Парламент Сенатында Қаржы және бюджет комитеті депутаттарының Қаржы министрлігі Салық комитетінің басшылығымен кездесуінде салықтық әкімшіліктендіруді одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Президент Н.Назарбаевтың салықтық әкімшіліктендіру саласындағы алға қойған міндеттері аясында талқыға салынған мәселелердің маңыздылығын атап өте келіп, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов әкімшілік кедергілерді азайтуға, салық рәсімдерін оңайлатуға, айқын және әділетті салық салуды енгізуге назар аударды. «Мұның бәрі, ақыр аяғында мемлекеттің жалпы бюджет-экономикалық саясатын нығайтуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», деді сенатор.
Қ.Ищановтың айтуынша, осы саладағы заңнаманы жетілдіру, қолданыстағы құқыққа мезгілінде өзгерістер енгізу бизнес орталарын дамыту, салық мәдениетін көтеру, салық тәртібін сақтау үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Кездесуде қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Д.Ерғожин сөз сөйледі. Ол кездесуге қатысушыларды жүргізіліп жатқан салық саясаты, биылғы бірінші тоқсандағы мемлекеттік бюджет кірістерінің орындалу нәтижелері және 2010-2011 жылдарғы салықтық әкімшіліктендіруді жетілдіру бағдарламасын іске асыру туралы баяндады.
Еліміздің салықтық әкімшіліктендірудің жаңа сапалық деңгейге көтерілгені туралы атап өте келіп, Д.Ерғожин Қазақстанның салық жүйесін халықаралық тәжірибеге жақындатуды көздейтін заңнамаларға тоқталды.
Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілді. Ол жобамен Салық кодексінің бірқатар баптарына нақтылайтын өзгерістер енгізілетін болады.
Кездесу барысында Д.Ерғожин бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтуға, жер қойнауын пайдаланушылардың салықтық әкімшіліктендіру мен арнайы төлемдеріне, Кеден одағы аясындағы салықтық әкімшіліктендіруге, салық қызметін жетілдіруге, салық жүйесін жаңғыртуға, жалпыға бірдей декларациялауға қатысты депутаттардың сауалдарына жауап берді.