Бұрнағы жылы Көктөбеге көтеріліп, келешекте Медеу мен Шымбұлақта өтеді деген «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі сәрсенбі күні тоғызыншы рет салтанатты түрде ашылды. Халықаралық дәрежеге көтерілген мәдени шара бұл жолы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына ауысты.
Биылғы кинодуманды да әдеттегідей «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің президенті Асанәлі Әшімов пен аталмыш фестивальдің бас директоры Венера Нигматулина ашты. Журналистермен өткен кездесу барысында кинофестиваль байқауына 19 елден келген 59 картина іріктелініп алынғаны айтылды. Оның ішінде «Дебют» секциясы бойынша 7 фильм, «Жастар киносы» аталымы бойынша – 27 жұмыс, «Студенттік кинода» 19 лента бас жүлде үшін бағын сынап көрмек. Ал қазақстандық жас режиссерлер 5 фильм қосып отыр. Оның 3-уі мультфильм болса, біреуі қысқа метражды студенттік фильм. Толық метражды фильмдер байқауында өз режиссеріміз Медет Ілгедаевтың «Мент» фильмі қатыспақ.
Фестиваль ашылмай жатып-ақ, «Шәкен жұлдыздарына» келген қонақтар Алматыдағы екі бірдей баспасөз мәслихатына қатысып үлгерді. Алғашқысы аталмыш фестивальдің жай-жапсарына қатысты болса, БАҚ-пен өткен келесі басқосуды Ресей киногерлері өткізді.
Биылғы кинофестивальдің қазылар алқасына «Москва, любовь моя», «Экипаж», «Граница. Таежный роман» сияқты бірқатар тамаша фильмдердің режиссері Александр Митта жетекшілік етпек. Журналистермен өткен кездесуге Ресейдің танымал актері Дмитрий Марьянов, Сценарийстер мен режиссерлер жоғары курсының ректоры Андрей Герасимов, Турин Олимпиадасының қола жүлдегері Руслан Гончаровтар келді. Олар қым-қуыт тірліктен бір сәтке болса да босап, «Шәкен жұлдыздары» сынды фестивальдің қадірлі қонақтарына айналып шыға келгендеріне дән риза екендіктерін білдірді. Мәскеу сияқты мегаполистен кейін Алматының шуақты күні мен ауасы оларға керемет болып көрінетінін де жасырмады.
Ал Андрей Герасимов осыдан дәл жарты ғасыр бұрын, 1960 жылдары Алматыға жолы түскен екен. Бұл жолы Лондоннан кейін іле-шала Алматыға тартып отырған Герасимовқа қазіргі оңтүстік астананың келбеті мүлде ғажайып әсер қалдырған.
Теледидарды тұрақты тамашалайтын халайық Ресейдің ең аты мәшһүр сатирик жазушысы Михаил Задорновтың қымсынбай айта беретін артық-ауыс қалжыңдарын білсе керек. Ол да қадірлі қонақ ретінде салтанатты оқиғаға қатысып отыр.
Сөз орайы келіп тұрғанда, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің келешегіне қатысты мына сұрақты айналып өтуге болмайды. Яғни, осы мәдени шара қазақстандық кинематографияға не берді? Ол ат төбеліндей топтың Шәкен Аймановтың кім екенін де білмейтін алыстағы киногер ағайындарды қолпаштауынан артылып көрді ме екен деген де әңгімелер болмай қалған жоқ.
Биылғы өткізіліп отырған фестиваль бұл шараның соңғысы көрінеді деген жорамалдар да көптен бері айтылып жүр. Осы мәселеге орай Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко: «Шәкен жұлдыздарынан қолдарыңызды тартыңыздар!» деп оқыс мәлімдеме жасады.
Кинотану саласының тарихшысы, публицист, Еуропа киноакадемиясының мүшесі, «Шәкен жұлдыздары» қазылар алқасының тұрақты мүшесі Ханс-Иохим Шлегель:
– Қалайша мұндай кинофестиваль керек болмай қалды? Сіздер білесіздер, қазір бұл фестиваль шартарапқа белгілі болып келеді. Мамыр айында әлемде екі айтулы кинофорум болса – бірі Каннда, екіншісі Алматыда өткізіледі, – деді.
Бастапқы жаңалықтарды қорыта айтқанда, байқауда бақ сынап жатқан фильмдерден бөлек жұма күні «Алматы» қонақүйінде кәсіпқой кинематографистер клубының отырысы өтпек.
Бейсенбі күні американдық актер Майкл Мэдсон журналистерге сұхбат берді. Ол Тарантиноның «Құтырған төбеттер», «Көлеңке қуу», «Виллиді босатыңдар», «Биллді өлтіру», «Күнәлар қаласы» атты тамаша картиналармен танылған кино тарланы.
Сонымен, сіркіреп жауған жаңбырға қарамай, фестивальдің ашылу салтанаты дер кезінде басталды.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
_______________
Суреттерді түсірген Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ.