17 Мамыр, 2011

Келетін меймандар мен өтетін кездесулер

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров журналистерге брифинг өткізіп, осы аптадағы іс-шаралармен таныстырды. Оның хабардар етуінше, 18-19 мамырда БҰҰ-ның Даму бағ­дарламасының әкімшісі Хелен Кларктің Орталық Азия тур­несі шеңберінде Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Х.Кларк са­парының негізгі мақ­саты – 2010 жылғы сәуірде БҰҰ-ның Бас Хатшысы Пан Ги Мунның сапары кезінде қол жет­кізілген уағдалас­тықтарды жү­зеге асыру және ел мен өңір деңгейіндегі, соның ішінде Мың­жылдық Даму мақсат­та­ры­на қол жеткізу, экономикалық жоспарлау және мемлекеттік бас­қару салаларындағы одан әрі өзара ықпалдастықты ілгерілету болып табылады. Еуропа қайта құру және даму банкі басқарушылар кеңе­сінің 20-шы жыл сайынғы оты­рысының жұмысына қатысу ая­сында, 19-24 мамырда Еуро­па­лық инвестициялық банктің де­легациясы Қазақстанда болады. Сапар барысында ҚР және ЕИБ арасындағы инвестициялық ын­тымақтастықты талқылау, өзара тиімді инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарау мақсатында ҚР-мен әрекеттесу мәселелеріне жетекшілік ететін Еуропалық инвестициялық бан­кі­нің вице-президенті Ева Шра­бердің Үкіметтегі, Қазақ­стан­ның бейіндік министрліктердегі кездесулері жоспарланған. Ал 18-19 мамырда Ауғанс­тан мен Пәкстан жөніндегі АҚШ-тың арнайы өкілі Марк Гроссманның Орталық Азияға турнесі шеңберінде елімізге сапары жоспарлануда. Амери­калық дипломаттың еліміздің ресми тұлғаларымен кездесулері көзделген. Кездесулер бары­сында Ауғанстан бойынша өз­ара іс-қимыл, аймақтық қауіп­сіздік және екіжақты ынтымақ­тастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланбақ. Ілияс Омаровтың атап өтуін­ше, 18-20 мамыр аралығында Малайзияның Сыртқы істер ми­нистрі Дато Сри Анифа Аман­нның екі мемлекет ара­сын­дағы қарым-қатынаста­ры­ның тари­хында алғашқы ресми сапары болады. Сапар бары­сында ма­лай­зиялық мейман Президент Н.Назарбаевтың жә­не Мемлекеттік хатшы Қ.Сау­дабаевтың қа­былдауында бола­ды. Ал Сырт­қы істер министрі Е.Қазыхановпен болатын кездесуі кезінде екіжақты ынтымақ­тастықтың саяси, экономи­ка­лық және гуманитарлық сала­сында, сонымен бірге, еліміздің Сыртқы істер министрлері ке­ңесіне төрағалық ету барысын­дағы өзара әрекеттестікті тал­қылау жоспарлануда. 20-21 ма­мырда Лондон қа­ласында «Тежеу: өткен уақыт және бо­ла­шақ» атты халық­аралық конференция өтеді. Бұл жиынға бас­тамашылардың ішін­де Дес Браун, Джордж Шульц, Уильям Перри, Генри Киссинджер, Сэм Нанн сияқты саясаткерлер бар. Ұйымдас­ты­ру­шы­лардың шақы­руымен атал­ған іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев қатысып, сөз сөйлейді. Ал 19 мамырда Қазақстан Республикасының Шанхай ын­тымақтастық ұйымына төраға­лығы шеңберінде, Астана қала­сында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Мәдениет министрлері кеңесінің 8-ші отырысы өтеді. Отырыс барысында тараптар Ұйымның құрылуына 10 жыл толуына орай ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары Кеңесінің ме­рей­тойлық отырысына мәдени іс-шараларды дайындау мә­се­ле­лерін талқылап, он жыл ішінде мәдениет саласындағы ШЫҰ іс-қимылдарының негізгі қорытындыларын шығарады. Оты­рыс нәтижесі бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Мәдениет министрлері кеңесі­нің 8-ші отырысының қоры­тын­ды хат­тамасы қабылданады деп күтіліп отыр. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.