыту және жетілдіру мәселелерін ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынуы тиіс, деді А.Абдрахманов.
Брифинг барысында сондай-ақ 12 және 14 мамыр аралығында НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ жөніндегі арнайы өкілі Джеймс Аппатурайдың Астанаға жұмыс сапары болатындығы айтылды. Бірқатар министрліктер мен ведомстволарда өткізілуі жоспарланған кездесулер барысында шетелдік мейман Қазақстан мен Солтүстік-Атлантика альянсы арасындағы Әріптестік іс-қимылдарының жеке жоспары аясындағы ынтымақтастықты талқылап, Орталық Азиядағы ағымдағы саяси жағдай жөнінде пікір алмасады екен.
Брифинг барысында 13-14 мамыр күндері Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанға жұмыс сапарымен келетіні де белгілі болды. Бағдарламаға сәйкес, көрші елдің сыртқы саясат ведомствосының жетекшісін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды. Сондай-ақ, ресейлік дипломаттың Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен келіссөзі жоспарланған көрінеді.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын қарастырып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК және БҰҰ сияқты халықаралық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылап, Орталық Азияда тұрақтылық мен қауіпсіздікті нығайту шаралары мен Каспий теңізі мәселелері төңірегінде пікір алмасатын болады», деді ресми өкіл.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.