18 Мамыр, 2011

Мұнай министрінің қайда екені белгісіз

333 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ливияның мұнай өнеркәсібі министрі Шукри  Ганем елден қашып кеткен. Бұл жөнінде Рейтер агенттігі осы елдің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпараттарға сілтеме жасай отырып хабарлады. Осының алдында «Аль-Жазира» телеарнасы министрдің Ливиядан тысқары жерге кеткенін хабарлаған болатын. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Шукри Ганем көтерілісшілер жағына шыққан көрінеді. Қазірге оның қайда барып, бой тасалағаны нақты анықталған жоқ. Министр бұл қызметке 2006 жылы тағайындалған еді. ОПЕК-ке мүше елдердің кездесуінде Ливияның өкілі ретінде қатысып келген-ді. 68 жастағы Шукри Ганем бұған дейін Халықтық комитеттің бас хатшысы (премьер-министр) лауазымын атқарған екен. Португалияға 78 миллиард евро бөлінеді Еуропалық одақ елдерінің қаржы министрлері Португалияның мемлекеттік қарыздарын жабу үшін осы елге кредит бөлуді мақұлдады. Оның жалпы көлемі 78 миллиард евроны құрайды. Франс-пресс агенттігінің хабар­лауын­ша, Португалия үкіметі бұл кредит үшін бюджет тапшылығын қысқарту жөнінде бірқатар шаралар қабылдауы тиіс. Яғни, 2011 жылы бюджет тапшылығы елдің ІЖӨ-нің 5,9 пайызын, 2012 жылы – 4,5 пайызын, ал 2013 жылы – 3 пайызын құрауы қажет. Португалия евро аймағындағы мемлекеттік қарыздарды жабуға кредит сұраған үшінші мемлекет болып отыр. Бұған дейін 2010 жылдың көктемінде Грекия 110 миллиард, өткен жылдың қазанында Ирландия 85 миллиард евро алған еді. Украина үшін Ресей газы – қымбат «Корреспондент.net» агенттігінің таратқан ақпа­рат­тарына қарағанда, Украина осы жылдың екінші жартысынан бастап Ресей газын сатып алудан толық бас тартуы мүмкін. Мұны Украина премьер-министрі Николай Азаров мәлімдеген. «Біз 2011 жылдың екінші жартысында Ресей газын бірінші жартыжылдыққа қарағанда едәуір аз сатып алатын бола­мыз. Өйткені, оның бағасы тым қымбат», деп атап өтіпті ол мәлім­де­ме­сінде. Украина энергетика министрлігінің жаса­ған бол­жа­мын­­ша,  украиндар үшін үшінші тоқсанда Ресей газы­ның 1 мың текше метрі 350 долларға дейін, төртінші тоқсанда 400 дол­ларға дейін көтерілуі мүмкін. Ал қазіргі кезде Украина Ресей газының 1 мың текше метрін 296 доллардан сатып алып келеді. Қала тұрғындары түгел көшірілді Канаданың Альберт аталатын про­винциясында табиғи өрт сал­дары­нан жергілікті билік сол маң­дағы Слейв-Лейк қаласының тұр­ғын­дарын түгелдей басқа жерге кө­шіруге мәжбүр болды. Ассошейтед пресс агенттігінің ақпаратына қар­а­ғанда, бұл елді мекенде 7 мыңға жуық адам тұрады. Жел көтерген өрт қаланы екі жағынан қусырған. Соның салдарынан қаланың айналасындағы 17 мың гектар орман алқабы жанып кеткен. Қала басшысы Карина Пиллей-Киннің мәлімдеуінше, Слейв-Лейк қаласындағы ғимарат­тар мен тұрғын үйлердің үштен бір бөлігі отқа оранған көрінеді. Қала тарихында мұндай қиын жағдай болмаған екен. Жергілікті ресми органдардың айтуынша, өрттің шығуына аптап ыстық пен үдей соққан жел себеп болған. Террорлық әрекеттердің алдын алды Франс-пресс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ирландия полициясы ел астанасы – Дублин қа­ла­сының маңында жоспарланған террорлық әрекет­тің алдын алған. Полицияның мәліметтері бойынша, бомба Мейнут елді мекеніндегі автобусқа қойылған. Сондай-ақ, екінші бомба Инчикор қаласынан да табылған. Террорлық әрекеттердің Ұлыбритания ханшайымы Елизавета ІІ-нің Ирландияға сапармен келуіне бір күн қалғанда алды алынған. Кеше белгілі болғанындай, Лондонның орталығында да жарылыс жасау дайындалған екен. Солтүстік Ирландия Біріккен ко­роль­діктің құрамынан әлі шыққан жоқ. Сондықтан болса ке­рек, Лондон мен Дублин арасындағы қатынас онша жақсы емес. Бақылау-тексеру бекетіне шабуыл жасалды Америкалық әскери тікұшақ Пәкстан шекарасына еніп, оқ жаудырды. Соның салдарынан екі әскери жарақат алған. Бұл жөнінде кеше Рейтер агенттігі хабарлады. Пәкстандық арнайы қызмет орындары­ның келтірген мәліметтері бойынша, 17 мамырда ертеңгілік әскери тікұшақ Солтүстік Вазиристан провинциясы аумағындағы бақылау-өткізу бекетіне шабуыл жасаған. Ал пәкстандық әскерилер оған қарсы автоматтан оқ жаудырған. Сондай-ақ, Мираншах қаласындағы әскери базадан бірнеше тікұшақ әуеге көтерілген. Ауғанстан тарапы бұл оқиға жөнінде ешнәрсе білмейтіндерін алға тартуда. *** Қысқа қайырып айтқанда: «Алтын» компаниясының вице-президенті Антонина Бабосюкті қамаудан босатып алу үшін оның ағайын-туыстары 30 миллион рубль жинап, Ресей жоғарғы сотының есеп-шотына аударды. Ливияның астанасы – Триполиді бомбалау кезінде шыққан өрттен қаладағы қауіпсіздік қызметі мен жемқорлыққа қарсы басқарманың ғимараттары жалынға оранды. Халықаралық валюта қорының басшысы Доминик Стросс-Кан Райкерс Айленд аралындағы түрмеге ауыстырылды. Литва билігі Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцинді наградтауы мүмкін. Осындай ұсыныспен елдің сыртқы істер министрлігі шығып отыр. Қытайдан Санья – Новосибирск бағыты бойынша ұшып келе жатқан шартерлік «Боинг-759» жолаушылар ұшағы апатты жағдайда Красноярск әуежайына қонды. Оның бортында 223 жолаушы және 8 экипаж мүшесі болған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.