Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА-ның 17 сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес, ғылыми-сараптамалық кеңес қызметін күшейту, Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу бойынша арнайы орталығын құру мәселелері талқы таразысына түсті.
Отырысқа Ассамблея кеңесінің мүшелері, еліміздің орталық мемлекеттік органдарының басшылары, ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, этносаралық қатынастар саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
Жиын барысында сөз алған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев өзінің сөзінде «бүгінгі таңда елімізде Елбасының сенімді стратегиялық және қалтқысыз қызметінің арқасында әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері шешіліп отырған Қазақстанға қоғамдық даму үдерістерін, оның ішінде этносаралық және дінаралық қатынастарды ғылыми тұрғыда сараптаудың инновациялық тәсілдері қажет», – деп атап өтті. Оның айтуынша, ғылыми-сараптамалық кеңес және конфессияаралық қатынастарды зерттеу бойынша құрылатын орталық басқа ғылыми-талдау ұйымдарымен бірге этносаралық қатынастар саласындағы іргелі, әсіресе, қолданбалы зерттеу жұмыстарын қамтамасыз етуі қажет.
«Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл. Тарих үшін 20 жыл деген қас қағым сәт. Біз осындай қысқа мерзімде өркениетті ел ретінде әлемге танылдық. Қажыр-қайратымыз арқылы жаңа мемлекеттен озық ойлы қоғам құрдық. Осы алға басудың алғышарты халқымыздың сүттей ұйыған бірлігі мен этностар арасындағы ынтымағы. Әлемге Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісімен танылдық. Сондықтан, қалыптасқан қазақстандық этностық қоғамның бүгінгі күнгі дамуын зерделеу, конфессиялық ағымдардың бағыт-бағдарын анықтау, үйлесімділігін алдын-ала болжау жұмысын қолға алғанымыз дұрыс. Қоғамдық келісімді сақтап қалу үшін бүгінгі таңда ғылыми негіздемелер мен зерттеулер қажет»,– деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыс барысында қоғамның интеллектуалдық ауанын қалыптастырып, ол үшін этносаралық қатынастарға ғылымның белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі де атап өтілді. Қатысушылар пікірінше, адамдардың арасындағы қатынастарды, яғни этностар арасындағы қатынастармен ұлтаралық келісімді дамыту бағытында мұндай орталық ашудың маңызы зор. Қазақстан көп этносты ел. Сондықтан, бұл орталық тіл, дін, мәдениет, рухани салаларды жандандыру, әсіресе жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін үлкен рөл атқаратын орталыққа айналуы тиіс деген ортақ ойларын ортаға салды жиынға қатысушылар.
Бұл күні ғылыми-сараптамалық кеңес қызметінің қорытындылары, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясындағы ғылыми бағдарламалар мен зерттеу жобаларын іске асыруда ҚХА-ның министрліктер мен ведомстволармен өзара қарым-қатынасы мәселелері қаралды.
Отырыс соңында мемлекеттік құрылымдар, мүдделі ғылыми және білім беру ұйымдары, этномәдени бірлестіктер үшін ұсыныстар қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.