11 Мамыр, 2011

Математик мұғалімдерге құттықтау жолдады

2412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада еліміз математика мұғалімдерінің І съезі өз жұмысын бастайды. Елбасы Н.Назарбаев осы құрыл­тай­ға қатысушыларға құттықтау жолдады. Онда былай делінген: Бұл мәртебелі жиын республика үздік математиктерінің, білім беру саласы көшбасшыларының, жетекші ғалымдардың, белгілі әдіскерлер мен жаңашыл педагогтардың басын қосып отыр. Мен елімізде сапалы білім беру ісіндегі ұстаз рөлінің маңыздылығын түсіну қалыптасқанын қанағат сезіммен атап өткім келеді. Бүгінгі заман талабына сай мұғалім – ол рухани дамыған, педагогикалық технологияның қыр-сырын жетік меңгерген шығармашыл тұлға болуы тиіс. Мұның математика мұғалімдеріне де ерекше қатысы бар. Себебі, еліміздің жедел индустриялық-инновациялық  дамуы жағдайында базалық техникалық пәндердің бірі ретінде математика қазіргі заманғы білім берудің алдыңғы шебіне шығып отыр. Жаңа заман талабы математикалық білім беруді жетілдіріп, оның тиімділігін арттырудың нақты тетіктерін айқындау міндетін қояды. Сондықтан, осы форумның жұмысы барысында сындарлы кәсіби пікір алмасулар болып, нақты әрі құнды ұсыныстар ортаға түседі және ол басқа пәндер үшін де үлгі болады деп сенемін. Съезд жұмысына іскерлік, ал сіздерге бақыт пен береке, педагогика саласындағы аса жауапты әрі қастерлі қызметте шығармашылық табыстар тілеймін!