Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз өкімімен бірқатар қалалар мен аудандар әкімдерін ауыстырды. Тарбағатай ауданы әкімі қызметін атқарып, өткен жылғы су тасқынын жоюдағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Манарбек Сапарғалиев енді экономикасы өрлеген Риддер қаласын басқармақ. Ал Тарбағатай ауданының әкімі болып бұған дейін облыстық құрылыс басқармасы қызметінде ысылған, осы жердің тумасы Ерлан Текешев тағайындалды. Өңір басшысы еке-уін мәслихат депутаттарының алдында таныстырған кезде жаңа кадрлардың іскерлік қасиеттеріне тоқталып, оларға жаңа міндеттер жүктеді.
Ұзақ жылдар Семей қаласы әкімінің орынбасары болған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков Абай ауданының, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары болған Қалихан Байғонысов Бесқарағай ауданының, Григорий Акулов Бородулиха, ал Амангелді Тоқтаров Шемонаиха ауданының әкімі болып тағайындалды. Сондай-ақ Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған Серікқазы Оразалиев облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметін атқарады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы.