17 Мамыр, 2011

Қан қасиетін қадірлеу

457 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «ашық есік күні» өткізілді. Кішкене балғындар ғылыми орталықтағы әр саладағы жетекші мамандардың тексеруінен тегін өтіп, бүлдіршіндердің ата-аналарына кеңес берілді. Педиатрия және балалар хи­рур­гиясы ғылыми орталығы ди­рек­торының педиатрия жөніндегі орынбасары, медицина ғылымы­ның докторы Риза Боранбаеваның айтуынша, республикалық мекеме болғандықтан мұнда емделу тек квотамен және ақылы жүргізіле­тіндіктен орталықтағы кәсіби жо­ғары деңгейдегі педиатр, кардиолог, уролог, хирург, гастроэн­те­ролог, гемотолог мамандарға ал­ма­тылықтардың қолы жете бермейтін көрінеді. Сондықтан шы­ғар, «ашық есік күні» ғылыми орта­лықтың емханасында бұрын-соң­ды болмаған кезек болып, кейбір ата-аналар бір емес, екі-үш бала­ларын жетектеп әкеліп, дәрі­гер­лерге көрсетіп жатты. Мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп тұра­тынын ескерсек, әрине, өз кезегінде ата-аналар балаларын кә­сі­би маманға көрсетіп, кеңес ал­ғанда­рына өз ризашылықтарын білдіруде. Оның себебі ауруды не­ғұрлым ерте бастан анықтау қашанда маңызды. Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 130 бала мен жасөспірім ақ қан дертіне шалдығады екен. Өкінішке қарай, бұл кеселдің пайда болу себебі әлі күнге анық­талмай отыр. Алайда, бұдан бұ­рын­ғы жылдары ақ қан ауруына шалдыққандар өмірмен қош ай­ты­сатын болса, қазіргі кездегі жа­ңа емдеу тәсілінің нәтижесінде олар­дың 70-75 пайызы құлан таза айығ­ып шығады. – Осыдан екі ай бұрын балам­ның денесі бөртіп, дене қызуы түспей қойды, – деді бізге онко­гемато­логиялық бөлімшеде емделіп жатқан үш жасар Сұлтан Әкім­жановтың анасы. – Сөйтсек, осын­дай жаман ауруға шалды­ғып­пыз. Ауруханада жатқа­ны­мыз­­ға екі ай болды. Екі аптадан кейін баламды демалуға жібереді. Дә­рігерлердің айтуынша әлі алты ай емделетін түріміз бар. Бүгінгі ашық есік күніне бұрын ауырған балалар­дың өздері, ата-аналары келіп, мән-жайды түсін­діріп, бұл кеселден құ­лан-таза жа­зылуға болатынын естіп, жүрегіме үміт оты ұялап, көңі­лім аз да болса тын­шығандай. Әри­не, мұндай ауруды жеңуде ата-анаға да, балаға да үлкен күш-жігер керек. Балапаным үшін қандай жағ­дайға да көніп, аурумен күресуді тоқтатпаймыз. Терезе жақта момақан отырған жас жігітке көзіміз түсіп, оны да сөзге тарттық. Өзін алматылық Құ­марбек Тәтенов деп таныстырған ол бүгінде колледж студенті екен. – Ауырғаныма бес жылдан асты. Ол кезде он екі жаста болсам, қазір он жетіге толдым. Маған ақ қан диаг­нозы қо­йылған соң бір жыл ауруханада жатып емделдім. Біраз демалыстан кейін бір жыл гепатиттен емделдім. Әсіресе, химиятерапия емі өте ауыр өтті. Қи­наласың, бірақ мамам жаным­да болған соң, бәріне шыдадым. Со­ның арқасында жазылдым деп ой­лаймын. Ем, дәрінің бәрін тегін, бірақ кейде керек кезінде дәрілер болмай, өзіміз сатып алуға тура келді. Нау­қасымның ауырлығына бай­ланыс­ты бес жылға мүгедектік берген болатын. Алдағы мамыр айында арнайы комиссиядан өте­мін. Ары қарай созса көреміз, созбаса шығарып тастауы мүм­кін. Енді жасымның кәмелетке толуына байланысты ересектерді емдейтін дәрі­гердің есебіне тұрамын. Қазір ешқандай ем алып жатқаным жоқ. Денсаулығым жақсы. Ауруханаға ата-анамсыз өзім келіп, тексеріле беремін. Қазір анам жұ­мыста. Мені емдеп, сауығып шығуы­ма көмек­тескен бар­лық дәрігерлерге, медбике апайларға көп рахмет. Ол кісілер қай уақытта болмасын, күндіз-түні көмектерін аяған емес. Қазір өзімді толық емделіп, аурудан толық айық­тым деп ойлай­мын, – деді бізге Құмарбек. Бүгінде орталықтағы екі онко­гематологиялық бөлімше 60 төсек-орынға есептелінген. Алайда, соң­ғы үш-төрт жылда бөлім­шелерде 90 баладан жатып емделуге тура келген. Үлкен палаталарда бес-алты науқас баланың жанында бес-алты ананың бірге жататынын ескерген, ондағы жағдайды көзге елестету қиын бола қоймас. Тек, осыдан бір ай бұрын Астанада Бала мен ана Ұлттық орталығында отыз төсектік онкогематология бөлімі ашылған­нан бері ғана, бөлімшелер аз да болса жеңілдеп, дәрігерлердің ты­нысы ашылған. – Мәселен, шетелде бір дәрігер дәл осындай лейкозбен ауыратын бес науқас баланы емдесе, – дейді Риза Зұлқарнайқызы, – ал бізде жал­пы бұйрық бойынша бір дә­рігерге он екі баладан келеді. Бізде был­тырғы жаз айында жүзге тарта бала емделгенде, әр бөлімшеде екі-ақ дәрі­герден жұмыс істеді. Сонда әрқай­сысына жиырма бес баладан келді. Әрине, бұл медбикелерге фи­зикалық жағынан қан­дай ауыр болды десеңізші. Сон­дықтан біздер бала­лар­ды анала­рымен жат­қызуға тыры­самыз. Қан­ша айт­қанмен, қай ана да өз баласын кү­туге тырысады. Ал оларға не төсік-орын, не тамақ берілмейді. Тек бір жасқа дейінгі аналарға ғана тамақ қарас­тырылған. Бүгінгі күнде орталықтағы екі бөлімшеде жеті дәрігер, ауысыммен жиырма медбике, бес-алты кіші медбике жұмыс істейді. Бұрынғы ақылы бөлімнің орнына гепатиттен емделетін бөлімше ашылған. Онда гепатит ауруы асқынған науқастар көші­ріледі. Әрине, еліміздегі қай емдеу орнында маман жетіспеушілігі орын алуда. Дегенмен, күрделі емді қажет ететін онкогематология бөлімше­сінде кадр мәселесінің неше жылдан бері шешіл­­мей келе жат­қаны, әсі­ресе, бү­гінде жаны ауы­рып, қина­лып қан дертімен ауырып жатқан балаға да, жанын шүберекке түйіп отырған анаға да оңай тиіп отырған жоқ. Ал кадрдың келмеуінің бірнеше себептері бар. Мамандар көбінесе, гематология бөлімінде жұ­мыс істеу мораль­дық жағынан да, физикалық жа­ғынан да ауыр екенін, ең бастысы, жала­қының төмендігін алға тартады. Риза Зұлқарнайқызы қазір резидентурадан бір дәрігерді өздері баулып жүргенін, қыркүйек айынан жұ­мысқа кірісетінін айтып, соған да қуанып отыр. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.