14 Мамыр, 2011

Артық қыламын деп, тыртық қылды ма?

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мал-жанның амандығын алдымен сұрайтын қазақтың баласымыз. Төрт түлікті қатар бағып, дала төсін емізіп, әжеті­міз­ге жаратамыз әзелден. Көшпелі қазақтың айнымас серігі бол­ған төрт түлік бүгінгі күні де халықтың тамақ асырайтын дүниесі. Сондықтан ауылдағы шаруа жұрт қорасындағы қа­расын көзінің қарасындай сақтайды десек, артық айтқандық емес-дүр. Бұрын ел естіп, көз көрмеген аурулар пайда бола бастады. Заманына қарай дейміз бе, әлде «ақырзаман таянғанда бар бәле жердің бетіне шығады» дегенді алға тартамыз ба, әй­те­уір, қазір малдың да ауруы көп. Соның бірі қырым-конго қанды безгегі. Қайбір жылы көрші жатқан Оңтүстік Қазақстан об­лы­сынан осы аурудың ошағы табылып, алды адам қазасына дейін барған. Содан бері Үкімет осы аурудың алдын алуды мық­тап қолға алған. Бұдан кейін аталған аурудың түрі Сырдың бойынан да табылды. Негізгі ошағы Жаңақорған, Шиелі, Сыр­дария аудандары болып шық­ты. Жыл сайын көктем шық­қанда арнайы мамандар осы аурудың алдын алып, мал­дарды дәрілей бастайды. Оған алдын-ала ақша бөлініп, оны әлдебір компания жеңіп алып, ауруды залалсыз­дан­дыруға кіріседі. Биыл да солай болды. «Қызылорда об­лы­сының жұмылдыру дайын­ды­ғы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей апат­тар­дың алдын-алуды жоспарлау және жоюды ұйымдастыру» басқармасы қырым-конго қанды безгегі ауруын залалсыздандыру үшін ашық конкурс өткізеді. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының «Төрт түлік белгілері» ЖШС же­ңіп алады. Сөйтіп, облыс шең­бе­ріндегі малдарды емдеуге кірісіп кетеді. Аймақ бойынша 331533 бас малды залалсыздандыру керек болса, бүгінде оның 96645 ба­сы дәріленген екен. 2716590 шаршы метр қораның 741174 шаршы метрі дәріленген. Қыс­қа­сы, жұмыс ретімен жүріп жатқан. Дегенмен, Қызылорда қаласының іргесіндегі Қарауылтөбе ауылын­дағы малдар­ды залалсыздандыру кезінде ке­лең­сіз оқиға тіркелді. Енді осы оқи­ға туралы баян етелік. 6 мамыр күні таңсәріде, яғни сағат 7 шамасында Қарауылтөбе ауылындағы 100 бас мал қырым-конго қанды безгегіне қарсы за­лал­сыздандырылады. Мал өріске кетеді. Содан жарты сағаттан кейін сиырлар біренен соң бірі топырлап құлай бастайды. Әр жерде құлаған сиыр дөңкиіп өле береді. Бірден өріске кеткен мал­ды қайта жинап, жедел тексеру жүргізіледі. Алдын-ала тексеру ба­ры­сында сиырлар­дың уланғаны анықталған. Соны­мен 33 бас мал сол күні өліп қала­ды. Халық ұлар­дай шулайды. Шу­ламағанда қайтсін, қолындағы ма­лын аурудан сақтаймыз деп өлтіріп алса. Өлген малдардан алынған сына­малар қазір Алматыға жіберілді. Мал өлімінің анық-қанығы сонда зерттеліп жатыр. Өлген 33 мал 3 метр терең­дік­те қазылған шұңқырға көміл­ген. Қалған уланған малдар емделген. Дегенмен, қазір оларды саууға, сою­ға, сатуға болмайды. Себебі, дер­тінен толық айықпаған. Оның сүтінен, болмаса етінен адамдар улануы мүмкін. Сол себепті олар қатаң қадағалауда тұр. Ал өлген малдың иелеріне базар бағасымен 4,130 миллион теңге өтемақысы тө­ленген. Солайша, халық тын­шыды. Малдың улану себебі не? «Төрт түлік белгілері» ЖШС за­лал­сыздандыруға 60 пайыздық «Дио­зинон» препаратын пайда­лан­­ған. Мамандар малдың ула­нуын осыдан көріп отыр. Дегенмен, толық сараптама шық­пайын­ша кесіп-пішіп ештеңе айтуға кел­мейді. Бүгінде қырым қанды безгегіне қарсы жұмыстар уақыт­ша тоқтатылып тұр. Егер «Төрт түлік белгілері» ЖШС-ның кінәсі табылса, онда олар жұмыстан шеттетіледі. Ал әзірге Қарауыл­төбе ауылындағы жағдай бірқа­лы­п­ты. Қосымша өлген немесе улан­ған мал тіркелген жоқ. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.