Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жыл сайынғы Ильенков оқуларына орай өткен «Философия және мәдениет» атты ХІІІ халықаралық ғылыми конференцияның аясында академик Жабайхан Әбділдин атындағы аудиторияның ашылу рәсімі өтті
Эвальд Ильенков кеңестік кезеңнің көрнекті философы. Диалектикалық дәстүрдің даму этаптарын қалыптастырған тұлға. Оның еңбектері әлемдік философиялық ойдың қазынасына айналған. Сөз реті келгенде айта кетелік, 1990 жылы философия ғылымдарының докторы С.Мареев Ильенков оқуларын өткізу туралы идея тастап, соған орай 1991 жылы Ресейде алғаш рет конференция өткізілген болатын. Содан бері дәстүрге айналған жыл сайынғы Ильенков оқулары 1999 жылы халықаралық конференция статусын иемденген. Халықаралық деңгейдегі аталмыш конференция академик Жабайхан Әбділдиннің жетекшілігімен Қазақстанда тұңғыш рет өткізілді.
Бір айта кетер жайт, осы жиын аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінде философия ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Әбділдиннің атындағы жеке аудиторияның ашылу салтанаты өтті.
Академик Жабайхан Әбділдин – 100-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде отыздан аса монографиялардың авторы. Оның еңбектері әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда Англия, Германия, Украина, Ресей, Франция елдерінде жарық көрген. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, сондай-ақ Мемлекетік сыйлықтың лауреаты.
Соңғы дизайн үлгісімен салынған аудитория іші академик еңбектерімен жабдықталған. Мұнда Жабайхан Мүбәрәкұлы жайлы ақпарат іздеп, еңбектерімен танысқысы келгендер үшін таптырмас мүмкіндік барына көз жеткіздік. Онда академиктің жас күнінен бергі өмірі толық қамтылған. Еңбектері де жетерлік. Әрине, бәсекеге қабілетті ғалым мұндай құрметке әбден лайықты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.