Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды, деп хабарланды осы палатаның баспасөз қызметі.
Қаржы және бюджет комитеті екі заң жобасы бірінші оқылымға дайын екенін мәлімдеді. Олар, атап айтқанда, кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін және кейбір заңдарға исламдық қаржыландыруды ұйымдастыруға қатысты заң жобалары.
Сонымен қатар, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі және қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру үшін бірқатар заңдарға түзетулер көзделген заң жобалары да бірінші оқылымға дайын. Бұл заң жобаларын палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ұсынып отыр.
Ал Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді бекіту жөніндегі, «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары депутаттар талқысына шығарылатынын хабарлады.
Бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері де қаралды.