Мәскеуде тұратын отандасымыз – көп жылдар бойы Ресей Мемлекеттік Думасының Ұлттар істері комитетінде аппарат басшысы лауазымында болған, қазір осы Комитет төрағасының кеңесшісі қызметін атқаратын саяси ғылымдар докторы, белгілі қоғам қайраткері Раушан Қанапиянова Мәскеу жұртшылығына, Ресей қазақтарына жақсы танымал. Раушан Мұсаханқызының білімі мен білігі, өмірлік тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті ресейлік қазақтардың қоғамдық ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, жандандыруға елеулі ықпал етіп келеді. Ол сонымен бірге біраз жылдан бері әйелдердің түркі тілдес халықтардың дәстүрлерін сақтауға жәрдемдесетін өңіраралық қоғамдық ұйымын басқарады. Бұл 1998 жылы Мәскеудегі және Якутияның Мирный қаласындағы қазақ әйелдерінің бастамасымен дүниеге келген ұйым.
Аталған ұйымның айтулы жобасы деп жылма-жыл дәстүрге айналған ұлттық костюмдер сәнінің халықаралық конкурсын айтуға болады. «Бұл конкурстың мақсаты, – дейді Раушан Қанапиянова – киімдегі һәм тұрмыстағы ұлттық дәстүрлерді тереңірек зерделеуге, әртүрлі халықтардың мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылықты қалыптастыруға, сан алуан мәдениет түрлерінің өзара тоғысуы мен дамуына ықпал ету. Этностың қазіргі заманғы жоғары сән үрдістерімен ұштасқан дәстүрлі киімдерінің сан алуан бағалы үлгілерін көрсету».
Екі күнге созылған биылғы конкурстағы жеңімпаздар жайына келсек, бірінші орынды Адыгей Республикасының, екінші орынды Абхазияның, үшінші орынды Чешенстанның шеберлері жеңіп алды. Әртүрлі аталымдар бойынша алғашқы үштікке көтерілген сәнгерлер арасында Мәскеудің, Улан-Батор қалаларының, Хабаровск өлкесінің, Мордовияның, Адыгейдің, Бурятияның, Өзбекстанның, Түркіменстанның, Саха-Якутияның, Арменияның және т.б. өңірлердің өкілдері бар.
Аталмыш конкурстың «Халықтық дәстүрлерді мұқият сақтағаны үшін» деп аталатын арнаулы жүлдесіне Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласындағы Х.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен келген Мәриям Езиева ие болып, осы оқу орнының бірнеше студенттеріне дипломдар тапсырылды деп хабарлады конкурсты ұйымдастырушылар.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, Мәскеу.