– Қымбатты ардагерлер, мен сіздерді бүгінгі қасиетті де қастерлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтау үшін Астанадан Алматыға арнайы келдім. Сұрапыл соғыстың біткеніне, міне, 66 жыл болды, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді. «Кеңес Одағы» деген үлкен мемлекеттің миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Егер де ойлап қарасақ, халқымыздың басына түскен 30-шы жылдардағы зұлматтан кейінгі қазақтың басына түскен екінші бір сұрапыл қырғын Ұлы Отан соғысы болғандығы ақиқат. Бұл соғыста біздің азаматтарымыз ерлік пен қаһармандықтың ең жоғары деңгейдегі үлгісін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
558 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды, ал оның ішінде қазақ азаматтар да аз емес еді. Уақыт өткен сайын аға толқын – сіздердің қол жеткізген ауқымды жетістіктеріңіздің, ірі табыстарыңыздың маңызы артып келеді. Соғыстан кейінгі күйреген экономиканы қалпына келтіруде ардагерлер қажырлылық танытып, атсалысты. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз, отансүйгіштіктеріңіз, бірліктеріңіз, бауырмалдық және ынтымақтастық қасиеттеріңіз бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық болып табылады, деп жалғады сөзін Президент. Сондықтан да сіздерге басымызды иеміз. Мұның өзі, әсіресе, биылғы жылы өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өтетін жас мемлекетіміз үшін өте маңызды. Бір құптарлығы, аға ұрпақтың ұланғайыр жеңісі мен еліміздің бүгінгі жеңісі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер де жеңімпаз әкелеріміздің ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекетті құра алмас едік.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнаған құттықтау сөзін одан әрі сабақтаған Мемлекет басшысы туған Отанының бостандығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен, сөйтіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қоса білгендер туралы да сөз қозғады.
– Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға көпшіліктің, анығырақ айтқанда, бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз, – деді Елбасы.
Тағы бір айта кететін жәйт, көпшілікке жақсы белгілі, сол бір сұрапыл соғыс жылдары көптеген зауыттар мен фабрикалар Қазақстанға көшіріліп, онымен бірге, көптеген адамдар да келді. Қазақ халқы олардың барлығын құшағын жайып қарсы алып, бауырына басты. Соғыс жылдары елдің мерейі, біздің халқымыздың беделі үстем болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезеңде әлемде қолайсыз жағдайлар орын алғанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін бейбіт аспан астында, бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыздың арасындағы достықтың нәтижесінде тату-тәтті тіршілік жалғасуда. Қазақстанның бүгінгі жетістігі, әлемдік деңгейдегі абырой-беделі, сіздерді, ардагерлерді қуантады деп ойлаймыз.
Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған салтанатта ардагерлермен жүздесу кезінде Елбасы республика халқының арасында ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытындағы ауқымды іс-шаралар мен жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, оларды ерлік рухында тәрбиелеу жұмыстарының жалғасуы нәтижелі екендігін де назардан тыс қалдырмады. Игілікті іс қашанда өз жемісін беретіндігі сөзсіз. Тәуелсіздік алғанына небәрі жиырма жыл ғана толатын жас мемлекеттің аз ғана мерзім ішінде экономикасының қарыштап дамып, әлемде танымал мемлекетке айналуы осы уақыт ішінде атқарылған орасан еңбектің нәтижесі. Халықтың әлеуметтік ахуалы айтарлықтай жақсарды.
Бұл орайда, Мемлекет басшысы еліміздегі соғыс және еңбек ардагерлеріне мемлекет тарапынан жүйелі түрде жасалып отырған қамқорлық пен қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде де сөз қозғады.
– Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекет зейнетақы көлемін екі рет 25 пайызға көтерді. Ал енді биылғы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің барлық зейнеткерлерінің зейнетақысы 30 пайызға көбейді. Сөйтіп, тек соңғы үш жылдың өзінде зейнетақы екі есеге дейін өсіп отыр. Әрине, туған елдің игілігі, келешегі жолында еселі еңбек етіп, оның көркейіп, кемелденуіне өз үлесін қосқан ардагерлерге қамқорлық көрсету тек мерекелік қана емес, сондай-ақ жүйелі түрде атқарылуға тиісті іс екендігі айтпаса да түсінікті. Менің ойымша, сіздер мұны айқын сезінесіздер деп ойлаймын. Тұрғын үймен, баспанамен қамтамасыз ету, тұрмыс-тіршіліктеріңізді жақсарту – біздің парызымыз, – дей отырып, Елбасы қасиетті Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталатынына екпін түсірді.
Басқыншылардың «фашистік армия жеңілмейді» деген аңызының күл-талқанын шығарып, жойқын шайқасқа немістің 50 танкісі қосылғанда танктер шабуылын қатарынан екі рет тоқтатқан 28 панфиловшы батырлардың ерен ерлігі мен қаһармандығы ешқашан ұмытылмақ емес және ұмытылмайды да. Соғыстың соңғы нүктесінің Қостанай облысында құрылған Кутузов орденді 150-ші Идрицтік атқыштар дивизиясының қатысуымен қойылуы да көп нәрседен хабар берсе керек.
Мемлекет басшысының пікірінше, елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс.
– Ерлікке – мәңгі тағзым, біз мұны әрдайым есімізде сақтаймыз және уақыт өткен сайын майдангерлердің, яғни сіздердің жауынгерлік қаһармандық ерліктеріңізді жиі еске алатын боламыз. Майдангерлердің соғыстан кейінгі қираған қалаларды, мемлекетті қалпына келтіруге қосқан үлестері де сүбелі. Біз бүгін Қазақстанда мақтаныш етіп отырған экономика да сіздердің көмектеріңізбен, тікелей ықпалдарыңызбен жүзеге асырылды. Кезінде мен күш-жігерлеріңіздің бар кезеңінде сіздермен бірге еңбек еткен адаммын, енді бүгінде жаңа толқынмен еңбек етудемін. Жас қазақстандықтардың аға ұрпаққа деген құрметі мен терең түсіністігі, туыстық рухы қаншалықты күшті екендігін көріп те жүрмін. Осы қиыншылықтың бәрін көрген, басынан кешкен еліміз бейбіт, ядролық қарусыз өмір үшін күрестің, сондай-ақ көрші елдермен туыстықтың, ынтымақтастықтың қолдаушысы болып келеді. Бір құптарлығы, біздің елімізде бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық салтанат құрған, әрине, онда сіздердің – соғыс ардагерлерінің де үлесі зор. Сіздерге тағзым етеміз, құрметті ардагерлер. Мықты денсаулық тілей отырып, өз еңбектеріңізбен, өз сөздеріңізбен жас ұрпаққа бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін қажетті патриоттық рухта тәрбиелеудің, баулу мен өзара құрметтің үлгі-өнегесін көрсете беріңіздер, өйткені бұл күллі әлемге қажет құндылық,– деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы.
Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан Республикалық ұланның Құрметті қарауыл ротасы сап түзеп өтті. Ресми рәсімнен кейін Президент ардагерлермен жүздесіп, ой бөлісті. Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған салтанатқа тәуелсіз мемлекеттің алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов қатысты. Ұлы Жеңістің ең алғашқы күнін Берлинде қарсы алған майдангер бүгінгі жас ұрпақ миллиондаған жауынгердің қанымен келген Ұлы Жеңісті қадірлеп, қастерлей білуі қажеттігін атап көрсетті. Және де ақиқатты соғысты көзімен көрген жандар ғана айта алатындығын көпшілік білуі тиіс екендігін мәлімдеді.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.