Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кезекті отырысы болып өтті. Отырыста Ақмола, Атырау облыстары әкімдерінің және Әділет министрінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Мемлекеттік хатшы, комиссия төрағасы өз сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз саясаты мен кемел бастауының арқасында Тәуелсіз Қазақстан өзінің мерейтойын экономикасы қуатты, демократиясы дамыған және әлемде өзіндік құрметке ие болған ел ретінде қарсы алып отырғанын ерекше атап өтті. Біздің мемлекеттік рәміздер бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдарға кеңінен танылған, ал біздің отандастарымыз өз республикасымен заңды түрде мақтана алады.
– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның бөлінбес және маңызды атрибуттары, – деді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев. – Оларға деген мемлекеттік органдардың, еліміздің азаматтарының көзқарасы біздің патриоттығымыз бен Отанға деген құрметіміздің көрсеткіші болып табылады. Бұл сезімдер Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейлі мерекесінде мейірімді, берекелі ортаны қалыптастырып, арттыра түсуі керек. Салтанатты мерекені өткізу мен дайындалуда орталықпен қатар, жергілікті жерлерде де мемлекеттік рәміздерге маңызды орын бөлінуі шарт. Қорыта айтқанда, 20 жылдықты мерекелеу біздің мемлекеттілігімізді, халқымыз бен оның Елбасының бірлігін нығайтуда, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі көтеруге оң ықыласын тигізуі тиіс.
Отырыс қорытындысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңның бұлжытпай сақталуы жөнінде нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.