Қостанайда балалар хирургиясының жаңа парағы ашылды
Барлық іс те сәтімен болады. Облыстағы балалар хирургиясының жаңа парағы ашылды. Наурыз айында облыстық балалар ауруханасына белгілі хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Фазылбек Темірханов бас дәрігер болып келді. Облыстық ауруханада бөлім меңгерушісі болып қызметін атқарып жүргенде-ақ ол балалар ауруханасындағы су жаңа эндовидеоаппараттың бекер қаңтарылып тұрғанын білетін. Жаңа қызметке келісімен осындағы хирургтерді жинап алып, жұмысты жаңаша бастауды, аппаратты дайындауды ұсынды. Лапароскопиялық әдісті ұршықша үйіріп игерген өте тәжірибелі хирургтің өздеріне басшы болып келгеніне осындағы әріптестерінің қуанғанын көрсеңіз. Қанша оқығанмен операция столында қатар тұрып, кәнігі маманнан үйренгендей қайдан болсын. Міне, соның сәті келді. Облыста тұңғыш рет балаларға эндовидеоаппаратпен операция жасалды.
Ауруханаға он үш жасар бала ауыр науқаспен түсті. Анасының айтуынша, баланың дерті қозып, іші ауырып, түйіліп жатып қала берген. Дәрігерлер жан-жақты тексере келгенде баланың өті тасқа толып кеткендігін анықтады. Операцияны лапароскопиялық әдіспен жасауды баланың анасына ұсынып, оның артықшылықтары түсіндірілді. Фазылбек Сәбитбекұлы қасына ауруханадағы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Игорь Белобржицкийді алып, операцияны өзі жасап шықты. Ескі әдіспен баланың денесін тілуге тура келер еді, ал жаңа аппаратпен үш жерден тескені жеткілікті болды. Енді кешіккенде қабынған өт бауырды да зақымдайтын екен. Өтті алып тастап, ағзадағы қабыну кеткеннен кейін бала өзін бірден жеңіл сезіне бастады, айналасы бір аптаның ішінде ауруынан айығып, үйіне қайтты.
– Егер операцияны бұрынғы ескі тәсілмен жасағанымызда балаға бір-екі күн дәрі құюмен болар едік, оның қимылдап, тұруы да кешеуілдейтін еді. Айығып кетуі ауыр, әрі ұзақ уақытты алатыны да сөзсіз. Бұл қай жағынан алғанда да тиімсіз. Жаңа әдіспен жасағаннан кейін науқас өзін жеңіл сезінеді, жара тез бітеді. Әдеттегі, операция жасағанда дененің тыртығы қалып қоятын. Ол кейін тартылып, адам ыңғайсыздықты сезінеді. Ал жас сәби өсе келе әлгі үш тесіктен оның денесінде тыртық қалмайды, – дейді бас дәрігер Фазылбек Темірханов.
Эндовидеоаппараттың тағы бір артықшылығы бар. Онымен дәрігерлер науқастың диагнозын дәл қоюға мүмкіндік алады. Тіпті УДЗ аппараты көрсете алмаған ішкі ағзадағы ауру түрлерін анықтап береді.
Жақында облыстық балалар ауруханасына бір айлық нәресте ауыр халде жеткізілді. Баланың үлкен дәретіне қан араласып түседі. Фазылбек Сәбитбекұлы бұл жолы да шешімді өзі айтты. «Әріптестер, науқасты эндовидеоаппаратпен тексеру керек, бұл іштен туған ішек ақауы болуы мүмкін» деді. Дәрігерлердің барлығы да бұл қорытындыны мақұлдады. Сәбиді эндовидеоаппаратпен тексергенде, расында, ішек ақауы болып шықты. Ішектегі артық өскін қабынған кезде қанаған. Заманауи аппараттың көмегімен сүт пісірімдей уақытта-ақ дәрігерлер артық өскінді сылып тастады. Нәресте аман қалды. Дәрігерлер кеңірдегіндегі ісікті осы аппаратпен алып тастаған бала да төрт күнде жүгіріп ойнап кетті.
Бір айдың ішінде ғана облыстық балалар ауруханасында жиырмадан аса балаға лапароскопиялық, яғни тесікті әдіспен операция жасалды. Мұндағы дәрігерлер де Гиппократ антына берік жандар. Игорь Белобржицкий осы қымбат аппарат алынғасын-ақ Израильге оқуға барып келген болатын. Алайда бір дәрігерге, оның үстіне жас хирургке жаңа әдісті жаңа аппаратпен бастап кету қиынға соққан еді. Міне, енді Фазылбек Сәбитбекұлының келуі үлкен істің басталуына мұрындық болды.
Облыстық балалар ауруханасына перзентінің науқасы жанына батқан ата-ана соңғы үмітін арқалап жетеді. Жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Евгений Соловьев, тәжірибелі дәрігер Лариса Данченко, хирург Дмитрий Герасимов және облыстың бас педиатры Сара Алдабергенова бар мүмкіндікті салып баланы ажалдан арашалап қалады. Дегенмен, ауыр патологиямен түсетін бір жасқа дейінгі нәрестелерді емдеу күрделі жұмыс.
– Қазір біздің ауруханаға іштен ақаумен, кеміс болып туған бір жасқа дейінгі нәрестелердің барлығы дерлік ауыр халде түседі. Бет сүйектің, аяқ-қолдың қисықтығы, еріннің, таңдайдың жырығы және ішкі органдардың кемістігі сәбиге күрделі емді қажет етеді. Табиғи ақаудың күрделілігі сондай, кейде бала шетінеп кетеді. Болашақ ана жүктілікке барынша жауапкершілікпен қарауы керек. Кейде әлеуметтік тұрмыстағы қиындықтар да ананың күтіміне жағдай туғызбайды. Жүктілік кезде тұмаумен ауыру, денсаулықтың нашарлығы нәрестенің кемдігіне әкеліп соғады. Оның үстіне ішетін судың, ауаның ластануынан болатын зардаптарды да жоққа шығармаймыз, дейді Фазылбек Сәбитбекұлы.
Осындай қиындықтардың барлығына қазір дамыған елдердегі медицинаның озық үлгілерін әкеліп пайдалану, заманауи медициналық құрал-жабдықтар алу және мамандардың кәсіби біліктілігі арқасында қарсы тұра алатынымызды айтады дәрігерлер. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тағы да озық үлгідегі осындай үш аппарат алғалы отыр. Сонымен қатар, алыс аудандардағы, елді мекендердегі науқастарды орталыққа жеткізу мәселесі тағы да пысықталатын болады. Ол үшін санитарлық ұшақпен қоса енді тікұшақ та қосылады. Оның үстіне жаңа туған сәбиді ананың құрсағындағыдай температурамен ұстап жеткізетін камерасы бар санитарлық автокөлік алу да ойда бар. Осының барлығы ана мен баланың амандығын қамтамасыз ететін болады. Өткен жылы облыста әр мың балаға шаққанда 14 нәресте көз жұмған еді, үстіміздегі жылғы көрсеткіш те мұнан жоғары болған жоқ әрі ол бұрнағы жылдарға қарағанда төмен. 2015 жылы бір жасқа дейінгі нәрестелерді әр мың балаға шаққанда 8-ге дейін төмендету туралы Елбасы тапсырмасы осындай ізденістер арқасында мүмкін боларына қостанайлық дәрігер қауымының сенімі мол.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.