Алматыда өткен сенбіде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеңейтілген іс-шараның алдында жиынға қатысушыларды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
Кеңес отырысы қазақстандық тараптың төрағалығымен өтті. Жиынды Сыртқы істер министр Ержан Қазыханов кіріспе сөз сөйлеп ашқаннан кейін, делегация мүшелері сөз алды. ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің ұйымның 2010-2011 жылдардағы жұмысы туралы баяндамасы тыңдалып, қолдау тапты.
Ержан Қазыханов отырыс аясында бірқатар шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың арасында Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан сыртқы саясат ведомстволарының басшылары болды. Кездесу кезінде министрлер екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен келешегі төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, Астанада өткізілетін ШЫҰ-ның мерейтойлық Саммитіне дайындық мәселелерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен бірлестіктер аясындағы өзара іс-әрекеттің өзекті қырлары бойынша ортақ келісім түйінделді. Күн тәртібіне аймақтық қауіпсіздік мәселесі де шығарылып, ол да кеңінен талқыланды. Әсіресе, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс және Ауғанстандағы жағдайларға баса назар аударылды.
Сөз реті келгенде атап өтетін жәйт, биылғы жылдың маусым айында, анығырақ айтқанда, ШЫҰ Саммиті қарсаңында ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға ресми сапармен келмек. Міне, осы жоғары деңгейдегі ресми сапарға дайындық барысы туралы да екі елдің министрлері пікір алмасты. Осы орайда Ислам конференциясы ұйымына біздің еліміздің алдағы төрағалығы жөнінде де әңгіме қозғалды.
Биылғы жылдың 15 маусымында Астанада өткізілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының он жылдығына арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті жиынында, негізінен алғанда, ШЫҰ-ның әлемдік және аймақтық деңгейдегі рөлін одан әрі арттыру мәселелері кеңінен сөз болмақ. Әрине, бұл орайда, ШЫҰ аясындағы көп тармақты өзара тиімді әрі ықпалды ынтымақтастықты нығайтудың қажеттігі туралы ортақ пікір көрініс табады деп күтілуде және де кездесуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының өткен жылдың 10-11 маусымында Ташкент қаласында ұйымдастырылған басқосуынан кейін бірқатар жұмыстар атқарылғаны атап көрсетілді.
– Көпшілікке белгілі, бұдан он жыл бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы қабылданған шешім шын мәнінде ең маңызды стратегиялық таңдау болып табылады. Ал бұл таңдаудың басты мақсаты ШЫҰ аймағындағы тұрақтылық және бейбітшілікті сақтауға, өзара тиімді ынтымақтастық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстан туындап отыр. Бір жағынан қарағанда, он жыл тарихи өлшем бойынша тым көп мерзім емес. Дегенмен де, осы уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы тұтастай алғанда ынтымақтастықтың қалыптасуы мен орнығуының табысты жолдарынан өтті. Анығырақ айтқанда, қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық салаларда саяси-дипломатиялық өзара әрекеттестікке арналған мықты көпір салынды. Ең бастысы, ШЫҰ аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосып отырған маңызды форумға айналды, – деді министр өз сөзінде.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының бұл пікірін Сыртқы істер министрлері кеңесіне келген делегация басшылары да қызу қолдады. Мәселен, делегация басшыларының есептеуінше, «қазіргі жағдайда ұйымға мүше мемлекеттердің қысқа және ұзақ мерзімді түпкілікті мүдделерін түбегейлі түрде қамтамасыз ету аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл ұйым аумағында туындаған алуан түрлі қауіп-қатерлерге қарсы уақытында әрекет етуге мүмкіндік береді».
Кеңейтілген жиында, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қырғызстанға қаржылай және гуманитарлық көмек көрсетудегі ауқымды үлесі мен бұл елде орын алған күрделі жағдайларды қалпына келтірудегі рөлі де назардан тыс қалмады.
«Қазақстанның пікірінше, бүгінде және келешекте ШЫҰ өз жұмысын негізгі үш түрлі бағыт – қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық бағытында жүргізетін болады», деп атап көрсеткен Ержан Қазыханов ШЫҰ-ның әскери блокқа айналмауы қажеттігін де ескере кетті. Мұндай нәтижеге жету үшін, деді өз сөзін одан әрі жалғастырған министр, оның қызметі үшінші елдерге және де өзге ұйымдарға бағытталмауы тиіс. Бірақ, лаңкестік ағымдар, яғни терроризм, экстремизм, сепаратизм мен ұйымдасқан қылмыс, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты қатерлер мен күрестегі ынтымақтастықты қолдау өзекті күйінде қала береді.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінде, әсіресе, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мәcелесіне баса назар аударылып, оның қарқынын күшейтудің өзектілігіне екпін түсірілді.
Министрлер кеңесінің отырысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы М.Иманалиев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлер кеңесі құптаған ұйым хатшылығы жұмысының өткен жылғы есебін жиналғандарға ұсынды. Министрлер басшылары кеңесі жиынында ШЫҰ-ға мүше ел мәртебесін алу мақсатында өтініш білдіруші мемлекеттің міндеттемелері меморандумының жобасы да қолдау тапты. Мұнымен қоса делегация басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының БҰҰ мен ШЫҰ-ның ынтымақтастығы туралы қаулысы қабылдануын да қызу құптады. Қорытындысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында ШЫҰ онжылдығының Астана декларациясы, 2011-2016 жылдардағы есірткіге қарсы стратегия мен оны жүзеге асырудың іс-шаралары бағдарламасы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының күн тәртібі жобасы және басқа да бірқатар құжаттар бар.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте келелі басқосу қорытындыларын тілге тиек еткен Е.Қазыханов пен М.Иманалиев «Қазақстанның ШЫҰ аясындағы іс-қимылын сыртқы саясаттағы басты басымдықтың бірі» деп есептейтіндіктерін атап айтты. Е.Қазыханов Қазақстанның ұйым төрағасы ретіндегі қызметін өз әріптестерінің жоғары бағалағанынан да хабардар етті.
ШЫҰ Бас хатшысы М.Иманалиев өз кезегінде ұйымның өзінің мерекелік Саммитіне толысқан және беделді халықаралық құрылым ретінде келіп отырғанын жеткізді.
Қорыта айтқанда, Астана Саммитінде маңызды шешімдер қабылданатындығына сенім мол, ал мұның өзі ШЫҰ дамуы жаңа кезеңінің негізін қаламақ. Әрине, бұл орайда ШЫҰ-ға мүше елдердің мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап қалу болашақ ұрпақ мүддесі үшін өте маңызды. Басты тұжырым да осы.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.