11 Мамыр, 2011

Жеңіс рухына тағзым – кейінгі ұрпақтың басты парыздарының бірі

2116 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
– Қымбатты ардагерлер, мен сіздерді бүгінгі қасиетті де қас­терлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтау үшін Астанадан Алма­тыға арнайы келдім. Сұ­ра­пыл соғыстың біткеніне, міне, 66 жыл болды, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді. «Кеңес Одағы» деген үлкен мем­лекеттің миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Қасиетті де қас­тер­лі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сай­ын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұр­пақ­тың ең басты парызы. Егер де ойлап қарасақ, халқымыздың басына түскен 30-шы жыл­дар­дағы зұлматтан кейінгі қазақтың басына түскен екінші бір сұра­пыл қырғын Ұлы Отан соғысы болғандығы ақиқат. Бұл соғыста біздің азаматтары­мыз ерлік пен қаһармандықтың ең жоғары деңгейдегі үлгісін көр­сетті, – деді Мемлекет басшысы. 558 қазақстандық Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атанды, ал оның ішінде қазақ азаматтар да аз емес еді. Уақыт өткен сайын аға тол­қын – сіздердің қол жеткізген ауқымды жетістіктеріңіздің, ірі табыстарыңыздың маңызы артып келеді. Соғыстан кейінгі күйре­ген экономиканы қалпына келтіруде ардагерлер қажырлылық танытып, атсалысты. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз, отансүй­гіш­тіктеріңіз, бірліктеріңіз, бау­ыр­малдық және ынтымақтастық қасиеттеріңіз бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық болып табылады, деп жалғады сөзін Президент. Сондықтан да сіздерге басымызды иеміз. Мұның өзі, әсіресе, биылғы жылы өз тәуел­сіздігінің жиырма жылдығын атап өтетін жас мемлекетіміз үшін өте маңызды. Бір құптар­лы­ғы, аға ұрпақтың ұланғайыр же­ңісі мен еліміздің бүгінгі жеңісі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер де жеңімпаз әкелеріміздің ерлігі болмағанда, біз мұндай мем­лекетті құра алмас едік. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнаған құттықтау сө­зін одан әрі сабақтаған Мемлекет басшысы туған Отанының бос­тан­дығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиын­дыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қа­лыс­пай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен, сөйтіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қоса білгендер ту­ралы да сөз қозғады. – Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршы­лық­ты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің баты­сына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға көпшіліктің, анығырақ айтқанда, бүгінгі ұрпақтың риза­шылығы шексіз, – деді Елбасы. Тағы бір айта кететін жәйт, көпшілікке жақсы белгілі, сол бір сұрапыл соғыс жылдары көпте­ген зауыттар мен фабрикалар Қа­зақстанға көшіріліп, онымен бірге, көптеген адамдар да келді. Қа­зақ халқы олардың барлығын құ­шағын жайып қарсы алып, бауы­рына басты. Соғыс жыл­дары ел­дің мерейі, біздің хал­қымыздың беделі үстем болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезең­де әлемде қо­лайсыз жағдайлар орын алға­нына қарамастан, бү­гінгі күнге дейін бейбіт аспан астында, бейбітшілікті көзіміз­дің қарашы­ғын­дай сақтап келеміз. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыз­дың арасындағы дос­тықтың нә­тижесінде тату-тәтті тіршілік жалғасуда. Қазақ­стан­ның бү­гінгі жетістігі, әлемдік дең­гей­дегі абырой-беделі, сіздерді, ардагерлерді қуантады деп ойлай­мыз. Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған салтанатта ардагерлермен жүздесу кезінде Елбасы республика халқының арасында ынтымақтастықты одан әрі ны­ғай­ту бағытындағы ауқымды іс-шаралар мен жас ұрпақтың бой­ында отансүйгіштік қасиетті қа­лыптастырып, оларды ерлік ру­хында тәрбиелеу жұмыстарының жалғасуы нәтижелі екендігін де назардан тыс қалдырмады. Игілікті іс қашанда өз жемісін беретіндігі сөзсіз. Тәуелсіздік алға­ны­на небәрі жиырма жыл ғана толатын жас мемлекеттің аз ғана мерзім ішінде экономикасының қа­рыштап дамып, әлемде таны­мал мемлекетке айналуы осы уа­қыт ішінде атқарылған орасан еңбектің нәтижесі. Халықтың әлеу­меттік ахуалы айтарлықтай жақсарды. Бұл орайда, Мемлекет бас­шы­сы еліміздегі соғыс және еңбек ардагерлеріне мемлекет тарапы­нан жүйелі түрде жасалып отыр­ған қамқорлық пен қолдау бағы­тындағы жұмыстар жөнінде де сөз қозғады. – Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекет зейнетақы көлемін екі рет 25 пайызға көтер­ді. Ал енді биылғы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің барлық зейнеткерлерінің зейнет­ақысы 30 пайызға көбейді. Сөйтіп, тек соңғы үш жылдың өзінде зейнетақы екі есеге дейін өсіп отыр. Әрине, туған елдің игілігі, келешегі жолында еселі еңбек етіп, оның көркейіп, кемелденуіне өз үлесін қосқан ардагерлерге қамқорлық көрсету тек мерекелік қана емес, сондай-ақ жүйелі түрде атқарылуға тиісті іс екендігі айтпаса да түсінікті. Ме­нің ойымша, сіздер мұны айқын сезінесіздер деп ойлаймын. Тұр­ғын үймен, баспанамен қамта­ма­сыз ету, тұрмыс-тіршіліктеріңізді жақсарту – біздің парызымыз, – дей отырып, Елбасы қасиетті Отан­ның бостандығы мен тәуел­сіздігі жолында сұрапыл да жой­қын соғыста қыршынынан қи­ылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталатынына екпін түсірді. Басқыншылардың «фашистік армия жеңілмейді» деген аңызы­ның күл-талқанын шығарып, жой­қын шайқасқа немістің 50 танкісі қосылғанда танктер ша­буы­лын қатарынан екі рет тоқ­татқан 28 панфиловшы батыр­лар­дың ерен ерлігі мен қаһар­ман­дығы ешқашан ұмытылмақ емес және ұмытылмайды да. Соғыс­тың соңғы нүктесінің Қостанай об­лы­сында  құрылған Кутузов ор­денді 150-ші Идрицтік атқыш­тар дивизиясының қатысуымен қой­ы­луы да көп нәрседен хабар берсе керек. Мемлекет басшысының пікірінше, елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көр­сеткен өшпес ерлігін, қаһар­ман­дық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс. – Ерлікке – мәңгі тағзым, біз мұны әрдайым есімізде сақтай­мыз және уақыт өткен сайын май­дангерлердің, яғни сіздердің жауынгерлік қаһармандық ерлік­теріңізді жиі еске алатын бола­мыз. Майдангерлердің соғыстан кейінгі қираған қалаларды, мемлекетті қалпына келтіруге қосқан үлестері де сүбелі. Біз бүгін Қа­зақстанда мақтаныш етіп отыр­ған экономика да сіздердің кө­мектеріңізбен, тікелей ықпал­да­ры­ңызбен жүзеге асырылды. Кезінде мен күш-жігерлеріңіздің бар кезеңінде сіздермен бірге ең­бек еткен адаммын, енді бүгінде жаңа толқынмен еңбек етудемін. Жас қазақстандықтардың аға ұр­паққа деген құрметі мен терең тү­сіністігі, туыстық рухы қанша­лықты күшті екендігін көріп те жүрмін. Осы қиыншылықтың бә­рін көрген, басынан кешкен еліміз бейбіт, ядролық қарусыз өмір үшін күрестің, сондай-ақ көрші елдермен туыстықтың, ынтымақ­тас­тықтың қолдаушысы болып келеді. Бір құптарлығы, біздің елімізде бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық салтанат құрған, әри­не, онда сіздердің – соғыс ардагерлерінің де үлесі зор. Сіздерге тағзым етеміз, құрметті ардагерлер. Мықты денсаулық тілей отырып, өз еңбектеріңізбен, өз сөздеріңізбен жас ұрпаққа бү­гінгі тәуелсіз Қазақстан үшін қа­жетті патриоттық рухта тәрбие­леу­дің, баулу мен өзара құрметтің үлгі-өнегесін көрсете беріңіздер, өйткені бұл күллі әлемге қажет құндылық,– деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы. Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың алдынан Республикалық ұланның Құрмет­ті қарауыл ротасы сап түзеп өтті. Ресми рәсімнен кейін Президент ардагерлермен жүздесіп, ой бө­лісті. Ұлы Жеңістің 66 жылды­ғына арналған салтанатқа тәуел­сіз мемлекеттің алғашқы Қорға­ныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмаған­бетов қатысты. Ұлы Жеңістің ең алғашқы күнін Берлинде қарсы алған майдангер бүгінгі жас ұр­пақ миллиондаған жауынгердің қанымен келген Ұлы Жеңісті қадірлеп, қастерлей білуі қажет­тігін атап көрсетті. Және де  ақиқатты соғысты көзімен көрген жандар ғана айта алатындығын көпшілік білуі тиіс екендігін мәлімдеді. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.