17 Мамыр, 2011

Ғалымның хаты өлмейді...

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Аграрлық ғылым мен өндірісін дамытуда   артына өшпестей із қалдырған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қасым  Асановтың туғанына 70 жыл толуына орай   өзі ұзақ жылдар қызмет істеген  қарашаңырақ – Қазақ ұлттық аграр­лық университетінде  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 15 жылдан аса уақыт ғылым мен өндіріс бірлестігінде азық пен жайылым барысында көп­теген ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, оның тиімділігі мен сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосқан ғалым өмірінің соңына дейін өзі жетекшілік еткен  республикадағы «Жем және жайылым» ғылыми-техникалық бағдарламасы бүгінде оң нәти­жесін беріп келеді. Атап айтқан­да, Шығыс Қазақстан өңірінде мәдени жайылымдарды тиімді пайдаланудың, Каспий аймақ­тарындағы жайылымдардың құ­нар­лылығын арттырудың, Волга мен Орал, Атырау аумақ­тарындағы жем өндірісінің ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының негізін қалады. Қазіргі таңда осы бағыттағы  жұмыстардың ауыл шаруашы­лығы саласы үшін берері көп екендігіне  мамандардың көзі жет­ті. Сондықтан да ғылым жо­лында асқан табандылық көрсет­кен Қа­сым Асановтың қол жеткізген жетістіктері өміршеңдігімен құнды. Ол жөнінде   конференцияда  жан-жақты айтылып,      ғалым­ның ғы­лыми еңбектері зертханада прак­ти­калық жағынан да көрсетілді.  Жиында сөйлеген қонақтар, белгілі ғалымдар  Қ.Асановтың   аш­қан жаңалықтарының халықара­лық маңызын айта келе, ол кісінің азаматтық келбетіне, адами қа­сиет­теріне де тоқталды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.