Жуырда елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтында «Филиппс» компаниясының қолдауымен Халықаралық ортопедия қоғамының (ISS Outreach) аймақтық білім беру бағдарламалары аясында тұңғыш рет шеберлік сыныптары мен семинарлар ұйымдастырылды. Австрия, Ұлыбритания және Ресейден келген мамандар шеберлік сыныптарын өткізіп, травматология және ортопедиядағы озық диагностикалық амалдар туралы әңгімеледі.
Ал семинардың өзі екі күнге созылды. Бұған еуропалық, ресейлік, қазақстандық мамандар қатысып, сәулелік диагностика саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Негізінен баяндамашылардың дені травматология және ортопедиядағы магнитті-резонансты томография және компьютерлік томография жөнінде баяндады.
Қазіргі таңда жарақат алушылық тек біздің еліміздің шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі үлкен мәселеге айналып отыр. Денсаулық сақтауды дамыту үшін жасалған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында 2011-2015 жылдары жарақат алушылықты, одан болатын өлім-жітімді азайту атап өтілген. Өйткені, ауру түрлерінің арасында жарақаттың салдарынан жұмысқа қабілетсіздік және өлім-жітім екінші сатыда тұр. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне жүгінсек, 2009 жылы 100 мың ересек тұрғынға шаққанда 4120 адам жарақат алған. Аталмыш институттың директоры, профессор Нұрлан Батпенов «Заманауи диагностиканың мүмкіндіктерін игеру жақсы жетістіктерге жеткізеді. Біз науқастың жағдайын алдын-ала біліп, шара қолдана аламыз. Әсіресе, сүйектерде болатын ісіктер мен жарақаттың қаншалықты ауырлығын білу үшін сәулелі диагностиканың көмегі зор» – дейді.
Халықаралық ортопедия қоғамының өткізіп жатқан шаралары еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін маңызды әрі өзекті екенін атап айтуымыз керек. Өйткені, медициналық мекемелерді соңғы үлгідегі технологиямен жабдықтау, сол технологиялардың тілін меңгерген мамандар даярлау мәселесі соңғы жылдары өзектілігін сақтап отыр. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының талабы да мамандардың кәсібилігін арттыру мен озық технологияларды қолданып, халықтың денсаулығын түзетуге бағытталған. Осы орайда травматология және ортопедия саласында сәулелі диагностиканы қолданудың қыр-сырын озық үйренудің маңызы зор.
Айгүл СЕЙІЛОВА.