Алдағы тамыз айында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуы мерейтойы Қарағандыда басталып, кіндік қаны тамған топырағы Қарқаралыда өткелі отыр. Бұл күнде өңірде осы айтулы оқиғаны сән-салтанатпен өткізуге әзірлік қызу жүргізілуде. Оның барысы туралы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бекболат БАЙСАҒАТОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Білетініміздей дайындық жыл басынан-ақ қолға алынған екен. Алдымен содан беріде атқарылған іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Бұл халқымызға ортақ мерейтой болғандықтан елімізде жаппай аталып өтуі үшін қаңтар айында Үкімет қаулысы қабылданды. Соған сәйкес ол бір мезгілдік ғана шара емес, жыл аяғына дейін Қасым ақын рухы мен жырының жаңғыруы жалғасады. Білім беру орындарында, мәдениет ошақтарында өмірі мен шығармашылығына арналып ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференциялар, поэзия кештері, кітап көрмелері басқа да мәдени-көпшілік шараларға ұласып, асыл мұрасы жаңадан жарқырап танылып жатыр.
Аймақта қай өнер ортасы да өз тартуларын арнауға жұмылуда. Ақпан айында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында ақынның «Досымның үйленуі» комедиясы сахналанса, жақында жезқазғандық әртістер шығармалары бойынша «Дүниеге келер әлі талай Қасым» тақырыбымен қойылымды көрсетті. Мамырдың 12-13 күндерінде жас ізбасарларының облыстық мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ «Көңілдің күйін төгейік» ән байқауы сан қырлы тұлғаның ән-саздық мұрасын алдыға тағы бір жайды. Бүгінде ол жеке дискі етіп шығарылуға дайын, сонымен бірге таңдамалы өлеңдерінің бір томдығы мерейтойға дейін оқырмандар қолына тимек.
– Бекболат, сөз орайында мерекенің нақты қай күндерге белгіленгенін айтсаңыз. Ол қашан, қалай басталады?
– Арқада тамыздың ортасы әдетте тамылжыған кез ғой. Сондықтан тамыз айының 17-20 аралығы қолайлы саналды. Еліміздің барлық өңірлерінен келетін меймандар Қарқаралының әсем табиғаты аясында халқымыздың аяулы перзенті мерейтойы дүбірін қызықтай алады.
Салтанат шымылдығы Қасым Аманжоловтың Қарағандыда бой көтеретін ескерткішіне тағзым етумен ашылады. Айта кету керек, бейнесін көз алдыға келтіретін еңселі мүсін Сәкен Сейфуллин көшесінің қиылысынан орталық саябаққа кіреберіс тұста орнатылуда. Облыс орталығында өтетін мерейтойлық жиыннан соң салтанат Қарқаралыға, ақын атындағы ауылға ауысады.
– Жиналушыларды қандай рәсімдер күтіп тұр?
– Әлбетте бағдарлама аясы ауқымды. Өнер саласы мен ұлттық спорт ойындары тойдың басты сәні мен көркі болмақ. Ақындардың республикалық мүшәйрасы тақырыбы Қасымның қазақ поэзиясындағы орнын ашып көрсетуге арналады. Оған жас айырмашылықтарына қарамастан қай өлкеден де қандай да талапкер қатысуға ерікті екенін айта кеткен жөн шығар. Осы жыр додасы жеңімпаздарына белгіленген сый-сияпат бар. Көзге түскен өлең-жырлар жыл аяғына дейін жинақ болып шығарылады. Ал өнер дүлдүлдерінің дүбірлі думаны өз алдына бір бөлек. Ат жарысы мен балуандар сайысы той қызығын қыздыратыны талассыз.
Қазір мерейтойға дайындық облыс басшыларының күнбе-күнгі тікелей назарында. Соған байланысты көп мәселелер оң шешімін тауып келеді.
Қасым Аманжоловтың есімі мен жыры халқының жады мен жүрегінен берік орын алып, өшпеуге айналғанына уақыт куә. Қазақ поэзиясының шоқ жұлдызындай әрдайым жарқыратып тұратын ұлы ақынның дүниеге келген ғасырлық мерейтойы ұмылмастай есте қалатыны хақ.
Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.