Мәлім болып отырған бір жағымды жаңалық Қарағанды мал етімен өзін-өзі толық қамтамасыз ететін аймаққа айналды. Осыған байланысты ендігі мақсат ішкі тұтынудан артылған бұл өнімді сыртқы рынокқа шығаруға қол жеткізу саналады. Кешеге дейін елестей болып келген осы мәселені мамандардың болжамы бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ емес. Соны жетілдіріп, кеңейту үшін мал тұқымын асылдандыруға берік бетбұру алға қойылды. Экспортқа арналатын ет семіз әрі дәмді болуымен ғана өтімдірек екені белгілі. Сондықтан осындай деңгейге теңелу негізгі талап.
Ал экспорттық қарым-қабілет баршылық. Атап айтқанда , 16 мың бас ірі қара соған ыңғайлы. Бұлардың басым бөлігі тез қоңданатын тұқым түрі. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 326 шағын шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алуға және аталған жобаға қатысуға құлшыныс білдірді. Алды етке өткізілетін өгізшелерді іріктеп, бордақылауға кірісіп кетті.
Қазір үш шаруашылықтың негізінде әрқайсысы 1 мың басқа арналған мал семірту орындары жұмыс істеуде. Таяудағы төрт жылда санын 10-ға жеткізу көзделген.
Аталған міндетке байланысты мал сою мен етін өңдеуді халықаралық стандарттарға сай атқаруды қайтадан құрылатын ет комбинаттары қолға алмақ. Бұл күнде Қарағандыда болгарлық мамандардың көмегімен соның біріне қажетті құрал-жабдықтар, қондырғылар орнату аяқталып келеді. Осы жазда ет тиісті талаптарға сәйкес өндіріле бастайды. Дайындалған өнімді өткізу туралы алдын-ала келісім-шарттар жасалып та жатыр.
Мүйізді ірі қарамен бірге қой етін экспортқа жөнелтуге де жағдай бар. Былтыр облыста болған ирандық экономикалық делегация бұл түліктің өнімін сатып алуға қызығушылық білдірсе, қытайлық тұтынушылар тарапынан да іскерлік қатынас нығайтуға ынталылар табылуда.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген осындайда ойға оралар болар. Иә, енді бұрынғысынша тартыншақтай берудің кезі өткен. Өзгелерге теңесіп қоймай, озудың дер шағы. Әр сала осылайша алға ұмтылудың оңтайын тауып жатса, әлбетте ортақ мақсатқа қосылған зор үлес. Әдетте өндірісі басымырақ өңірдің ауыл шаруашылығының бетін экспорттық бағытқа түзеуі сенімділік пен серпіндіктің нақты айғағы болмақ.
Сонымен әзірге ірі қара, қой, шошқа еті сыртқы рынокта бәсекелесуге дайындалуда. Алайда, ауызға алынбаса жөнсіз, неге екені белгісіз экспорттық санатта жылқы жарықтық жоқ. Көріп жүргендей, шеттен келіп-кетушілер алдымен соның қазысы мен қартасы, жаясы мен жалының дәмін татуға құштар. Артық жарнамалаудың қажеттігі де шамалы. Тарихи отандарына қоныс аударушылар арқылы алыстағы біраз жұрт оның қадіріне де қанық. Ендеше, ол да ұмытылмауы керек-ақ.
Мал өнімін пұлдап өткізу арқасында табыс көзін молынан құраған елдер жеткілікті. Елбасы тапсырмасы соған діттейді. Міне, облыстағы жаңа бір ұмтылыс мақсаты да сол.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.