Фото: freepik.com
Нарықтағы баяулау белгілері
Ұлттық статистика бюросы дерегінше, биылғы қаңтарда ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 10,3%-ға қысқарған. Бір айда 27,7 мың пәтер мен жеке үй сатылған. Қаңтар айы дәстүрлі түрде белсенділігі төмен кезең саналады, әйтсе де, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда әлсіз басталған.
2019 жылдан бергі кезеңге көз жүгіртсек, нарық айтарлықтай құбылмалы сипатқа ие. 2019-2020 жылдары жылдық мәміле саны 300 мыңнан сәл асқан. Ал 2021 жылы зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі енгізіліп, мәміле саны 606,1 мыңға дейін жетті. Кейінгі екі жылда көрсеткіш төмендеп, 2024 жылы қайтадан 16,8%-ға өскен. 2025 жылы өсім 3,6%-ға дейін баяуласа, биылғы қаңтарда нарық іс жүзінде тоқырау кезеңіне жақындағанын көрсетті.
Баға қысымы және жаңа салықтар
Қазіргі ахуалға бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі – құрылыс салушылар үшін 16% мөлшеріндегі қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуі, ипотекалық саясаттағы ықтимал өзгерістер және тұрғын үй бағасының өсуі.
Қаңтар айында жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы өткен жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда ең жоғары өсімді көрсетті – 17%. Бір жыл ішінде жаңадан салынған баспананың бір шаршы метрі 100 мың теңгеден астам қымбаттап, 604,8 мың теңгеге жетті.
Павлодарда құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы 2 жылға сотталды
Мегаполистерге түсетін салмақ
2025 жылдың қорытындысында ел бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,1 млн шаршы метрге жетіп, рекордтық деңгей тіркелді. Алайда жылдық өсім қарқыны 6% болып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда баяулады.
Жалпы көрсеткіштің 44%-ы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына тиесілі. Осы үш мегаполисте 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Дегенмен дәл осы қалаларда инфрақұрылымдық жүктеме күшейіп отыр – мектеп, аурухана, инженерлік желілер мен көлік жүйесіне түсетін салмақ артып жатыр. Бұл жағдай құрылыс қарқынын тежейтін факторға айналып отыр.
Құрылыс құны қымбаттады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы бір шаршы метр тұрғын үй салуға жұмсалған орташа шығын 222,1 мың теңгені құраған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, кейбір өнімдердің тапшылығы және импорт үлесінің артуы өзіндік құнға әсер етті.
Мысалы, «Строительная информация» компаниясының талдауына сәйкес, құрғақ құрылыс қоспалары сегментінде отандық өнім үлесі 92%-дан 88%-ға дейін төмендеген. Суэмульсиялы бояулар нарығында да жергілікті өндірушілер үлесі 88%-дан 82%-ға қысқарған.
Өндіріс көлемі де әркелкі. Құрғақ құрылыс қоспаларының шығарылымы шамамен 1,3 млн тоннаны құрап, небәрі 2,1%-ға артқан. Гипс өндірісі 5,6%-ға, гипсокартон 4,3%-ға артқан. Ал бояу жұмыстарына арналған шпатлёвка өндірісі 6,5%-ға азайған.
Қонаевта кәріз-тазарту жүйесінің құрылысына қанша қаржы жұмсалады?
Болжам және өңірлік бәсеке
Alina Group холдингінің болжамынша, 2026-2029 жылдары Қазақстанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18-19 млн шаршы метр деңгейінде тұрақтап, өсім нөлдік деңгейге жақындайды. Сарапшылар Өзбекстан құрылыс қарқыны бойынша 2028 жылға қарай Қазақстанның көрсеткіш деңгейіне жетуі мүмкін екенін айтады. Ал Қырғызстан нарығы 2000 жылдардың басындағы Қазақстан кезеңін еске салады – бұл ірі девелоперлер үшін жаңа мүмкіндік.
Alina Group – 36 жылдан бері құрғақ құрылыс қоспалары мен лак-бояу өнімдерін шығарып келе жатқан жетекші компания. Холдингтің құрамында 19 өндірістік алаң бар, нарықтағы үлесі 40%-дан асады. Компания портфелінде кең танымал AlinEX және Alina Paint брендтері бар.
Салалық диалог алаңы
17 сәуірде Алматыда Alina Group бастамасымен ProForum Central Asia 2026 халықаралық конференциясы өтеді. Іс-шараны AlinEX бренді ұйымдастырады. Конференцияда отандық және шетелдік сарапшылар 2026-2027 жылдарға арналған трендтер мен болжамдарды талқылап, экономикалық құбылмалылық жағдайындағы тұрақты даму тетіктерін ұсынады.
Қорытындылай айтқанда, құрылыс пен құрылыс материалдары нарығы жаңа кезеңге қадам басты. Салықтық өзгерістер, баға қысымы және инфрақұрылымдық шектеулер саланың өсімін баяулатқанымен, сарапшылар бұл ахуалды жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең деп бағалайды. Нарық ойыншылары үшін ендігі басты міндет – тәуекелді тиімді басқарып, бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу.
Павлодарда салықтан жалтарған құрылыс алпауыттарынан 120 млн теңге өндірілді