Алматыда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Испания мемлекетінің бұрынғы сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуі өтті. Екі жақты кездесу барысында тараптар аймақтық және бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған халықаралық маңызды әрі өзекті де ауқымды мәселелерді қарастырды.
Халықаралық әр алуан және күрделі мәселелер арасындағы әңгімеде, алдымен Ержан Қазыханов пен Мигель Моратинос көпшілік назарын аударып отырған қаржы-экономикалық дағдарыс салдары төңірегінде сөз қозғады. Сондай-ақ, тараптар дағдарысқа байланысты туындаған азық-түлік қауіпсіздігі мен елдердің саяси-әлеуметтік салалардағы даму мәселелерін және Мыңжылдық декларациясындағы даму мақсаттарын қамтамасыз ету барысы және өзге де мәселелер талқыланды.
Испания бұрынғы сыртқы істер министрінің пікірінше, биылғы жылы тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлайтын Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастық, достық, өзара түсіністік жоғары деңгейде. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, деді М.Моратинос өз сөзінде, қазақстандық дипломатия өзін өте жоғары деңгейде көрсетіп отыр. Оған Қазақстанның өткен жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі айқын дәлел бола алады. Сонымен қатар, былтыр Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер басшылары және әлемдік халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысқан саммиттің табысты өтуі Қазақстан беделін өсіре түсті.
Екі жақты кездесудегі сөзінде Е.Қазыханов Қазақстан Үкіметінің азық-түлік қауіпсіздігін ішкі және сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып отырғандығын атап көрсетті. Осы мәселеге байланысты М.Моратиносты Қазақстан Үкіметінің мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, яғни нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты даму тұжырымдамасымен» таныстырып, Премьер-Министрдің басшылығымен жұмыс істейтін Тұрақты даму кеңесі туралы хабардар етті.
Өз әріптесімен пікір алмасу кезінде Е.Қазыханов, сонымен қатар, Қазақстанның биылғы жылғы жазда ИКҰ-ға төрағалығы аясында да бірқатар халықаралық мәселелерге басты назар аударатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ИКҰ мен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.